• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
06 Шілде, 2010

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ: ОЛ ПРЕЗИДЕНТТІК ЖҰМЫСҚА ДАЙЫН ТҰРҒАН ЕДІ

653 рет
көрсетілді

(Сауытбек Абдрахмановтың сұрақтарына жауап) – Осыдан төрт жыл бұрын газетімізде Сіздің ме­рей­тойыңызға байланысты “Менің досым Олжас ту­ра­лы сөз” деп аталған құттықтау жарияланды. Құт­тық­­тауға ешқандай лауазымсыз, жай ғана “Нұрсұлтан Назарбаев” деп қол қойылған болатын. Сол құт­тық­тау авторының өзі де енді мерейтойлық жасқа келіп қал­ды. Сіз өз құттықтауыңызға қандай тақырып қоясыз? –  Құттықтауымды “Қымбатты досым!..” деп бас­таймын. Біздің өзара қарым-қатынас­тары­мыз­ды жұрт жиі айтатындай мағынада достық деу қи­ын болғанымен, қырық жылдан астам та­ныс­­тығымыз маған сөзімді осылай бастауға мүм­­кіндік береді. Нұрсұлтан Әбішұлы билікте жүргелі талай жыл. Бұл биіктегі кісі­лер­де кәдуілгі адамдық сезімдердің өзі мемле­кет­тік сипатқа ие болып кетеді. Ал мемлекетте достар болмайтыны, тек мүдделер болатыны белгілі. Мен мұны баяғыда-ақ түсінгенмін, со­ның арқасында біздің қарым-қатынастарымыз салиқалы, біркелкі қалыптасқан. Біз жылына бір немесе екі рет, көзбе-көз әңгімелесу қажет бол­ғанда кездесіп тұрамыз. Көбіне жазбаша тіл­десеміз. Қызмет бабындағы қабылданған тәртіп тіке жазуды көтере қоймайды, егер кейінге қалдырмайтындай мәселелер болса менің жазған хаттарым өзінің жөнімен жүріп, Сыртқы істер министрлігіне, Мемлекеттік хатшыға же­те­ді де, Президент кеңсесіне түседі. Кейде ой-ұсыныстарым менің баспасөздегі жария­ла­ным­дарым арқылы тиісті жеріне барады. Ең керек дегендері Президент үстеліне де қойылады. Оларға қайтарылған жауаптарды, әдетте, қоғам­дық өмірде жүзеге асқанынан біліп жатамын. – Біз жақында өзіңізбен көлемді сұхбат жасап, осы газетте жарияладық қой. Сол сұхбаттан кейін көп ұзамай Сіз Президент қабылдауында болдыңыз. Әңгіме барысында Елбасы сұхбатты есіне алған жоқ па? – Нұрсұлтан Әбішұлы сіз жасаған ол сұх­батты оқығанын айтты. Жақсы пікір білдірді. – Сіздер алғаш рет қашан кездескен едіңіздер? – Жадым жаңылыстырмаса, 1967 жылдың қарашасында, Мәскеуде. БЛКЖО Орталық Комитетінің октябрь революциясының елу жылдығына арналған пленумы болды ғой деймін. Пленумға біздің комсомолдың бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков бастаған Қазақ КСР делегациясы да қатысқан. Оған Мәскеуде сол мерейтойға байланысты КОКП Орталық Комитетінің бюросы мәртебесі мен материал­дық мазмұны Мемсыйлықпен тең түсетін жаңа сыйлық – Ленин комсомолы сыйлығын белгілегенін хабарлапты. БЛКЖО Орталық Ко­митеті бюросының шешімі бойынша лауреат атағын алған алғашқы совет ақыны О.