Ұлы мемлекеттік қайраткер болу үшін тарихтың беталысын сезіне білу керек. Тарих үдерістері тура даңғыл жол емес, бұралаңы мен ирелеңі көп екені белгілі. Тарихи дамудың шырғалаңға толы жолында кілт бұрылыс пен кедергілер кездесіп отырады. Олардан өтпейінше, алға жылжу мүмкін емес.
Дәл осындай кезеңдерде қиындықтардан батыл өте алатын, кедергілерді еңсеретін, әлеуметтік өркендеу мен жаңару үшін ілгерілеудің жаңа жолын ашуға қабілетті лидерлер жарқырай көрінеді. Басқаша айтқанда, көрнекті тұлғаларды Тарихтың өзі дүниеге әкеледі. Дегенмен, лидерлердің өздері де Тарихты жасайды.
Ұлы тұлға болып қалыптасу үшін тарихи факторлар мен жағдайлардың болуы аздық етеді. Ел мен дүниежүзі алдында тұрған күрделі де жауапты міндеттерді орындауға қажетті ерекше қасиеттерге ие біртуар тұлға болуы керек. Ондай адам батыл да жігерлі, қайтпас қайсар және принципті, әділ де өжет болуға тиіс.
Әлем тарихындағы ірі тұлғалардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев осындай адам. Біздің еліміздің ең қиын кезеңдерінде оған Елбасы болу тағдыры бұйырды. Ол барша қазақстандықтардың тағдыры үшін, қазіргі қазақ мемлекеті – Қазақстан Республикасының негізін қалау үшін жауапкершілік жүгін көтеруде жігерін жаныды, батылдық пен қайсарлық танытты.
Көрнекті тұлғаларды ісі мен әрекетіне қарап бағалайды. Ұлы адамдардың басты ерекшелігі – әлеуметтік прогресті ілгерілетуге және уақыт алға тартқан міндеттерді ұтымды шешуге оның қызметінің қаншалықты ықпал еткендігімен көрінеді.
Қоғам бірлікте болған, ұлттық ортақ идея қалыптасқан жағдайда ел де қарқынды дами түсетінін тарих көрсетіп отыр. Сонымен қатар, біріктіру идеологиясының пайда болуының негізгі шарты – жалпы ұлттық лидердің шығуында екені айқын. Сондықтан, Қазақстанның ұлттық идеясын дүниеге келтіріп, қалыптастырып, ілгерілетуші Президент Нұрсұлтан Назарбаев болып отыр. Ол – тәуелсіздік идеясы, бәсекеге қабілеттілік идеясы, көркею идеясы.
Оның тұжырымдамасының басты ерекшелігі – қоғамның ұзақ мерзімді тұрақтылығы, нарықтық экономика, әлеуметтік әділеттілік және заң үстемдігі негізінде ел тәуелсіздігін және егемендігін нығайту.
Қазіргі кезде бүкіл дүние жүзі құрлықтың екі бөлігінде – Еуропа мен Азияның, екі өркениеттің – Шығыс пен Батыстың, екі саяси жүйенің – тоталитаризм мен демократияның тоғысында пайда болған “Назарбаев құбылысы” туралы жиі айтады. Оның есімі шет елдердің көрнекті мемлекеттік қайраткерлерінің қатарында аталады.
Бұл тегін емес. Өйткені, Қазақстан Президенті өзінің саясатында еуропалық реформашылдықты, прагматизмді және демократия үдерістеріне айнымастықты да, қоғамның негіздерімен тығыз байланысқан азиялық дәстүршілдікті де үйлестіре алды.
Көрнекті мемлекеттік қайраткерлермен салыстыра отырып, Н.Назарбаевтың атына қаншама мақтау-мадақтаулар айтылып жатса да, ауқымды кеңес империясының күйреуінен кейінгі тарих толқындарында өзін таныта алған шынайы тарихи тұлға – Қазақстан Президентінің бейнесін толық қамти алмағандай сезіледі.
Бұл жерде Қазақстан лидері туралы Владимир Путиннің сөзін келтіре кету орынды болар еді: “Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіз мемлекетті іргетасынан бастап тұрғызды. Мұндай міндетті орындау тек біртуар адамның ғана қолынан келеді. Бәрі біткен кезде қай іс те оңай секілді көрінетіні рас. Басынан бастап, дамудың осындай деңгейіне дейін жеткізе алу – Нұрсұлтан Әбішұлы тамаша орындаған орасан зор міндет”.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жоғарыдан ешкімнің бұйрығынсыз, барша халықтың, қазақстандықтардың қалауы бойынша шын мәніндегі Елбасы атанып отыр. Мұның өзі көп нәрсені аңғартады. Халық Қазақстанның Тұңғыш Президенті тыңнан алғашқы жол салушының ауыр міндетін қолға алды деп санайды.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еңбекшінің отбасында дүниеге келді, қазақ мектебінде оқып, мамандық игерді, металлург болды. Жастық шағында, алғашында комсомол ұйымында, кейіннен партия органдарында саяси және ұйымдастыру жұмыстарының әліппесімен танысты. Ерекше қабілеттілігі, жұмысшылардың өмірімен етене таныстығы, табанды еңбекқорлық – жас басшыны басқару ісінің ең ұшар шыңына шығарды. 1989 жылғы маусымда ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болды, ал 1990 жылғы сәуірде Жоғарғы Кеңес оны Қазақстан Республикасының бірінші Президенті етіп сайлады. Сөйтіп, өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Нұрсұлтан Назарбаев бүкілодақтық ауқымдағы КСРО-ның лидерлері рейтингінде бірінші орын алған ең танымал саясаткерлердің бірі болды.
