Кеше Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты белгілі бизнесмен Қайрат Жамалиевке қатысты қылмыстық істі аяқтап, оны 13 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушы бұл мерзімді қатаң режімдегі колонияда өтейтін болды. Сонымен қатар, оның барлық мүліктері тәркіленеді.
Осылайша, Астана қаласының тұрғыны Әлібиді ұрып-соққан Жамалиевтің атышулы қылмыстық ісін қарауды қолға алған сот төрағасы Ербол Рахымбеков сот процесіне соңғы нүктені қойды. Ал процесс биылғы 11 маусымда басталған еді. Соттың жабық түрде өткен іс қарауы екі айға жуық уақытқа созылды.
Соттың шешімі бойынша, осы іске қатыстары бар Арман Әбілтаев 12 жылдық жазаға кесілсе, Анатолий Прибытков 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұлардың екеуі де жазаларын қатаң режімдегі колонияда өтейді. Екеуінің де мүліктері тәркіленеді.
Айта кететін жайт, соттың шығарған үкіміне сәйкес, мұнда мәселе сотталушылардың барлық мүлкін тәркілеу туралы болды. Ал сотталушылардың бұл үкімге шағымдана алатыны айтылып отыр.
Сотталушыларға үкім шығару ашық түрде өтті. Тағы бір айта кетерлігі, осыған дейін мемлекеттік прокурордың істегі басты күдікті кәсіпкер Қайрат Жамалиевті 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағаны хабарланған еді. Сонымен қатар, ол Әбілтаевті мүлкін тәркілей отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыруды, ал Прибытковты 7 жылға бас бостандығынан айыруды талап еткен.
Маусымның 11-інде басталған сот процесіне Қайрат Жамалиев пен Анатолий Прибытков қана келді. Бұл кезде Арман Әбілтаев іздеуде болатын. Процесс басталғаннан кейін бір аптадан соң қашқын қолға түсті. Ол өзінің өң-түсін біраз өзгеріске түсіріп алған екен.
Құрыш НҰРЫМБЕТ.