Сүлейме­нов болыпты. Сыйлық екі күннен кейін, салтанатты жағдайда тапсырылып, бүкіл Одаққа телетрансляция жасалады екен. Енді лауреатты табу керек. Алматыға телефондайды, мұндағы­лар өзінің жазушылық жұмысының жайымен Мәскеуге кеткен дейді. Жәнібеков  Нұрсұлтан Назарбаевқа тапсырма береді – “табу керек, осы жерге жеткізу керек”. Сан миллион адам тұра­тын Мәскеуде, ақын адам үшін сайран құратын жер жетіп жатқан алып қалада Темір­таудан келген іскер делегат мені тауып алды, сөйтіп біз сыйлық тапсыру рәсіміне үлгердік. Өзбекәлі Жәнібеков кейін сол жағдайды талай рет еске алды, “Лауреат сыйлық тапсыруға үлгермегенде  Қазақстанның жақсы атына нұқ­сан келер еді”, дейтін. Менің ойымша, сол бір қатардағы жағдайдың өзінде жас Назарбаевтың қарым-қабілеті, кейін басқа да қасиеттеріне қосыла келіп, оның қызмет бабында өсуіне көмектескен жауапкершілікті сезінуі мен ширақтығы көрініп тұрды. Әрине, кейіннен ол қасиеттер басқаша ауқымда көрінді. – Нұрсұлтан Әбішұлы кеңес кезеңінде Қазақстанның саяси элитасында несімен ерекшеленетін? –  1979 жылы ол Орталық Комитеттің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы, Бюро мүшесі болып сайланды. 1984 жылы Бәйкен Әшімұлын Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметінде ауыстырды. Содан 1989 жылға дейін, бес жылдың ішінде республика шаруашылығын басқарудың үлкен тәжірибесіне ие болды, мұндай тәжірибе жаңа мемлекеттердің партиялық жұмыс стажынан басқа ештеңесі жоқ болашақ президенттерінің кейбіріне жетіспей жатты. Революцияшыл тобыр ғылыми институттар кабинеттерінен суырып шығарған жаңа жетекшілер жөнінде тіпті айтар сөз жоқ. Жетекшілердің басқару тәжірибесінің болмауы республикалар мен халықтар тағдырына қатты әсер етті. Біздің Президентіміз хатшылық қыз­метке дейін металлургия комбинатында қайна­ған цехтағы жұмысшыдан бастап, сол кездегі КСРО-да болатын мансап баспалдақтарының бәрінен өтті.  Комсомолдық жұмысты қалалық ұйымда, партиялық жұмысты Қарағанды облы­сында танып-білді. Кадрлар даярлаудың кеңестік жүйесінен көп пайдалы нәрсе алуға болады. Әйтеуір, өз басым жүйенің баспалдақтығын жүрдек лифтімен алмастыра салу жөнсіз деп білемін. Мансап баспалдағымен жайлап жоғары өрлейтін мамандардың орнына “жас менеджерлерді” аспандата көтеру әуелгі бетте, бәлкім, орынды да болған шығар, бірақ қазір ондай қажеттілік жоқ деп сенгім келеді. – Қай деңгейдегі бастық болса да өзіне басы бүтін берілген қызметкерлерді бағалайды. Кейбір қызметшілердің мансапта мызғымай тұрып алатынының бір себебі осы шығар? – Қызметкердің басшыға адалдығының басты дәлелі оның кәсіби деңгейі. Ал егер ол сөз жүзінде ғана адал болып, іс жүзінде өзінің негізгі шаруасын нашар орындаса, онда, шынтуайтында, өз басшысын сатып кеткендігі. – Сіздің ойыңызша, мемлекеттік қызметкерге жауапкершілік пен ширақтықтан, әрине, оған қоса кәсіби білімнен басқа, қандай қасиеттер қажет? – Міндеттілік. Бір кезде міндеттілік индексі деген термин енгізіліп, ол индекс кадрларды жоғарылату кезінде ескеріледі ғой деп ойлай­мын. Егер сенің жеке ісіңдегі “міндеттілік ин­дексі” бағанында бестіктен гөрі нөлге жақындау сан тұр­са, онда өсемін деп өңмеңдемейсің. Міндеттілік – уәдені орындаушылық, сөзге берік­тік. Бұл – мем­лекеттік қызметкердің кәсі­билігінің негізгі бел­гі­лерінің бірі. Біріншісі, әри­не, өз мамандығын тамаша меңгеруі. Мін­деттілік депутаттарға керек: олар сайлаушыларға көп уәде беруге тиіс қой. Мін­деттілік әкімдерге тіпті керек: олар, депутат­тар­дай емес, көзде­гендерін орындауға міндетті. Ал Президенттің міндеттілігінің жөні тіпті бөлекше. 2030, 2020 бағдарламалары, одан берідегі басқа да бағдарламалар – бұлар экономикасы дамыған, осы заманғы мәдениеті бар мықты мемлекет ор­нату жөніндегі оның өзінің жеке және жалпы­ұлттық міндеттемелер. Ант берерліктей мұндай уәделер егер оны жауапты, белсенді, талантты және өте міндеттілікті сезінетін адамдар атқарса ғана орындалады. Президент мерейтойы – мұны жұрттың бәрінің есіне салып қоюға  жақсы ілік. – Тақырыпты жалғастырайық. Сіз әртүрлі елдерде көптеген басшылармен кездескенсіз, сондықтан салыстыруға мүмкіндігіңіз бар. Президентіміздің тұлғасынан тағы қандай қасиетті бөле айта алар едіңіз? – “Саясат – мәміле өнері” деген белгілі әрі дәл нақыл Президент Назарбаевты сипаттауға өте дөп келеді. Менің ойымша, бұл өнерді дәл ондай жете меңгерген саясаткерлер аз кездеседі. Оның алғашқы кітабының “Без правых и левых” деп аталуында (қазақшасында “Әділеттің ақ жолы” деп жарияланған – С.А.) центризм филосо­фиясы бейнеленген, ол бұл ұстанымына қазір де адал. Большевиктік “не әрі, не бері!” деген қа­­ғидаттан бойын аулақ ұстауы елімізге бір қиыр­дан бір қиырға шығандап кетпеуге көмектесті. “Не әрі, не бері!” идеологиясы халықтардың арасына, қоғамның өз ішіне, таптар арасына сына қақты, біз мұндай тарихи мұрадан атымен бас тарттық, сонымен бірге кеңестік басқару жүйе­сінен кейбір пайдалы нәрселерді сақтап та қалдық. Мысалы, бұрын демократиялық цен­трализм, кейіннен билік көлбеуі деп аталғаннан бас тартпадық. 1990 жылдың наурызында КСРО халық  депутаттарының ІІІ съезі КОКП моно­полизмімен күресе жүріп, Конституциядан партияның басқарушы және бағыттаушы рөлі туралы бапты алып тастады. Оның орнына тең түсетін, уақыт рухына сәйкес келетін ештеңе таппады, содан барып шын мәнінде биліксіз, иесіз қалу, халық депутаттарының съездері туындатқан шектен шыққан парламентаризм айлар бойы баса-көктеді. Ақыр аяғы анархияға, елдің ыдырауына әкеліп соқтырды. Көше демократиясы сақталып қалған жаңа мемлекеттерде – Грузияда, Молдовада, Әзір­бай­жан­да  ыдырау үдерісі жалғасып жатты, тіпті Ресей­дің өзінде де федерализм дағдарысы бас­талды: Че­шенстан бой көрсетті, Қиыр Шығыс республикасы дегенді айта бастады, кейбір өңірлерде сепаратизм температурасы қатты көтеріліп кетті. Мен салған беттен-ақ оппозициядағы біздің қайраткерлерімізге (олардың арасында Қозға­лыста бірге жұмыс істеген невадалықтар аз емес) олар қайта-қайта үндеп жүрген әкімдерді сайлау Қазақстандай көп этносты мемлекеттің тұтас­тығына зиян дегенді айтып түсіндірумен болдым. Батыс Еуропадағы мемлекеттердің барлығында бірдей мұндай институт орныққан деуге бол­майтынын дәлелдедім. Мысалы, демократия­лы­лығына күмән келтіру қиын Фран­цияда префект­терді Республика Прези­денті тағайындайды. Бәлкім, сондықтан да біздің Конституциямыздың негізіне фран­цуздық нұсқа алынған болар. Мұндағы айтайын дегенім, Назарбаев облыс­тар жетекшілерінің сайлауына жол бермеу ар­қы­лы жас мемлекетті сақтап қалды. Ресей бір­неше жылдан кейін Қазақстан үлгісіне ден қойды да өзін-өзі талқандаудан аман қалды. Нұрсұлтан Назарбаевтың жаппай сайлаушы­лыққа жол бермеуі, сөйтіп қатерлі жар жаға­сына жібермеуі оның саяси кемелділігінің алғаш­қы айқын дәлелі болды. Ол президенттік жұмысқа дайын тұрған еді. Көптеген  заман­дастары, солардың ішінде Горбачев пен Ельцин туралы бұлай дей алмаймын. Біздің тәжірибемізді көршілеріміз, мысалы, сәтсіз президент Бакиевпен күресе жүріп, президенттік институтын толық жоюды, оның орнын парламентаризммен алмастыруды жөн көрген қырғыздар зерттесе теріс болмас еді. “Шектен шыққан парламентаризм” осы елдің түбіне жетеріне күмәнданудың керегі жоқ. Көршілерге бұл жайында референдум алдында Назарбаев ашық ескертті. Медведев те дәл соған жуық сөздер айтты. Бүгінде бүкіл әлем неге Қырғызстандағы оқиғаларға алаңдап отыр? Өйткені, бұл берекесіздік Орталық Азияның талай жеріне тарауы мүмкін. “Толық тәуелсіздік!”, “Демократияны дереу бер!” дегендей революциялық ұрандар көптеген дайындықсыз қоғамдарды сазға отырғызған. Шала туған баланың бәрі бірдей шапқылап кете бермейді. Егер халық бұлдыр болашаққа ұмтылса, әрі ойқы-шойқы жолмен жүрсе, онда асықпаған жөн. Одан да кешігіп барған жақсы. Айқын мақсат анықталғанша, жүрер жолдың барлық бағыттары пысықталғанша, ең қауіпсіз жол табылғанша күте тұрған дұрыс. Бұл орайда маған Түркіменстанның аптықпауы ұнайды. Гуманитарлық көмек Қырғызстанды сақтап қала алмайды. Оны осындай өтпелі кезеңде мемлекет ретінде тек күшті президенттік билік қана сақтап қала алады. Парламент өзінің шаруасымен шұ­ғылдансын – мақсаттың, маршруттың нұсқала­рын талқыласын, билік құруға әрекет етпесін. Назарбаевтың мемлекет құрушы ретіндегі кемелділігінің тағы бір даусыз дәлелін айтайын. Елбасы осы жиырма жылдың ішінде көпэтнос­ты ұлттың бірлігін сақтай білді. Егер біз алдағы кезде де “тауларды тұқыртпай, даланы асқақта­та” алсақ, Қазақстан мығымданады және бейбіт, тыныш өмірдің ең үздік модельдерінің біріне айналады. Осылай еткенде қазақ мәде­ниетінің халықаралық абыройы артады, ұлттық тіл нығайып, жалпымемлекеттік тілге айналады. Тілдің дамуы үшін уақыт керек, ол уақытты тілге Қазақ Республикасы халқының құрамына кіретін басқа этностармен қазақтардың өзара тәуелді қатар өмір сүруі береді. Мемлекетіміз аман болса, тіліміз де сақталып, дамиды. – Қазақстандағы, елден тыс жерлердегі оқырмандар Сізді өз сеніміне адал, нанымын өзгертпейтін адам деп біледі. Мұның өзі жұрттың бәріне бірдей ұнай да бермейді. Кейбір БАҚ-тарда авторлар Сіздің сөздеріңіздің риясыздығына күмән келтіріп жүр. Бүгінгі әңгімемізді де олар назардан тыс қалдыра қоймас   деймін. – Бұл қалыпты жай. Мамыр айында  Алма­ты­дағы студенттермен кездесулердің бірінде зал­дан қол қойылмаған жазба түсті. “Билікті қорғау арқылы сіз өз байлығыңызды қорғайды деседі. Бұл рас па?”, деп жазыпты. Мен оны жұртқа оқып бердім. Сөз арасында өз өлең­дерімдегі “Кочую по черно-белому свету, мне дом двухэтажный построить советуют...” деген жолдарды келтірдім. Қай жылы жазғаным­ды айттым. 