ЕЛОРДА МЕН ЕЛБАСЫ – ЕГІЗ ҰҒЫМ
Туған күніңмен, еңсесі биік Елорда!
Туған күніңізбен, елі сүйген, елін сүйген Елбасы!
Асқақ рух пен елдіктің айбынды нышаны болып табылатын Мемлекеттік ту “Атамекен” этно-мемориалды кешенінде шілденің 4-інде Елбасының қатысуымен көкте желбіреді. Туды көтеру салтанатты рәсімі Астана күнін мерекелеудің ресми түрде басталғанын білдірді.
– Мемлекеттік ту қашанда айрықша маңызды оқиғаның құрметіне көтеріледі. Бас байрағымыздың бүгін елорда көгіне шарықтай көтерілуі – Астана күніне арналған мерекелік шаралардың ресми түрде басталуын білдіреді. Астананың 10 жылдық мерекесінен бері бұл ізгі шара игі дәстүрге айналып келеді. Біз бүгін осы жерден асқақ Астанамыздың он екі жылдық мерекесін ресми түрде бастағалы тұрмыз. Жыл – он екі айдан тұрады. Бабалар ұстанған жыл қайыру дәстүрі бойынша, он екі жыл – бір мүшелді құрайды. Халқымыз бағзыдан мүшел жасқа ерекше мән берген. Бүгін, міне, Астана осы мүшел жасына жетті! Түптеп келгенде, он екі жыл – тарих үшін тым қысқа уақыт. Он екі жасқа толған бала мүшел жасқа енді жетіп, оң-солын жаңа тани бастайды, – деп бастады сөзін Елбасы.
Ал Астана осы жылдар ішінде сәулетіне дәулеті келіскен іргелі орталыққа, әлемдік саясат пен руханияттың құтты ордасына айналды.
Ту – тәуелсіздік пен тұтастықтың тұғырлы өлшемі, азаттықтың айрылмас бөлшегі! Сондықтан ол ежелден елдіктің басты белгісі болып есептелген! Осы Бас байрақтың астында Қазақстан Қарулы Күштерінің жас сардарларына жаңа әскери шендер тапсырылады. Мұның да символдық мәні зор, деп жалғады сөзін Президент. Туды кие тұтып, айрықша қастерлеу – арғы аталарымыздан тамыр тартқан арналы дәстүр. Сүйінбай ақын айтқандай, батыр бабаларымыз “бөрілі байрақ” астында бас қосып, бөлінбес елдің бірлігін бекемдеген. Ұлы жорықтарда аруақты батырына байрағын ұстатқан. Туға қарап жауынгерлер жігерін жаныған, намысын қайраған. Желбіреген жалау жаужүрек батырлардың рухын оятқан. Бұл бүгінгі ұрпаққа өнеге болуы тиіс. Егемен елдің ерлері көк байрақтың қадір-қасиетін жете сезінулері қажет. Алтын күн астында азат қыраны қалықтаған көк байрақтың ашық аспанымызда желбіреуі бүгінгі батырларымызға ерекше күш беретіні анық. Ту – ел бірлігінің символы. Халқымыз қандай кезеңде де бір тудың төңірегіне топтасып, ерлік пен елдіктің жасампаз үлгісін көрсеткен. Байрағын жықпай, елі мен жерін ұрпақтан ұрпаққа аманаттаған.
1998 жылы елорда барша әлемге паш етілгенін тілге тиек еткен Елбасы қазір Астананың танымастай өзгергенін ерекше мақтаныш сезімімен айтты. Әр күн сайын мұнда Астананы көру үшін қазақстандықтар мен шетелдіктер келуде. Орталық Азияның негізгі мегаполисі болып табылатын елордада жаһандық халықаралық кездесулер, құрылтайлар мен конференциялар өткізілуде. Осы ретте Мемлекет басшысы қаланың еліміз экономикасындағы үлесінің артқанын атап өте келіп, жалпы өңірлік өнім 1 триллион 300 миллиард теңгеге жеткенін алға тартты. Өндірістік өнім көлемі 9 есе, ал негізгі капиталға салынған инвестиция 18 есе өсіп, құрылыс көлемі де осыншама есе артқан, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Шынында да, елді индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ең бастысы – Қазақстанның Туы мен Әнұранын барлық әлем таниды. Елбасы осы орайда еліміздің танымал болуы халықаралық бастамаларымыз бен ЕҚЫҰ сияқты беделді ұйымға төраға болуымызда екендігін де ескерте кетті.
Он екі жыл ішінде елорда арқа төсінде өркен жайып, тамсана қарайтын көрікті шаһарға айналды. Зәулім ғимараттар қала тұрғындары мен келушілердің көзайымы болып отыр. Ал көк байрағымыз осындай әсем Астанамыздың кез келген жерінен көрінеді. Төбемізде желбіреген көк байрақ әрбір қазақстандықтың бойына зор мақтаныш пен рух ұялатып қана қоймай, өскелең ұрпаққа отансүйгіштік қасиет те дарытады.
Нұрсұлтан Назарбаев ҚР ҰҚК әскери институтының үлгілі түлектеріне лейтенант погонын табыс етті.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.