АСТАНА. 21 наурыз. Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтіп жатқан Наурыз мейрамына арналған мәдени шара барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Құрметті қауым, қазақстандықтар, отандастар баршаларыңызды Әз Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Біздің бұл мерекеміз – ата бабамыздан келе жатқан үлкен мереке. Көп мемлекеттер бұл күнді жаңа жыл деп санайы. Біздің тарихымызда бірнеше жүз жылдан бұрын атап, көктемнің алғашқы күнінде ағайындар бір-бірімен қауышып, туысқандар бірін-бірі қыстан шығып көріп, барлық орын алған жаманшылықтарды кешіріп, бірі-біріне көмектесіп, наурыз көже үлестіріп жататын. Біз еліміздің ақ тілекпен, бірлікпен тәуелсіздігін орнаттық. Қазақстанды дүниежүзіне белгілі мемлекет жасадық. Қандай қиын-қыстау заман болса да бірге болып, бірлігімізден ажырамай алға басып келе жатырмыз. Еліміз көркейді, ел ордасы - халықтың, мемлекеттің жүрегі – бүкіл дүниежүзіне белгілі болды», - деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы еліміздің 2050 жылға дейін өсіп-өркендеген 30 дамыған елдің қатарынан көрінуге, «Нұрлы Жол» бағдарламасын орындау мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды.
Н.Назарбаев:« Қазақстан болашақта мұнан да көркейіп, халдықтың жағдайы бұдан да зор болады. Табысты болайық, аман болайық. Наурыз қуаныш, бақыт береке алып келсін!», – деді Н.Назарбаев.
Динара Бітікова.
Дерек, сурет: egemen.kz.