Қасым-Жомарт Тоқаев Никол Пашинянның Қазақстанға ресми сапары аясында, ел азаматтары оны Арменияның дамуына жаңа леп әкелген, мемлекеттік құрылымның барлық салада қайта жаңғыруына тың серпін берген жалпыұлттық көшбасшы деп білетінін жеткізді, деп жазады Egemen.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде қазақ-армян мемлекетаралық байланысы стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерілгенін мәлімдеді.
«Бұл іске Сіздің елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты дамытуға белсенді атсалысуыңыз айтарлықтай ықпал етті. Қазақ-армян қарым-қатынасын дамытудағы үлкен үлесіңіз бен айрықша еңбегіңізді ескере отырып, бүгін Сізді Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – мызғымас бауырластығымыздың, өзара берік сенімнің және халықтарымыздың келешегі жолындағы ортақ ұмтылыстарымыздың жарқын символы», деді Президент. Өз кезегінде Никол Пашинян Қазақстанның ең жоғары наградасымен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша қазақ халқына алғыс айтып, мұны отандастарына көрсетілген ерекше құрметтің белгісі ретінде қабылдайтынын жеткізді. «Мен үшін бауырлас Қазақстан Республикасының ең жоғары наградасына ие болу және оны Сіздің қолыңыздан алу – зор мәртебе. Сізді өте тәжірибелі саясаткер, мемлекет қайраткері, дипломат ретінде білеміз. Сондықтан Сіздің берген бағаңыз мен үшін құнды. Бұл марапат екіжақты қарым-қатынасымызды ғана емес, тұтас өңірдің дамуына септігін тигізеді деп сенемін», деді Армения Премьер-министрі.