Президент поштасынан
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің Қазақстан Республикасы Президентін сайлау жөніндегі бастамасына байланысты хаттар мен жеделхаттар көптеп келуде, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысының атына елдегі кәсіпорындар мен ұйымдардың еңбек ұжымдарынан, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен қарапайым азаматтардан келіп жатқан хаттар легі әлі де жалғасуда. Авторлар Мемлекет басшысының экономикалық дамуға, халықты әлеуметтік қорғауға, қоғамдағы татулық пен келісімге бағытталған саясатын жалғастырудың маңыздылығын атап өткен.
«Семей машина жасау зауыты» АҚ ұжымы республиканың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін әрі қарай да жұмыла жұмыс істеу қажеттігін атап өткен.
«Дәл бүгін бірлік пен тұрақтылықты нығайту аса маңызды, сондықтан біз Сізді ел Президенті лауазымына лайықты кандидат санаймыз. Бүгінгі берекеміз бен болашағымызды Сізбен ғана байланыстырамыз», – делінген хатта.
«Қазақстан электролиз зауыты» АҚ жұмысшылары көрсеткен қолдауы мен қамқорлығы үшін алғыс айта отырып, өздерінің барлық жетістіктерін Мемлекет басшысының атымен байланыстыратынын айтқан.
«Біз Қазақстанды Сіздің басшылығыңызбен жаңа жетістіктер, экономикалық даму және өркендеу кезеңі күтіп тұрғанына сенімдіміз. Мұндай күрделі жолда бізге нақ осындай Президент керек», – деп жазады авторлар.
Еуразиялық Топтың мыңдаған адамды құрайтын еңбек ұжымының мүшелері президенттік сайлау өткізу Елбасының басшылығымен жүргізіліп жатқан экономикалық саясаттың ұзақмерзімділігі мен орнықтылығына деген инвесторлар мен бизнес қоғамдастықтың сенімін арттыратынына назар аударған.
«Сіз жүргізіп отырған саясаттың төңірегінде одан әрі топтасу елдің жүйелі дамуының, барлық қазақстандықтардың бақ-берекесінің кепілі болып саналады», – делінген хатта.
«Шұбаркөл көмірі» АҚ ұжымы сайлау науқанын өткізу Қазақстан қоғамындағы саяси тұрақтылық пен келісімнің сақталуына септігін тигізетінін атап өткен.
«Біз Сіздің саясатыңызды әрдайым белсене қолдадық, Сізге дауыс бердік. Біздің шешіміміз дұрыс болғандығын күн сайынғы жаңғырулар растап отыр», – деп жазады авторлар.
Бұл пікірге ENRC Logistics көлік тобының жұмысшылары да қосылған.
«Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ шахтерлары мен энергетиктері Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асып жатқан еліміздің қарқынды дамуына өз қолдауларын білдірген.
«Сіздің жылдан-жылға жүргізіп келе жатқан көреген саясатыңыздың арқасында Қазақстан бүгінде ТМД елдері ішінде экономикалық өсім мен әлеуметтік кепілдіктер жөнінен көш басында келеді. Сіздің бастамаңызбен елде дағдарысқа қарсы тиісті шаралар қабылданып, инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуда, мыңдаған жұмыс орындары ашылуда. Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясын жан-жақты қолдаймыз», – делінген хатта.
Алматы облысының Мәмбет ауылындағы шаруа қожалығының басшысы Н.Бекешева өзінің отбасы Мемлекет басшысының қызметін толық мақұлдайтынын мәлімдеген және сайлауға қатысады деп үміттенетінін жеткізген.
Алматы облысы үлескерлерінің бірыңғай үйлестіру кеңесінің мүшелері тәуелсіздік жылдарында ел азаматтарының алаңсыз өмір сүріп, мемлекет қамқорлығын сезінгеніне тоқталған.
«Сізден сайлау өткізуді және өз кандидатураңызды Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына ұсынуыңызды сұраймыз. Біз сайлауға белсене қатысамыз және Сізге дауыс береміз», – деп жазады авторлар.
Орал қалалық соғыс және еңбектің ардагер мұғалімдері кеңесінің төрайымы С.Иманғалиева Қазақстан бұл күнде заманның бірқатар сын-қатерлерімен бетпе-бет келгенін, бірақ еліміз алға қойылған міндеттерді шешуге жеткілікті ресурстар мен мүмкіндіктерге ие екенін атап өткен.
«Біз Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасын бір ауыздан қолдаймыз. Біздің бәрімізге, ардагерлерге Көшбасшымыз Сіздің айналаңызда бұрынғыдан да күштірек ұйыса түсетін сын сағаты жетті», – делінген хатта.
Атырау облысының денсаулық сақтау саласының өкілдері мемлекеттің стратегиялық табыстарына өз үлесін қосу мүмкіндігі – елдің медициналық қоғамдастығы үшін бірінші кезектегі міндет екенін атап өткен.
«Біз жаңа биіктерге қарай өз Президентіміз – Сізбен бірге алға ілгерілеуге дайынбыз», – деп жазады авторлар.
Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясы ұжымының мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасын зор ықыласпен қабыл алғандарын мәлімдеген.
«Қазақстанға бүгінде тұрақтылықты сақтау қажет екенін түсінеміз. Бұл Сізбен бірге болғанда ғана жүзеге асады. Сіз бүкіл ел қолдайтын Көшбасшысыз. Қазақстанымыз Өзіңізбен бірге өркендей берсін», – деп жазады авторлар.
Атырау облысының ғылыми зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысына Отанымызға адал қызметі үшін, сондай-ақ ғылымды дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс айтады.
«Сіздің білгеніңізді қалаймыз: Барлық бастамаларыңызға байланысты бізге сенім артуыңызға болады. Біз – Сіздің адал жақтастарыңыз әрі пікірлестеріңіз боламыз. Біз Сізбен бірге туған елімізге және отандық ғылымға көп нәрсе жасай аламыз. Сайлау өткен жағдайда Сіз өз бағдарыңызды халықтың толық қолдайтынына тағы да көз жеткізесіз», – деп жазады авторлар.
«Салават» башқұрт этномәдени бірлестігінің, «Пахтакор» өзбек этномәдени бірлестігінің және Маңғыстау облысындағы «Аллаяр жолы» қарақалпақ этномәдени бірлестігінің мүшелері президенттік сайлауды өткізу туралы бастаманы толық қолдайтындарын, Нұрсұлтан Назарбаевқа сенетіндерін айтқан.
«Біз өз көшбасшымызға және оның жүргізіп отырған саясатына сенеміз, татулық пен келісімді қолдаймыз. Бұл – біздің болашағымыз», – деп жазады авторлар.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің ел Президентін сайлауды өткізу жөніндегі бастамасына байланысты Мемлекет басшысының атына келіп жатқан хаттар легі әлі жалғасуда.