Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева Мажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийяртоны қабылдады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Кездесу барысында екіжақты және халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелер талқыланды.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары Қазақстан-Венгрия ынтымақтастығының жоғары деңгейде дамып келе жатқанын тілге тиек ете келіп, одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, Мәжілістің заң шығармашылық жұмыстары жайында хабардар етіп, әсіресе, туристік кластерді дамыту, Қазақстан экономикасын әртараптандыру, қолайлы инвестициялық климат орнату жолында атқарылып жатқан заңнамалық жұмыстар жайында баяндады.
Өз кезегінде П.Сийярто Қазақстан басшысы тарапынан жүргізіліп отырған саясатқа жоғары баға беріп, венгрлік кәсіпкерлердің қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастықты нығайтуға ынталы екендіктерін жеткізді.
Кездесу барысында парламентаралық байланыстар жайына да назар аударылды.
Тараптар Қазақстан мен Венгрия арасындағы өзара іс-қимылды дамытуда парламенттік сапарлар алмаса отырып, парламенттік дипломатия рөлін нығайтудың қажеттілігіне тоқталды.
Кездесуге, сондай-ақ, Мәжіліс депутаты В.Рогалев пен Мажарстандағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Н.Рүстемов қатысты.