Шымкент ҚІІБ жедел басқару орталығының кезекші бөліміне «Тойота Камри» автокөлігіне тапаншасы бар, өзі мас жүргізушінің рөлге отырып, Жібек жолы көшесінде кетіп бара жатқандығы туралы хабарлама түсті.
Полиция наряды іске кіріскен. Сырттай бақылау бейнекамераларының көмегімен Рысқұлов пен Жібек жолы көшелерінің қиылысында тұрған машинаға жетіп, мас жүргізушіні ұстаған. Алматы қаласының тұрғыны екен.
Осы жәйт бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы «қаруды, оқ дәрілерді жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» және ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Көлік құралын мас күйінде жүргізгені» бойынша қылмыстық істер қозғалды. Айғақты зат ретінде тапанша тәркіленіп алынды.
Тергеу барысында ұсталған азаматтың бұрын-соңды жол жүру ережесін бұзғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Травматикалық және газды тапаншамен қаруланған азаматтардың жанжал барысында оқ атуынан қайғылы оқиғалар көбейіп кетті. Ал мас жүргізушінің қолында тапанша болуы қандай оқиғаға ұласары белгісіз еді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
ШЫМКЕНТ.