ҚАҺАРМАН ҚҰРЫШКЕР
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ: …Қазақстан Магниткасының байырғы болат балқытушысы Сіз Қазақстан металлургиясының көзі тірі символы болып табыласыз, Сіздің қажырлы еңбегіңіз бен дана сөзіңіздің арқасында бүтіндей бір сала көтерілді және осы сала мамандарының бірнеше буыны тәрбиеленді. _________________________ Сәбит БЕКСЕЙІТ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Жастайыңнан жетелеп серт пен сенім, Жұмыспенен жанкешті ерте есейдің. От перісі – Исатай қолдағандай, Өмір бойы от көсеп, шоқ төсендің. Қара жұмыс қатайтып қабырғаңды, Бұғанаңды бекітті – шамырқандың. Көріп өстің аялы алақанын Еламан мен Алтынбек ағалардың. Әңгімені бастасам мен әріден, Пәрменді істер күтеді ерден дәрмен. Өзі көрсе таң қалып қарар еді Мартен пештің атасы – Пьер Мартен. Шартарапқа тысқары дүбір кеткен, Есіміңді атайды шын құрметпен. Тұңғыш болат балқыма шалқып аққан, Жаңа мартен пешін сен дүрілдеткен. От-жалынның сақырлап лебі шапшыр, Күн табындай алауы бетті шымшыр. Сом болатты сапырып бал қаймақтай, Ел науасын толтырдың елу бір жыл. Асау аттай бұлқынған тылсымды күш, Тілмен айтып жеткісіз бір құбылыс. Ауыздықтап осынау ғаламатты, Арғын аға, ожаумен құйдың құрыш. Табаныңның білінсе тайпалғаны, Тағылымның бойдағы байқалғаны. Арғын аға, Нар аға, – дейді кіші, – Қара металлургия майталманы. Ұштасатын жастардың ой-тілегі, Болатшының беделі жойқын еді. Ізбасарлар, ішінде жас Сұлтан бар, Саған қарап талпынып бой түзеді. Төзімділік, қайсарлық, мақсаткерлік, Қанатымен арманның аңсатты ерлік. Жетпісіңе жеткенше қол үзбеуді Кәсібіңнен сүйікті – ғажап көрдік. Басқа кәсіп, нәсіпке қызықпадың, Ұл-қызыңа сол жайды пысықтадың. Магниткадай жылы ұя, Отты ошақтың, – Отбасына тарады ыстық табы. Жиі айтылса хас ердің ардақ аты – Тигендігі еліне шарапаты. Түйінді сөз тобықтай – Саған лайық Қазақстанның жоғары марапаты!
•
03 Шілде, 2010
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы
518 рет
көрсетілді