Мен қиындықты көп көрген адаммын. Өмірімнің қиындығы мен қызығының бәрі көз алдымда. Уақыт, шіркін, зымырап өтіп барады. Кейін қалған жылдарға көз жіберсем, балалық шақтағы ауыр кезеңдер қабырғамызды қайыстырса да шыдап, қаршадайымыздан еңбек етіп, аш та, тоқ та болыппыз. Сұм соғыстың зардабын шектік, ағаларымыз бен әкелеріміздің ауыр міндеті біздің мойнымызға түсті. Ұлы Отан соғысының жеңісіне шаттандық. Оқыдық, білім алдық. Арманым актер болу еді, оған да жеттім. Осының бәрі айтуға оңай болғанмен, арада қаншама өмір өткелегі жатыр
Дегенмен, қиын да болса да мағыналы ғұмыр кешкенім үшін тағдырыма ризамын. Өмір дейтін бұралаң жолда қазақтың небір марқасқа азаматтарымен сырластым, шапағатын көрдім, жақсылардан тағылым алдық. Ұлы ұстаздардан дәріс алдық, дүние жалғанның өзім білмеген құпиясын ұқтым. Осының бәрін шағын мақаланың шанағына сыйғыза алар ма екенмін десем де, шама-шарқым келгенше абыз жасқа жақындағанда көрген-баққанымды қағаз бетіне түсіріп отырмын.
Астананың 10 жылдығына байланысты Президенттің мәдени орталығында қазіргі заманымыздың қадірі мен бүлкілін дәл сезінген дарынды ақын Несіпбек Айтұлының көркемдік мазмұны өте жоғары “Бәйтерек” атты поэмасының қойылымы болды. Астананың белгілі артистері қатысты. Мен соның ішінде Жырауды орындадым.
Осы спектакльді Елбасы келіп көрді. Ойынның соңы Нұрсұлтан Әбішұлының сөзіне жазылған Алтынбек Қоразбаевтың әнімен аяқталатын. Қызығы сол, Елбасы әнге қосылып шырқап кетті. Көрермендердің де делебесі қозып, әнді хорға айналдырып жіберді. Сахнада тұрған кейіпкерлер де хорға қосылды. Нұрсұлтан Әбішұлы алғысын айтып, көңіл-күйінің шат-шадыман екенін сездірді. Театр ұжымына риза болып, оның болашағының зор болатынына сенім білдірді. Сонан соң Елбасы микрофонды қолына алып, сахна жаққа қарап: – Дана бабаларымыздың толғауын айтқан Сәбең, Сәбит Оразбаев Әкем театрда елу жылдан астам қызметте келе жатқан ақсақалымыз. Біз Сәбеңмен отыз жылдай араласып, сырласқан жандармыз. Жастық шағымызда тауға да шықтық, күннің батысынан таңның атысына дейін ән шырқадық. Өткен өмірде жақсы сәттерде, қиындық кезеңдерде де бірге болдық. Құдайға шүкір, Сәбең сақал-шашы қауғадай болып, ақсақалдық дәрежеге жетті, – дегені бар емес пе. Бұл мен үшін күтпеген жай болды. Аузым ашылып, не дерімді білмей, рахмет айтқаннан басқа амалым қалмады.
Шынымды айтсам, көңілім күн нұрына бөленгендей сезіндім. Бұл көріністің барлығы біршама уақыттан кейін телеарнадан берілді. Шынында да, Елбасымен бір заманда өмір кешу мен үшін зор мақтаныш. Қазақы уызға мейірі қанған тұла бойында ұлттың ұлы қасиеттері бар, маңдайы жарқырап, көзінен нұр шашқан Нұрекеңмен тағдырдың тоғыстыруын қараңызшы...
Өткен ғасырдың жетпіс төртінші жылы Нұрекеңмен танысқан кезде мен аз да болса атақ-абыройға ие болып, театрдың белді артисі бола бастағам. Оның үстіне телеарнадан үзбей беріліп тұратын “Қымызхана” атты сатиралық қойылым халыққа танымал етті. Араласып жүретін Шаншар Манкеев деген азамат маған телефон шалып, бос болсаң ертең кешкісін үйден шай ішейік дегені бар емес пе. Келісім бердім. Сонымен, қойшы, үйіне кіріп келгенімде маңдайы жарқыраған, қап-қара шашты, нұрлы жүзді жігітке кез болдым. Бұрыннан көріп-біліп жүрген адамдардай амандастық. Шаншар мені таныстыруға ыңғайлана бергенде:
– Бұл кісіні танимын, телеарнадан “Халық қазынасын” жүргізеді. “Қымызханада” әнші жігіт Шөңгебайды ойнайды, – деп өнерден хабардар екенін аңғартты. Ұзақ отырдық. Жай отырғанымыз жоқ, өнер жайлы, “Халық қазынасы” жайлы әңгімелестік. Мен Төле бидің толғауын домбырамен орындадым. Мұқият тыңдап, екінші рет айтуымды сұрады.
– Бұл қазақтың баласы
Тегінде нені көрмеген.
