Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Отырыс барысында құрылыс саласындағы жаңа реттегіш құралдар ықпалына жасалған талдаулар нәтижелері қаралды. Бұл жаңа бастама Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен салалық ассоциациялар тарапынан оң қорытындыға ие болды.
Отырысқа қатысушылар келесі реттегіш құралдарды енгізуге қолдау білдірді. Олар: тапсырыс берушінің функциясын жүзеге асыру және құрылыс нысандарын тапсыру бойынша құрылыс жобаларын басқару жөніндегі инжинирингтік компанияларды аккредиттеу; ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен тұрақтылығына техникалық байқауды және техникалық зерттеуді жүзеге асыратын заңды тұлғаларды аккредиттеу; құрылыс және жобалау ұйымдарының инженерлік-техникалық қызметкерлерін аттестаттау жөніндегі мемлекеттік емес орталықтарды аккредиттеу.
Тиісті жағдайлар (өзін-өзі реттеу туралы заңның қабылдануы, жауапкершілікті белгілеу) болған жағдайда аккредиттеудің бұл түрлері келешекте бәсекелес ортаға берілетін болады.
Аталған құралдарды енгізу құрылыс жобаларын басқаруға, техникалық қадағалау мен зерттеу саласына, аттестациялық орталықтар жұмысына мультипликативті әсер беретін болады.