• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2015

Тарлан тағылымы

440 рет
көрсетілді

Артына адастырмайтын із, ойға түйер сөз, бағыт-бағдар беретін жол қалдырған парасаты мол азамат, ғұлама ғалым туралы сөз қозғау – қиын, ой толғау – ауыр. Елімізде кәсіптік білім берудің жаңаша жолын ашып, ғылыми түрде негізін салған және соны іс жүзінде жүзеге асырған прагматик ғалымның бірі де бірегейі – Болат Әбдікәрімұлы. Мәнді де мағыналы өмірін еліне, халқына, жас ұрпаққа білім беру ісіне қалтқысыз арнаған, мемлекетшіл, халықшыл Бөкең қазір арамызда жоқ, жарық дүниеден мәңгілік дүниеге көшкеніне бір жыл уақыт болып қалды. Рас, «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегенге тағы да көзіміз жетіп отыр. Болат Әбдікәрімұлы сияқты ғасыр аралатып туатын тұлғаны бүгінгі және одан кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру – парыз. Сондықтан, ұлттық педагогиканың тарланы, кәсіптік білімнің майталманы туралы сөз қозғау қиын болса да қолға қалам, ой толғау ауыр болса да мойынға жауапкершілік алдық. Болат Әбдікәрімұлының соңғы қырық жылға жуық өміріне куә болдым. Кәсіби салаға, лауазымдық қызметтерге, тіпті азаматтық қа­рым-қатынастарға байланысты етене жақын араласуға, емен-жарқын пікір алысудың сәті түсті. Менің еңбек жолым өзімнің заман­дастарым секілді балаң кезім­де-ақ ауылдың жыл он екі ай бойы бітпейтін қым-қуыт тір­лігімен басталды. Одан соң да Темір индустриалдық-педа­гогикалық техникумында еңбектен қол үзгенім жоқ. Осы арнаулы оқу орнында оқи жүріп, дене тәрбиесі жұмыстары бойынша жетекші болдым және сабақ бердім. Стипендиямен қоса айлық алып жүрдім. Осылайша, кәсіптік-техникалық білімді оқыту үрдістеріне терең бойладым. Өткен ғасырдың 70-ші жыл­дары­ның басында әскер қа­та­рындағы қызметтен оралғаннан кейін Ақтөбе қаласындағы кә­сіптік-техникалық училищелерде мұғалім, өндірістік оқыту шебері, директордың орынбасары, арнаулы кәсіптік оқу орнының директоры қызметтерін атқардым. Орайы осылай келіп, менің тағдырым кәсіптік біліммен, осы жолда білім алып жүрген жастармен тығыз байланысты болды. Ал 1977 жылы облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасы бастығының орынбасары болып тағайындалдым. Жастық шақ, өз саламда жылт еткен жаңалықтың бәрін де қамтып қалуға, үйреніп алуға құштарлық басым. Басқа республикалардың кәсіптік білім беру саласында болып жатқан өзгерістерге, жаңашыл бастамаларға елтіп, елеңдеп жүрген кез. Сол кезде озық деп танылған  жез­қазғандық тәжірибемен жақын танысып, озығын көру үшін Жезқазғанға арнайы барып, Болат Әбдікәрімұлының қабылдауында болдым. Тумысынан педагог болып жаратылған ұстаз кәсіптік-техникалық білімнің мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық да­му­ындағы ерекше орны, бұл саланы одан әрі дамыту, жетілдіру жолдары, оқу-әдістемелік бағ­дарламалар мен тұжырымдамалар туралы байсалды әңгіме қозғады. Сосын облыстағы кәсіптік-тех­никалық оқу орындарының материалдық-техникалық, оқы­ту базасымен, оқушылардың тұрмысымен таныстырды. Мен