• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2015

Ұлы ағартушыға арналған спектакль

428 рет
көрсетілді

*Уәлиханов-180 Биыл  қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, демократ Шоқан Уәлихановтың туғанына – 180 жыл. Қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын айтулы тұлғаның мерейтойына орай Семейдегі Абай атындағы театр мен Ф.Достоевский атындағы театр ұжымдары бірлесіп, «Монолог шепотом» қойылымын сахналады. Пьесаның авторы тарих ғы­лымдарының докторы, профессор, Ерлан Сыдықов.  Сахналаған – Қырғызстанның кинорежиссері Шәміл Жаппаров. Спектакльде Шоқан Уәлихановтың өмірінің соңғы кезеңдері бейнеленген. Көрермендерін бірден ерекше баурап, терең ойға жетелейді. Сахна ортасында өмір талқысынан күйреген ескі дөңгелек тұр. Осы дөңгелекті бірге айналдырамыз деп Шоқанға достары Григорий Потанин, Федор Достоевский және тағы басқалары келеді. Әкесі Шыңғыс келіп, баласын бауырына басады. Шоқан сахнада тұрып, көрермендерге ой түкпіріндегі армандарын ақтарып, қайдан кел­дім, қайда бара жатырмын деген сұрақтарға жауап іздейді. – Қырғызстандық кинорежиссер Шәміл Жаппаров тамаша туындыларымен әлемге танымал, – деді Федор Достоевский атындағы театрдың директоры Яков Горельников. – Біздің шақыртуымызды қабыл алып, тарихшы-ғалым Ерлан Сы­дықовтың пьесасын сахналап отырғанына ризамыз. Ерлан Бәт­ташұлы жаңа қырынан танылды. Пьеса көрермендердің көңілінен шықты. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жыл­дығы, осыған орай түрлі ұлт өкілдері бірігіп, осындай жүрекке жылы, көңілге қонымды рухани дүниені жұрт назарына ұсынып отыр. Шоқанның арғы атасы – қазақтың ұлы ханы – Абылай, Шоқан оның шөбересі. Өз атасы Уәли де хан болған. Ал әкесі Шыңғыс Қазақстанда хандық жүйе жойылып, аға сұлтандықтың енгізілуіне байланысты аға сұлтан лауазымын иеленген. Ауыл мектебінде оқып, арабша хат таныған Шоқан араб, шағатай тілдерін меңгереді. Бұдан кейін оны әкесі сол кезде Сібірдегі ең таңдаулы оқу орны деп есептелінетін Омбы кадет корпусына береді. Зерек те зерделі Шоқан мұнда «екі-үш жылдан кейін-ақ өз сыныптастарынан ғана емес, өзінен екі жас үлкендердің сыныбындағыларды да басып озып шықты», деп жазады өз естелігінде Григорий  Потанин. Шоқан рөлін ойнаған актер Сергей Елеусізов бұл қойылымға ерекше дайындалғандығын айтты. Қойылым соңында спектакльді тамашалауға келген филология ғы­лымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов көрермендердің атынан жүрекжарды лебізін білдіріп, қос театр ұжымына, режиссерге шығармашылық табыс­тар мен жетістіктер тіледі. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА. СЕМЕЙ.