Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Қостанай облысында болып, кәсіпорындарды аралады. Ол алдымен облыс орталығындағы «ЕвразКаспианСталь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Баян сұлу» акционерлік қоғамында болды. Бұл кәсіпорынның алғашқысы индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығындағы ірі инвестициялық жоба болатын. Ол құрылысқа қажетті белтемір шығарады, оның өнімі елімізді толық қамтамасыз етіп, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан республикаларына да артылады. Биыл зауыт 365 мың тонна белтемір шығаруды жоспарлап отыр. Ең бастысы, мұнда 256 адам жұмыс орнын тапты. Ал «Баян сұлу» кондитер фабрикасы облыстағы экспорттаушы кәсіпорындардың бел ортасынан ойып орын алады.
Министр сапарының екінші күні Рудный қаласында болып, «Лидер-2010» сүт зауытын және Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің металл илек зауытын аралады. «Лидер-2010» сүт зауыты бұл күнде кәсіпорынның қуатын арттыру бағытындағы жұмыстар жүргізіп отыр. Оның өнімдері Қазақстанның барлық өңіріне жеткізіледі, сонымен қатар көрші Ресейдің оншақты аймағына шығарылады. Үстіміздегі жылдың маусым айында үшінші корпус пайдалануға берілген соң, сүт өнімдерінің түрі көбейеді, сонда елуге жуық түрін тұтынушыға ұсынады. Металл илек зауыты да дағдарысқа қарсы жұмыс істеп отырған жобаның бірі. Мұнда негізінен Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің қажеті үшін металл илек өндіріледі. Сонымен қоса оның он бес пайызы сыртқа шығарылады. Зауытта 500 адам еңбек етеді. Металл илектеу өндірісінің өнімділігі қазір 6 мың тоннадан артық ұлғайды.
Министр Әсет Исекешев дағдарыс кезіндегі өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмыс қарқынын өз көзімен көріп, олардың жоспарларымен танысты. Сонымен қатар, кеңес өткізіп, онда кәсіпорындарға көмек үшін Үкімет тарапынан қандай жұмыстар жасалып жатқанын түсіндірді, осы министрліктің Индустриялық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов. Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовтың 2014 жылғы экономикалық-әлеуметтік даму қорытындылары мен 2015 жылға арналған негізгі міндеттері туралы жұртшылық алдындағы есеп беру жиынына қатысты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай облысы.