бұдан бұрын Мажарстанда болып, олардың кәсіптік білім беру­дегі жетістіктерін көргенмін. Бірақ Болат Әбдікәрімұлының, жезқазғандық әріптестердің жаңа, неғұрлым тиімді әдістемелері мені таңғалдырды. Жезқазған облыстық кәсіп­тік-техникалық білім беру бас­қарма­сында он жыл еңбек етіп, саланы дамытудың бұрын-соңды болмаған тәжірибесін қалыптастырған Бөкеңді Үкімет орталық аппа­рат­қа ауыстырды. Қазақ КСР кәсіптік-техникалық білім беру жөніндегі Мемлекеттік Комитет төрағасының бірінші орынбасары қызметінде Болат Әбдікәрімұлының дарыны, ұйымдастыру шеберлігі мем­лекеттік және халықаралық дең­гейде бұрынғыдан да ашыла түсті. Болат Әбдікәрімұлы негі­зін қалаған қазақстандық кә­сіп­­тік-техникалық білім беру тәжі­рибесін насихаттау, одақ­тас рес­публикаларға тарату мақ­са­тында Бүкілодақтық семинар-кеңес өткізіліп, оған барлық рес­публикалардың Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарлары, оқу-ағарту саласының басшылары қатысты. Алғашқы баяндаманы КСРО Министрлер Кеңесі кәсіптік-техникалық білім беру жөніндегі Мемлекеттік комитетінің төрағасы Александр Булгаков жасады. Мінберге екінші болып көтерілген Б.Әбдікәрімұлы өзінің сөзімен қатысушыларды ұйытып тастады. Шешен деп Бөкеңді айту керек, жер-жерден келген әріптестер терең тұжырым, ғылыми негізде жасалған баяндамадан құнды кеңес, бай тәжірибе алып қайтты. Б.Әбдікәрімұлы өзі құлай сүй­ген ісін алға апару үшін өзі­міздің Қазақстанмен ғана шектеліп қалмады. Өзі тікелей басшылық жасап жүріп, атсалысып, алыс-жақын шетелдердегі әріптес-ғалымдармен кәсіптік білім беру мәселелері бойынша өзара іскерлік байланыс орнатты. Қазір терең, сапалы білім беру ошақтарына айналған біріккен қазақ-түрік, қазақ-неміс техникалық лицейлері Бөкеңнің өлшеусіз еңбегінің мәйегі, төккен тердің жемісі. Ха­лық шаруашылығына қажетті орта буын мамандарын дайындауда білім берудің дуальды жүйесін тәжірибеге енгізді. Соңғы жылдары Елбасы Н.Назарбаевтың дуальдық жүйенің тиімділігі тура­лы жиі қайталап жүргені тегін емес. Қазіргідей индустриялық-инновациялық даму бағытында бұл жүйе әлдеқайда өзекті. Бір кездері отандық өндіріске жұмысшы-мамандарды даярлайтын кәсіптік-техникалық училищеге бұрын-соңды өгейлеу көзқарас қалыптасып, оларға сегіз жылдық және орта мектептің жоғарғы класындағы оқу үлгерімі нашар, тәртібі төмен балаларды жіберу әдетке айналғаны жасырын емес еді. Әрине, олардың арасында жастық жігермен немесе отбасы жағдайына байланысты бір кәсіпті игеріп, ертерек еңбекке араласуды көздеген жастар да болды. Сонда да КТУ мәртебесі тұралап жатқан еді. Кәсіптік білім беруді жетілдіруге барлық күш-қайраты мен қуатын, білігі мен білімін арнаған Болат Әбдікәрімұлы осы сірескен сеңді бұзды, қатып қалған тоңды жібітті. Жезқазғаннан біз соны көрдік. Бөкең Ресейдің Волгоград облысындағы бұрынғы Царицын гимназиясының Ленинградтағы Царс­косельский лицейінің тарихымен, онда кәсіптік білім берудің ерекшеліктерімен танысуға жөн сілтеді. Біз де Ақтөбеде өзімізде қалып­тасқан ісімізді жетілдіріп, жоға­рыда атап көрсеткен тың тәжірибелерді пайдаланып, нәтижесінде Қазақ­станда алғаш­қылардың бірі болып, Ақтөбе қаласында №107-ші кәсіптік-техникалық училище-лицей, мектеп-гимназия аштық. Ұлт мүд­десі үшін отқа да, суға да түсуге даяр, жаңашыл, талапшыл, терең, парасаты да мол азамат Шайсұлтан Шаяхметов сол кездері еліміздің Білім министрлігін басқарып тұрған еді. Ақтөбеге келіп, ісімізді көріп, еліміздің кәсіптік білім беру саласына қажет тәжірибе екен деп қолдай кетті. Мені өзіне орынбасарлық лауазымға шақырды. Шай­сұлтан Шаяхметұлының орын­басарларының бірі, бұдан бұрын педагогтық қызметте тағдырлас болып келе жатқан ұстазым Болат Әбдікәрімұлымен бұрынғыдан да жақындасып, тізе қосып еңбек етудің сәті түсті. Өзі жаратылысы бекзат, паң мінезді көрінгенімен тонның ішкі бауындай араласа-құраласа келе ағалы-інілі болып кеттік. Басқа да орынбасарлары болды, бәрі де елге танымал – Б.Сапарбаев, Ш.Беркімбаева, В.Корольков, Е.Медеуов, Ж.Әзіз­ханов сияқты шоқтығы биік тұлғалар. Әр орынбасардың өзінің қызметтік міндеттері әртүрлі болғанымен, мүдде бір – білім мен тәрбие сапасына қызмет ету. Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет күнтізбесіндегі алғашқы кезеңдер болатын. Барлығына да, білім беру ісіне де көзқарас өзгерді. Бірінші кезекте оқу-материалдық базасын нығайту, білім беру маз­мұны мен бағдарламасын жаңарту және оқытушылар корпусын жетіл­діріп, қазақстандық модульді қалып­тастыру қажет болды. Мемлекеттік меншікті жеке­шелендіру салдарынан балабақ­шалардың, кәсіптік-техникалық училищелердің, тіпті кейбір жоғары оқу орындарының ғима­раттары жекенің қолына көшіп кеткен. Орта арнаулы білімі бар кадр болмайынша ешқандай экономика қуатты болуы мүмкін емес екенін білетін Болат Әбдікәрімұлы ең бастысы, кәсіптік-техникалық мектептерді сақтап қалуға жан салып бақты. Солай етіп қана қоймай кәсіптік-техникалық лицейлер, гимназиялар, авторлық мектептер, қазақ-түрік лицейлерін ашуға қол жеткізді. Болат Әбдікәрімұлы – бұл салада қарапайым ғана қызмет етіп қоймай, кәсіптік білім беруді ғылы­ми тұрғыда зерттеп, зерделеп, белгілі бір тұжырым жаса­ған ғалым. Бөкеңнің еңбектегі жетістіктерінің құпиясы – ғы­лыми-теориялық негіздемеде. Өткен ғасыр даныш­пандарының бірі: «Адамның даңқын еңбек шығарады» дегендей, Бөкең еңбегімен даңққа бөленді, сонымен бірге, ол еңбекті көтеретін де адам екенін өзінің іс-тәжірибесімен дәлелдеді. Елімізде білім беруді дамыту теориясы мен практикасы бойынша кең көлемді ғылыми және педагогикалық жұмыстарды еңсерді. Өз әріптестерімен бір­лесіп, кәсіптік-техникалық мектептер, орта арнаулы білім беру, білім беру жүйесінде дене тәр­биесін дамыту, жалпы білім беру мектептерінде оқушыларды еңбекке баулу және тәрбиелеу тұжырымдамаларын жасады. Ғылыми жетістіктерін өндіріске неғұрлым жақындату мақсатында оқу-жоспарлау құжаттары топтамасын, кәсіптік-техникалық педаго­гиканың ғылыми негіздері туралы еңбектерді жарыққа шығарды. Бөкең заман ағымын, жаңалықтың жаңа лебін алдын ала болжап, біліп отырушы еді. Оның 1995 жылы шығарған «Кәсіптік-техникалық мектеп және нарық» атты монографиясы ғылымның осы жүйесіндегі аса көрнекті еңбек. Ғылымға адал, істе еңбекқор ғалымның «Кәсіп­тік-техникалық даярлаудың ғылыми-педагогикалық негіздері» монографиясы мен «Аспиранттар және ғылыми дәрежелер мен атақ­тар ізденушілерінің ғылыми зерттеулерінің негіздері» атты оқу құралы кейінгі ізбасарлар үшін құнды туындылар. Оның жетекшілігімен және тікелей қатысуымен кәсіптік-техникалық училищелер үшін 50-ден астам оқу жоспары мен бағдарламалар дайындалған. Бұл – кәсіптік білім үшін үлкен қазына. Болат Әбдікәрімұлының ұлттық педагогиканы зерттеудегі ғылыми еңбектері өз алдына аса бай үлкен қазына. Оның Әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни педагогикасы жөніндегі оқу құрал­дары педагогиканың ғылыми кітап­ханасы қорын байыта түсті. Бөкеңнің ғылыми ұстаханасында дүниеге келген Алашорда қайрат­керлерінің педагогикалық мұрасы туралы қомақты еңбек те бар. Ал «Кәсіптік педагогика» деп аталатын авторлық еңбек ғалымның ұзақ жылдар бойғы ғылыми ізденістерінің түйіні болды. Болат Әбдікәрімұлы 90-шы жыл­дардың ортасына қарай Қазақстан Республикасы Жоғар­ғы Кеңесіндегі депутаттық қыз­метінде кәсіптік білім беру саласын заңнамалық жағынан нығайтуға үлкен ықпал етті. Осы жүйені қаржыландыру үлесін сатылап ұлғайтуға көп еңбек сіңірді. Ол 1995 жылы өзінің жан-тәні­мен, туа бітті болмысымен берілген саласына Кәсіптік білім беру комитетінің төрағасы болып қайта оралды. Республика өндірісіне аса қажетті жұмысшы мамандар даярлаудың озық тәсілдері мен әдістемелерін түбегейлі меңгеріп алған Бөкең комитеттің дәрежесін өзге минис­трліктерден де жоғары көтеруге қол жеткізді. Үлкен отырыстарда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін шыр-пыры шығып қорғайтын. Оның әрекеті жәй ғана жанашырлық емес, өз ойын тұжырымды сөзбен, дәйекті байламмен, алға қойған мақсатттың мән-мағынасын ғылыми-прак­тикалық дәлелдермен шегелеп тастағанда пікірталасқа түскен адамы божырап сала беретін, қарсы уәж айта алмайтын. Болат Әбдікәрімұлы Қазақ­стандағы кәсіптік білім беру саласында қуатты, алып мұзжарғыш атанды. Қолға алған ісін сапалы аяқтап, алға қойған мақсатына жету – нағыз азаматтың қаһармандығы деп білемін. Қайсарлық, табандылық, жігерлілік табиғаты ерекше жара­тылған, өзінің өмірін жасампаз істерге арнаған көшбасшылардың ғана қолынан келеді. Мұндай жетістікке, лайықты құрметке, биік мәртебеге Бөкең оңай жеткен жоқ. Бұл – толассыз еңбектің, тынымсыз ізденістің, ғылым мен ілімнің тұңғиығына сүңгіп, оның тұнығынан бағалы маржанын тауып, тере білген өлшеусіз істің нәтижесі. Болат Әбдікәрімұлы бір салада қызмет етіп жүрген әріптестерін, соңынан еріп келе жатқан, үміт күткен шәкірттерін тонның ішкі бауындай көріп, іштартып, қам­қорлығына, қанатының астына алуға әзір тұратын мәрт еді. Мен де Бөкеңді өзімнің ұлағатты ұстазым санаймын. Данышпан Ньютон айтқандай, осындай парасаты биік ұстаздардың иығында тұрғанда олардың үзеңгілестері де алыстағыны көріп, таныды. Енді, міне, Астана Арқаның, халқымыздың айбынын бұрын­ғыдан да асқақтатып отыр. Бөкең өзара сұхбаттасып, сырласып отырғанда өзінің тума-туыс­тары, жақын ағай­ындары, бауырлары туралы асқан ризашылықпен әңгі­мелейтін. Әсіресе, інісі Оралбай Әбдікәрімұлы мен келіні Жамалды ерекше жақсы көріп, қадірледі. Мемлекет және қоғам қайраткері Орекең мен зайыбы екеуі де ағаның құрметіне лайық бола білді. Бөкең дүниеден озғанда аяғынан тік тұрып қызмет көрсетіп, ақтық сапарға арулап шығарып салды. Болат Әбдікәрімұлының биікке көтеріліп, шыңға самғауына адал жары, сенімді серігі Тазагүл Мұқаш­қызы ықпал еткенін айта кетуі­міз керек. Үйде жағдайын жасап, түзде тілегін тілеп отыратын Тазагүл Мұқашқызы ғылыммен шұғылдануға да уақыт таба білді. Ол – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Қа­зақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі. Білім беру саласындағы үздік қызметі, жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептерге арнап бірнеше оқулықтар шығарғаны үшін ЕҰУ-дің академиялық профессоры атағы берілді. Ол жүзден астам ғылыми-зерттеу мақалаларының, жеке және авторлық ұжыммен бірлесіп шығарған 23 оқулық, оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Тазагүл Мұқашқызы ғылыммен терең шұғылдана жүріп, отбасына аналық жылуы мен мейірімін де арнай білді. Бөкең мен Тазагүл жеңгей дүниеге әкеліп, тәрбиелеген ұл-қызы да қазір өз алдына шаңырақ көтеріп, бала өсіріп, көңілі мен дастарқаны дария отау иесі болып отыр. Қос ғалымның ұрпақтары да ғы­лымды серік етті. Кезінде ұла­ғатты әке нұсқаған жолмен училищеде оқыған Аян Болатұлы кейін политехникалық және халық шаруашылығы институттарын бітірді. Техника ғылымдарының кандидаты. Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі. Зайыбы Айнұр екеуінің Ақан, Сәкен, Нұркен атты ұлдары мен Дәлия атты қыздары бар. Айнұр Болат келіні туристік агенттікті басқарып отыр. Дина Болатқызы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті мен Заң институтын бітірген. Ол филология ғылымдарының кандидаты. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында бас консультант. Жұбайы Тимур екеуі Шыңғыс атты ұл мен Данеля атты қыздарын тәрбиелеп, өсіруде. Тимур – банк қызметкері. Шыңғыс сонау жыл­дары атасы негізін қалаған қазақ-түрік лицейін үздік бітіріп, Назарбаев Университетте білімін жалғастыруда. Міне, артындағы кейінгі ұрпаққа үлгі болардай аса бай ғылыми, рухани қазына, лайықты ұрпақ қалдырған аса қадірлі Болат Әбдікәрімұлының арамыздан кеткеніне де бір жыл уақыт болып қалды. Ол өмірден өткенде отбасы, өзімен қатар замандастары, ағайын-туыстары, әріптестері, шәкірттері егіліп, жылады, іздеді. Жайдары, турашыл мінезімен, жігерлі ісімен, іске алымды, сөзге шалымды, ертеңін оза ойлайтын, әдептен аспайтын, болдым деп таспайтын қасиетімен жүрегімізде, жадымызда сақталған Бөкең өз ісінің тарланы, халқы сүйген перзенті болып қала береді. Елеусін САҒЫНДЫҚОВ, Парламент Сенатының депутаты, экономика ғылымдарының докторы, профессор