Неше бір жайсаң данасы,
Шешен де болып сөйлеген.
Көсем де болған ойменен.
Бірақ, соның бәрі де
Ыдырап жатқан қазақтың
Қоса алмады бастарын.
Алауыз болып ағайын,
Бейбіт жатқан елімді
Жаулап алып, қор қылды.
Көк атты келіп көлденең.
Мен боламын дегендер
Ақтамады сенімді
Көкірек қаққан хандарым,
Лауазымға таласып,
Быт-шыт қылды елімді,
– деген жерін бірнеше рет қайталады.
Осыдан кейін үстел басында аздап үнсіз отырып қалдық. Одан кейін Қатаған мен Сүйінбайдың айтысынан үзінді айттым. Айтыскер бабаның бар қазақтың жақсылық жағын жеткізе айтып жеңгені жөнінде әңгіме-дүкен құрдық. Сол кездің өзінде Нұрсұлтан Әбішұлының жоғарыдағы тағылымды толғауды соншалықты зерек тыңдағанына қарағанда, бабалар аманатын болашақ бағдарлама үшін көкірегінде сақтаған ба деп ойлаймын. Ойлы толғаулардан кейін біртіндеп әзіл әңгімелерге ауыстық.
Нұрекеңе домбыра ұсындық, керемет даусы да бар екен. Ол кезде айтуға рұқсат берілмейтін, ақталмаған Иманжүсіптің толғауын айтты.
– Мен қалайша бұл елде тұрақтаймын,
Көлге біткен майысып құрақтайын.
Зорлық еткен кәпірдің талайларын
Бақыртып сабаушы едім лақтайын,
– деген шумақтарды үстемелетіп, шабытпен орындап, елжанды, ойлы азамат екенін байқатты. Бірнеше халық әндерін қоса шырқады.
Жақсы бір отырыста көңіліміз шаттанды. Мүмкіндік болса Арқаға, Қарағанды қаласына келіңіз деп қонаққа шақырды. Бір бірімізге ризашылық білдіріп тарадық.
Көп ұзамай Қарағанды қаласына жолым түсіп, барған соң уәде бойынша хабарластым. Қуанышты дауыспен Теміртауға шақырды. Ертеңіне күндізгі сағат екілер шамасында қонақ үйдің алдына жеңіл мәшине да келді. Сонымен Теміртау қайдасың деп тартып кеттім. Қарапайым екі қабатты үйдің жоғарғы қабатына көтеріліп, үйге кірдім. Нұрекең қарсы алып, жұбайы Сарамен таныстырды. Үй жиһаздары өте қарапайым, таза, рет-ретімен жиналған. Бір байқағаным, сапалы дыбыс жазатын сол заманның магнитофонын, радио аппараттарын дайындап қойыпты. Үстел мен орындықтардың санына қарағанда, қонақтар біраз болуы керек деп шамаладым. Бұлай болса ертерек келіп қойған екенмін-ау деп ойланып тұрғанымда, Нұрекең:
– Сәке, кешке Теміртаудың зауытында істейтін азаматтар келеді. Бүгін бір, құдай қаласа, жақсы, есте қаларлықтай қазақы отырыс болады. Ал қазір көлдің арғы жағасына өтіп, саяжайда демалып, суға шомыламыз, – деді.
Келсек арғы жағасы көрінбейтін көлде моторы бар кішілеу қайық тұр. Мотордың тұтқасын ұстап орта жастағы орыс отыр екен. Ол кісі бізбен амандасып, қайыққа отырғызып, қозғала бастады. Көлдің ортасына жақындап қалдық. Аяқ астынан жел тұрып, алдымыздан толқындар пайда бола бастады. Оған да мән бермей ілгері жылжи бердік. Ой, тоба! Бір кезде жел күшейіп, кәдімгідей дауыл болып кетті. Жан-жағымызға қарасақ, жаға көрінбейді. Су шашырап, қайықтың ішіне құйыла бастады. Қатты желдің қай жақтан соққанын да білмейсің. Дауыл қайықтың бағытын өзгерткен сияқты. Орыс “Боже мой!” деп айқайлайды. “Я дурак, я пропал, извините, Нурсултан Абишевич” деп еңіреп жіберді.
– Сәке, суға жүзе аласыз ба?
– Жүземін, – дедім де үстімдегі киімді жылдам шеше бастадым. Қайығымыз қалбалақтап кетті. Орыс шелекпен іштегі суды сыртқа төгуге әрекет жасауда. Ой, жасаған ием, бәле қайда, бассаң аяғыңның астында деген осы. Әп-сәтте дүние төңкеріліп, алай-дүлей болды. Нұрекең де киімдерін шешіп, жүзуге ыңғайланды. Жаға көрінбейді. Мотор баяғыда өшкен. Арт жағымыздағы адам жоқ. Суға кұлаған болуы керек, артынша қылқиып басы көрінді. Үсті малмандай. Айқайлап, жан даусы шығып қайыққа жармасты. Нұрекең желкесінен ұстап алды да қайыққа салды. Өстіп, арпалысып жатқанда аспандағы түнерген қара бұлт сейіліп, табиғат аяқ астынан тыныштала қалды. Кереметін қараңызшы. Ескекпен есіп отырып, кері қайттық. Жаңағы кісі түрткілеп жүріп моторды от алдырды. Жүзіне қан жүгіріп, құдайына құлшылық айтып жатыр. Сонымен бір апаттан аман құтылып, үйге жеттік. Нұрекеңнің құдай қағары бар екен…
Сонымен кешкі қонақтар да жиналды. Беттері нарттай марқасқа жігіттер. Комсомолдан көтерілген, Теміртаудың негізін қалауға атсалысқан, болаттай берік, бойлары шымыр. Дастарқан басында Нұрекеңнің басқаруымен, көңілді жақсы отырыс болды.
Нұрекеңнің бір ғажабы, менің алғашқы кездесуде айтқандарымның бәрі есінде. Бигелді ақыннан айтыңыз дегенде бір досына:
– Саған керек болады, ел басқарып отырсың.., – деп қалжыңдады.
– Бір сырлы болсын жігіт сегіз қырлы,
Сақтасын жатқа шашпай асыл сырды.
Келеді ең әуелі жырға қосқым,
Ән мен күй, жақсы әңгіме, өлең-жырды.
Екінші болу керек жігіт көпшіл.
Кең пейіл болған дұрыс, болмай кекшіл.
Біреуді алыс, біреуді жақын көрмей,
Жұмысы болсын тегіс әлеуметшіл.
...Байқасам қазіргі ел басқарып отырған Елбасымыз дәл осындай. Түннің бір уақытына дейін отырып, көңіл-күйіміз көтеріңкі боп тарадық.
Көп ұзамай Нұрекең сол кездегі астанамыз Алматыға Орталық комитеттің хатшысы болып қызметке көтерілді. Қаншама қиындықтарға кездессе де мойымай, халқы үшін жанын салып еңбек етіп келеді. Ақ ниеті мен сирек қасиеттерінің арқасында заманның заңғар тұлғасына айналды. Кісілігін де, кішілігін де көзіміз көрді. Төрткүл дүниені аузына қаратқан мемлекет көсемдері Елбасымыздың саясатын құптап, ерекше құрмет тұтуы – тарихи құбылыс. Осыншама биікке көтерілсе де Елбасының халқымен дидарласып-араласуы өте қарапайым, жүрегі жылы, баршаға бауырмал.
Былтырғы жылдың күзінде Оңтүстікте Ақдала деген елді-мекенге Тәжітаев Қайрат деген азамат бір гектардан 90-100 центнерден қызанақ алды дегенді естіп, тікұшақпен барған ғой. Ол жерде үнемі жел соғып тұрады. Нұрекең жерге түседі де қып-қызыл боп жатқан помидорды көріп, күтпеген жерден шаң-тозаңды егісті даланы аралап кетеді. Көмекшілердің естері шығып, соңынан жүгіреді. Тіпті тоқтап тұрған комбайнның үстіне шығады... Қара жұмыс істеп шыныққан Елбасының жастық шағы есіне түскен болар. Көзімен көріп көңілі толып, аспай-саспай томат жасайтын зауытпен танысып, адал еңбекпен айтарлықтай табысқа жеткен жандарды құттықтап, рухтандырып, Көксарайға қарай ұшып кетеді. Ол кісі үшін болып жатқан әрбір оңды жаңалық жай нәрсе емес. Сол Ақдаладағы табысты кездесулердің бәрінде үлгі етіп айтып жүрді.
Ел де Елбасының осы ықыласын, кез келген тірлікке ұсақ-түйек деп қарамайтынын біледі. Мемлекет басшысының осындай бөлек болмысының қайтарымы болар, халық да сүйікті Президентімізді шынайы ықыласымен мерейтойымен құттықтап, тілі жетпегендері іштей тілеулес болып отырғанын байқап отырмыз. Елдің көз алдында жүрген азамат болғандықтан, бізге “Егемен Қазақстан” сияқты үлкен мінберден сөз айтудың сәті түсіп тұр.
Адамның табиғаты күрделі. Көпке жағу оңай емес. Көрнекті ғалым, профессор Немат Келімбетовтің “Күншілдік” деген тамаша, терең ойлы кітабын оқып шыққанымда бізде атқарылып жатқан ірі, іргелі істерді ауызға алмайтын, көрмес түйені де көрместің кебін киетін кісілердің дертінің себебін түсінгендей болдым. Мұнда ел басқарған адамның басындағы бағын қызғанудың да әсері бар екен. Бірақ ондайлар көп емес. Халық Президенттің еңбегін көріп отыр, бағасын беріп отыр. Біздің қазіргі табыстарымыздың бәрінің бастауында ел үшін ештеңеден тайынбайтын азаматтың қажыр-қайраты, биік парасаты тұрғаны талассыз.
Иә, уақыт зымырап өтіп жатыр. Ақыл-ойдың кемелденген шағында көш бастап бара жатқан Нұрсұлтан Әбішұлына зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін!
Сәбит ОРАЗБАЕВ, Қазақстан Республикасының халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.