Мемлекет басшысының атына Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттерінен хат келді. Хатқа Б.Бақкелдіқызы, М.Ушатов, Н.Бұлдыбаев, И.Бұлақбаева, А.Мұсанова, Н.Нұрпейісов, Қ.Мақашев, А.Байтасов, О.Жұматаев, С.Шаханова қол қойған, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Еліміздегі байырғы жоғары оқу орнының студенттер қауымы атынан жолданған хатта авторлар Елбасын Елорда күнімен құттықтай отырып, ең ізгі тілектерін былайша білдіреді: “Біз, тәуелсіз Қазақстанның жалынды да жігерлі жастары, ғылым мен білімнің, өркениет пен жоғары технологиялардың қарыштап дамып жатқан кезеңінде, татулығы мен бірлігі жарасқан тәуелсіз мемлекетте өмір кешіп жатқанымызға шексіз бақыттымыз.
Қазақстанның дарынды студенттері шет елдерде “Болашақ” бағдарламасымен оқып, озық тәжірибесін мемлекетіміздің өркендеуіне жұмсауға мүмкіндік алып отыр. Студенттердің әлеуметтік жағдайларын жақсарту мақсатында мемлекеттік гранттар саны ұлғайып, шәкіртақы мөлшері жыл өткен сайын артуда. Сонымен қатар, студенттік жатақханалардың аумағы кеңейтіліп, өмір сүру жағдайы барынша жақсара түсуде. Бүгінгі күні мемлекетімізде сауатты, парасатты жастардың жаңа толқыны өсіп, қалыптасып келеді. Осының барлығы, аса қадірменді Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз жүргізіп отырған сындарлы саясатыңыздың жемісі, жастарға артылған зор сенім мен үлкен қамқорлық деп білеміз”.