• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2015

Экономикалық өсім биыл да жалғасады

220 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметiнде «Эко­номикалық зерттеулер институты» АҚ президентi Мақ­сат Мұқанов пен аталған институтқа қарасты Макро­экономикалық және қолданбалы экономика-математикалық зерттеу орталығының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Сара Алпысбаева баспасөз мәслихатын өткізді. Шарада әлемдік экономикадағы хал-ахуал сөз болып, еліміздегі дағ­дарысқа қарсы жасалған бағдарламалардың тиімділігі жө­нінде әңгіме өрбіді. «Біздің инс­титут қазіргі заманғы эконо­ми­калық жағдай мен Мемлекет бас­шысының «Нұрлы Жол – бола­шаққа бастар жол» атты Жолдауын жүзеге асыру шараларын күн­делікті талқылап, саралап отыр. Сон­дағы көзіміз жеткені, әлемдік аумалы-төкпелі экономикалық жағ­дайларда Қазақстанның тұрақ­ты даму қарқынын сақтау үшін стратегиялық шешім қабылдау қажет болды. Осы тұрғыда дай­ындалған «Нұрлы Жол» бағ­дарламасы әлемде қалыптасып отырған күрделі экономикалық жағдайда еліміздің даму үдерісіне серпін берерлік жоба десек қате­леспейміз», деді институт пре­зиденті. Оның сөзіне қарағанда, инс­титут ағымдағы жылдың эко­но­микалық өсімі қандай болатынын да болжап қойыпты. «Биыл экономика өсiмi 1,5 пайызды құрайды деп болжап отырмыз. Бұл мұнайдың базалық бағасын ескере отырып жасалды. Бiрақ «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясын­дағы инфрақұрылымдық жоба­ларды жүзеге асыру барысында бұл көрсеткiш тағы да ұл­ғаюы ықтимал. Себебі, «Нұр­лы Жол» бағдарламасы аясын­да­ғы түрлi секторларда – өнер­кә­сiп және әлеуметтiк инфрақұ­ры­лым, көлiктер кешенi, сон­дай-ақ коммуналдық салада бiр­қатар жобалар іске асырылады. Өйткені, «Нұрлы Жол» өзге бағ­дар­ламаларды бiрiктiредi. Бiз­дiң зерт­теулер көрсетiп отыр­ған­дай, көлiк саласына тартыл­ған инвестициялардың экономи­калық тиiмдiлiгi жоғары болмақ. Нақ­ты есепке жүгінсек, әрбiр доллар­дан түсетiн кiрiс бiр жарым долларды құрайды. Оған қоса, инфрақұрылымдық даму са­ла­сындағы зерттеулер көрсеткендей, 1 млрд. доллар инвестиция көлiк секторында 20 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкiндiк бергелi тұр», дедi М.Мұқанов. Ғалымның айтқандары рас болса, аталған бағдарлама инфра­құ­рылымның өзiн ғана дамытып қоймай, жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етедi. Мұнымен бірге, өңiрлердiң өндiрiстiк мүм­кiндiктерiн кеңейтіп, шағын және орта бизнестiң шығындарын қыс­қартады екен. Сондай-ақ, еліміздiң Еуропа мен Азия арасындағы географиялық орнын ескерсек, бағдарлама бойынша транзиттiк мүмкiндiгiмiз еселене артатын көрінеді. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар