Дүбірге толы дүние
«Ислам мемлекеті» радикалдарының алғашқы ең үлкен жеңісі Ирактың екінші үлкен қаласы Мосулды басып алуы еді. Экстремистер оны өздерінің астанасындай да санаған. Міне, сол қала қазір Ирак күрдтерінің әскери құрылымы – «Пешмерганың» үш жақты қоршауында қалып отыр.
Бұл сонда қалай болғаны? Исламистік экстремистердің өзіне қарсы күштерден жеңіле бастағаны ма? Халықаралық күштердің әуеден шабуыл жасауы бұлардың бетін қайтарды ма? Әлде сол экстремистердің әлеуетінің қайта бастағаны ма? Бәрі де бар шығар-ау, бірақ күрд жасақшыларының соңғы кезде исламистерге қарсы айрықша белсенділікпен әрекет жасап жатқаны да анық.
Мұны «Пешмерга» әскери құрылымы бас штабының бастығы Жамал Мұхаммед былай түсіндіреді: «Соңғы айларда «Пешмерга» күштері террористерден басып алған аумақты босатуда айтарлықтай табысқа жетті. Мосул қаласының шығыс, солтүстік және батыс аймағы біздің қолымызда. Сөйтіп, «Ислам мемлекетінің» жасақшылары сол бағыттарда өздерінің басқа күштерінен ажырап қалды».
Күрдтердің күштері кей тұста қалаға 10-15 шақырым жақындап, барлық көпірлер мен күрежолдарды басып алған. Терроршылардың тынысын тек оңтүстік жақ қана ашып отыр. Дәл сол жақтан соққы беруге мүмкіндігі бар Ирактың негізгі күштері не істеп отыр дейсің. Шын мәнінде, олар да күрд жасақшылары сияқты оңтүстік жақтан да соққы бергенде экстремистердің шын мәнінде тынысы әбден тарылар еді.
Осы жерде айта кететін бір жай: күрдтер өз автономиясының аумағын әлдеқашан босатып, жаумен оның сырт жағында соғысып жатыр. Ирак Күрдстанына конституция бойынша Дахук, Эрбиль және Сүлеймания провинциялары кіреді. Күрдтер елдің мұнайға ең бай Киркук провинциясын да босатып, елдің солтүстік батысында белсенді соғыс әрекеттерін жүргізіп жатыр.
Қисынға салғанда, күрдтерге өз аумағын босатқан соң, сырт жақта жаумен жағаласудың жөні жоқтай көрінеді. Бірақ сарапшылар оның мынадай мәнін айтады. Киркук – мұнайлы өңір. Ал Мосул орналасқан Найнава және Дияла провинцияларының бірқатар аудандары күрдтер мекендеген тарихи жерлер. Күрдтер өздерінің тәуелсіздікке қолдары жеткенде сол аймақтардың өздеріне қосылғанын қалайтын көрінеді. Сол аймақтарды жаудан өздері босататын болса, сөздері де салмақты шықпақ. Бұл әңгімеде қисын бар.
Қалай дегенде де, «Ислам мемлекетінің» болашағы жоқтығын пайымдауға болғандай. Олар ойламаған жерден кенет пайда болып, Ирак сияқты берекесі кеткен елде алғашында біраз табысқа жеткені де анық. Абдырап қалған Бағдаттың да, халықаралық қоғамдастықтың да етек-жеңді жиып, терроршы экстремистерге соққы беру кезеңі де келді. Оның үстіне сол радикалдар да осы кезде өздерінің жауыздық келбетін әлемге танытып үлгерді. Бұрынғыдай оларға ағылып келетін күш те сарқыла бастады. Енді олардың бұрынғы жеңістерінің ауылы алыс. Оған олардың күрд жасақшыларынан да жеңіліс тауып жатқаны айғақ.
Осындай жағдайда күрдтердің ойлары жүзеге асып жатса, оған да таңдануға болмас.
Жауласқандар дауласқанын қойса жөн
Сербия мен Хорватия арасындағы қарым-қатынаста бұрын болмаған қызық жағдай қалыптасты. Гаагадағы халықаралық сот бұл екі елдің бір-бірін геноцидке байланысты айыптауларын қабылдамау жөнінде үкім шығарып, 16 жылға созылған даулы іске нүкте қойылды.
Әңгіме былай. Сонау өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында Югославияның бөлшектенуінен кейін бұл екі елдің арасында біраз қақтығыс болған. Югославияның мұрагеріндей болған Сербия басқаларды құрамнан шығарғысы келмесе, Хорватия тәуелсіздікке ұмтылды. Сонда бұрын бір одақта болған екі ел кәдімгідей қырқысып, құрбандыққа ұшырағандар саны біразға жеткен. Кейін халықаралық күштер араласып, ұрыс тоқтағанмен, олардың бір-бірін айыптауы тоқтамаған. Ең алдымен, Хорватия өзінің 1999 жылы жасаған талабында Югославияның мұрагері саналатын Сербияны өз аумағындағы қайдағы бір Ұлы Сербияны құрамыз деп өрекпіген сепаратистерді қолдап, 12,5 мың хорваттардың құрбан болуына айыпты санайды. Сол сепаратистер Белградтан қару-жарақ, басқадай көмек алып, осындағы аймақты серб емес халықтардан тазартуды қолға алған.
Өз кезегінде Сербия 2010 жылы өзінің жауап талабында 1995 жылы Хорватияның осы елдегі Книнская Краина аймағында жергілікті сербтерге қырғын жасап, өздерін Сербская Краина республикасы деп жариялаған құрылымды құртып, 200 мыңнан астам адамды қуғынға ұшыратқанын айыптады. Қалай дегенде де, Хорватия жеріндегі этностық қақтығыста 20 мың адам қаза тапқаны анық.
Айыпты кім дегенде, құрамында 17 судья бар халықаралық сот бір жақты ұстап беруді жөн көрмей, шиеленіс кезінде екі жақтан да қылмыстық әрекеттер болғанын атап көрсетіп, бірақ «ешқайсысының бір халықты немесе оның бір бөлігін жойып жіберу ниеті болғаны дәлелденбегенін» алға тоса отырып,16 жылға созылған дауда екі жақтың да айыбы жоқ деген тұжырым жасаған. Бұл үкімді словакиялық судья Петер Томка жариялады. Және бұл шешімнің соңғы да, оны қайта көтеруге болмайтынын мәлімдеді.
Сөйтсе де, тарих сол Югославияның бөлшектенуі кезінде қанқұйлы әрекеттерді ұмытпайды. Серб фашизмі деген атаудың аталғаны да негізсіз емес. НАТО мен БҰҰ 1991-1997 жылдарда Сербияның, ал 1997-2000 жылдарда Югославия одақтық республикасының президенті болған Слободан Милошевичтің геноцид жасағанын айыптап, оны сол халықаралық сотқа бергені де белгілі. Ол сол тергеуде жатып қайтыс болды. Ал серб фашистерінің Босния және Герцеговинадағы қанқұйлы әрекеттеріне жан түршігеді. Соның салдарынан 200-250 мыңдай халықтың қырылғаны ұмытылмайды. Олардың ұйымдастырушылары болған Караджич, Младич сияқтылар әлі жазасын күтіп жатыр.
Халықтың кінәсі жоқ. Жауыздықты ұйымдастырушылардың жазаланғаны жөн. Ал халықтың татуласқаны жақсы. Оған да тарих дәлел айтады, талай мысал бар. Кеше фашистік Германия әлемге ойран салса, оның айыбын арқалаған Федералдық Германия әлем алдында сол кездегі ел басшыларының жосықсыз істері үшін кешірім сұрап, бүгінде бейбітшіліктің, келісімнің туын көтеріп отыр. Тарихтың тағылымы осындай. Сербия мен Хорватия да өз айыптарын мойындап жатса, ары тазаланады.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.