1968 жылы жаз­ған едім. Екі қабатты үйді әлі салмағанымды айт­тым. Қазақстанда да, шетелде де. Еш жерде банк­те миллиондық шотым жоқ. Алайда мен расында да бай адам­мын. Менің байлығым – менің Ота­нымның алғаш рет қол жеткізген мемлекеттілігі. Егер ал­данушылардың кесірінен сол мемлекет­тілік­тен бір айырылсақ, ол қайтадан орнамайды. Сондықтан, Тұңғыш Президентті қорғау арқылы мен Қазақстан мемлекетін қорғаймын, біздің ортақ байлығымызды қорғаймын. – Біздің Президентімізге жақында Анкарада ескерткіш  қойылды, кейбіреулер бұл шешімді Астанада Ататүрікке ескерткіш қойылғанына сыпайы жауап қайтару ғана деуге бейім. Бірақ, бұл қадам Түркияның Назарбаевқа бүгінгі Ататүрік ретінде қарайтынын анық көрсетіп тұр. Жалпы, Сіз көшбасшыларға ескерткіш орнатуға қалай қарайсыз? – Қалыпты қараймын. Мұндай ескерткіш­тердің уақыт кеңістігіндегі орнықтылығына қарап түпбейне ұлылығының деңгейін өлшеуге болады. Ататүрік тұлғасы өзінен кейінгі режімдердің бәрінің тұсында өз орнында қала алды, оның ес­керткіштері түркі әлемінің бар­лық мемлекеттері­нің астаналарында қойылып жатыр. Бұл – үй­ренерлік үлгі. Дегенмен, мемлекет құрушылардың ең жақсы ескерткіш­тері – олардың өздері орнат­қан мемлекеттер. Оған қосып айтарым – қалалар. Әмір Темірдің мүсіндік бейнелерін кездестір­меппін. Кездес­тірсем де олардың дәлдігіне сенбес едім, өйт­кені оның суретке салынған бейнелері сақтал­маған. Алайда, оның ескерткіштері асқақтап тұр, олар – өзі тұрғызған Самарқан, Бұқара... Та­маша ғимарат – Қожа Ахмет Ясауи мешіті де Әмір Темір ескерткіші. Олар ғасырлар бойы тұра береді. Ескерткіштерде адамдар өмір сүріп, туып, ғашық болып жатса, нағыз ескерткіш сол. Мұндай ескерткіштер ұмытылмайды. КСРО ыдырағаннан кейін тек бір елде ғана жаңа қала пайда болды. Қала болғанда қандай! Менің ойымша, Астана – планетада ХХІ ғасырда пайда болған алғашқы қала. Осы әлемдік мәр­те­бесіне сәйкес ол Еуропа мен Азия сәулетшілерінің ең соны ойларын жинақтап жеткізіп тұр. Астана он жылдан астам уақыттың ішінде бойын тіктеп алды, енді тағы бір он жыл осылайша қарқынды дамып берсе, қала әбден кемеліне келеді. Елорда – біздің мемлекеттілі­гіміздің символы. Астанадан барлық облыс орталықтары үлгі алып отыр. Мен өткен жылы, биылғы мамыр айында бірнеше облыстарда болдым. Біздің қалаларымыз қандай бой түзеп, асқақтап, сәулеттеніп кетті десеңізші! Далалық өлкедегі қала құрылысының мұндайлық ауқымы мен қарқыны – әлі де көшпелі өмір салтымен толық қоштаса қоймаған халықтың өрке­ниеттік дамуының ең елеулі дәлелі. Сон­дықтан да урбанизация қарқыны билік тарапынан қолдау тауып отыр. Ежелгі данагөйлердің бірі ер кісінің өмірде жолы болғанының белгісі ағаш отырғызғаны, бала өсіргені, үй тұрғызғаны деп айқындаған еді. Президент Назарбаев асқақ аманат арқалады, ол аманат – мемлекет құру, елорда тұрғызу, даланы жасыл желекке бөлеу, халықтың санын да, сапасын да арттыру. Ол қазірдің өзінде көп нәрсеге қол жеткізді, Жаратқан Иеміз жар болып, оған осы аманатты орындай беруіне көмектессін. Әумин. 2010 жылғы 1 шілде, Париж.