• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2015

Өткенсіз болашақ жоқ

670 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде  ядролық қаруға қарсы Халықаралық Невада-Семей қозғалысының 25 жылдығына арналған «Вспоминая, думай о будущем» атты кітаптың тұсаукесері өтті.  Шараны ҚазҰУ  ректоры Ғалым Мұтанов ашты. Ол қазақ елінің ықылым заманнан-ақ небір нәубет, зұлматты бас­тан өткергендігін, Семей полигонынан зардап шеккен жанкештілердің тек құрметке ғана лайық екендігін айта отырып, Халықаралық Невада-Семей қозғалысының ЮНЕСКО-ның шешімімен  «Әлем естеліктері» атты Әлемдік реестрге енгенін мақтанышпен тілге тиек етті. Ядролық сынақ бейбіт күнде сан мың адамды жалмады. Радиацияның кесірінен жарты миллионнан астам адам зардап шекті. Мыңдаған адамды денсаулығынан айырып, өміріне қауіп төнді. Бүгінде ядролық тозақ отынан тірі қалып, арамызда жүрген бауырларға қарасу, әлеуметтік көмек көрсету, оларды дәріптеу, өскелең ұрпаққа ұлықтау – біздің азаматтық парызымыз. «Вспоминая, думай о будущем» атты кітаптың авторлары – осы  Семей полигонынан зардап шеккен жандар, жылдар бойы дамылсыз ажал сепкен аждаһаның аузына мәңгілік құм құйғандар. Олар қашанда құрметке лайық, мақтауға емес, мақтануға тұрарлық десек артық айтқандық емес. Сондай-ақ, жиын барысында осы кештің өтуіне ұйытқы болған «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі, белгілі публицист, дип­ломат, қоғам қайраткері  Олжас Омарұлы:  «Бүгін еліміздің ең беделді жоғары оқу орнында рес­публика бойынша алғаш рет лингвистикалық ғылыми-зерттеу орталығы ашылып отыр. Біз бас қосып отырған «Вспоминая, думай о будущем» атты кітапты жазуға атсалысқандар – «Невада-Семей» қозғалысын көргендер, тікелей қатысушылары», – деп атап өтті. Кеш барысында жазушы, әде­биеттанушы, Қазақстанның қоғамдық-саяси қайраткері Олжас Сүлейменовтің шығар­машылығы да назардан тыс қалмады. Фило­логия, әде­биет­тану және әлем тілдері фа­культетінің 3-курс студенті Сәкен Есенгелдиев ақынның «Адамға табын, жер, енді» өлеңін жатқа оқыса, журналис­тика факультетінің 3-курс сту­ден­ті Арман Құдайберген өз шы­ғармашылығынан «Арнау» өлеңін жолдады. Жұлдыз ӘБІЛ. Алматы.