Кеше «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы бастамасына орай, өз мәлімдемесін жасады. Кездесуге «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының төрағасы Данат Жумин мен медиа директор Қанат Әуесбай қатысты.
Бүгінде ғаламдық қаржылық-экономикалық дағдарыс барлық мемлекеттерге өз талаптарын қойып, дегендерін жасатып жатыр. Әлемде дінаралық және ұлтаралық төзімсіздік өршіп, қарулы қақтығыстар ушыға түсуде. Сыртқы факторлар әлемдік саяси сахнада орын алған жағдайлардан абыроймен шығу үшін алдын алу қадамдарын жасауға бастап отыр. Ал біздің мемлекетіміздің ол үшін барлық жағдайы мен мүмкіндіктері бар, деді Қ.Әуесбай өз сөзінде. Оның пікірінше, Қазақстан әлемдік қоғамдастық тарапынан әлдеқашан әлеуметтік-экономикалық жаңғырулардың көшбасшысы ретінде танылып отыр екен. Сондай-ақ, ол әлемде толеранттылық пен бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделі туралы жиі айтылатынын да тілге тиек етті.
Біз кезектен тыс сайлаудың сыртқы қауіп-қатерлерге берілген нақты жауап екенін қуаттаймыз. Сондай-ақ, дағдарыстың алдын алуды көздейтін, еліміздің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуін қамтамасыз ететін «Қазақстан-2050» Стратегиясының әрі қарай жүзеге асырылуын қолдаймыз. Бұл – Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси бағдары. Президенттік сайлау Қазақстанның дамуына және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға оң ықпал ететініне сенімдіміз, деді сөзінің соңында қозғалыстың медиа директоры.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.