Ол Кеңес Одағы қалай күйреп жатқанына куә болды, дегенмен, КСРО-ның сол кездегі басшыларының интеллектуалдық және саяси мүмкіндіктерін нақты бағалады және бір кездегі қуатты елдің жұртында пайда болған жаңа мемлекеттік құрылымдарды дүрбелең мен қан төгуге апаратындай айла-шарғыға араласудан өз бойын аулақ ұстап қалды.
Сондай күрделі кезеңде интеграцияны жақтап, ТМД-ны құрудың шын мәніндегі бастамашысы болған Н.Назарбаевтың аса көрегендігін уақыт көрсетіп отыр. Ол бірден-бір дұрыс жолды таңдады, сол арқылы бұрынғы Одақ республикалары арасындағы теке-тіреске, “югослав сценарийі” бойынша қан төгілуіне жол бермеді.
Тәуелсіздік алумен бірге Қазақстан алдында жер шарының геосаяси картасында өз орнын айқындаудың күрделі мәселесі тұрды. Президенттің өзі бұл туралы былайша еске алады: “...біз әлемде өзіміздің геосаяси стратегиямызды анықтауға тиіс едік. Қазақстан қандай болуы керек? Еуропа мен Азия арасындағы көпір ме? Немесе “Солтүстік пен Оңтүстіктің” белағашы ма? Әлде тағы бір “азиялық жолбарыс па?”
Мемлекет басшысы жүзеге асырған жаңарулардың тарихи ауқымы мен ұлылығын түсіну үшін тәуелсіздігін алғанға дейінгі Қазақстанға ойша оралу жеткілікті. Еліміз кеңестік жылдардан дағдарыстағы экономиканы, тоқтап қалған кәсіпорындарды, күйреген ауыл шаруашылығын, кедейленген халықты мұраға алып қалған болатын. Мұның бәрі әлеуметтік шиеленісті туындатып, саяси тұрақсыздыққа айналып кету қаупі төніп тұрды.
Сол күндері көптеген саясаткерлер мен сарапшылар біздің еліміздің келешегіне күмән келтіріп, экономикалық, демографиялық және ұлтаралық өткір мәселелердің ауыртпалықтарына қоса, Қытаймен, Ресей, Орта Азия мемлекеттерімен құқықтық тұрғыда шекарасы ресімделмеген Қазақстан әлі ұзақ уақыт бойы шын мәніндегі тәуелсіздікке қол жеткізе алмайды десе-тін.
Бірақ, президенттің жігерлі еңбегі, оның көреген саясаты мен алғыр көшбасшылығы барлық сүреңсіз болжамдарды жоққа шығарды.
Егер де Нұрсұлтан Назарбаев елдің басшысы болып тұрмаған болса, бірде-бір реформа табысқа жете алмаушы еді деп нық сеніммен айта аламын. Ол қиын кезеңдердің бәрінде – саясатта да, экономикада да барлық жаңарулардың үдеткіші мен кепілі ретінде бүкіл жауапкершілікті мойнына алды.
Н.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанда мемлекеттік басқарудың барлық салаларында түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылды, еліміз жоспарлы экономикадан нарықты экономикаға бет бұрды. Демократия мен құқық тәртібінің берік дәстүрлері болмаған елде, қатаң орталықтандырылған әміршілдік жүйеден еркін нарыққа көшу күрделі де ауыр және ұзақ болуы мүмкін еді. Президент нар тәуекелге бел буды. Дегенмен, осы арада оның саяси күш-жігері шешуші рөл атқарған болса керек.
НАТО-ның Бас хатшысы Дж. Робертсон кейіннен бұл туралы былай деді: “Ескі көзқарастан арылып, ел ішіндегі шынайы реформаларды жалғастырудың, жедел өзгеретін халықаралық жағдайға бейімделудің президент Назарбаевқа оңай болмағанын біз түсінеміз”.
Шынында да, сол бір қиын кездерде Президентке еліміздің ішіндегі – жарықсыз және жылусыз қалған қалалар мен ауылдардың тіршілігін қамтамасыз етуден, өмір сүру үшін арпалысқан күрестен бастап – мемлекеттің стратегиялық даму жоспарын жасауға дейінгі бір-біріне қарама-қайшы өткір мәселелерді бір мезгілде шешуге тура келді.
Бірінші кезекте қатаң билік жүйесімен үйлесім тапқан экономиканы ырқына жіберу бағыты таңдалып алынды. Н.Назарбаев жоспарлы жаңаруды жігерлі және аз шығынмен жүргізудің қажеттігін, күшті атқарушы билік керектігін және халық пен тарих алдында жеке өзінің жауапкершілігі тұрғанын жақсы түсінді.
Сол жылдары ең қиын әрі ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Жекешелендіру бірнеше кезеңдерге бөлінді. Нәтижесінде, өнеркәсіп жандана бастады, қаржы және макроэкономикалық тұрақтылық орнады, бюджет және салық жүйелері құрылды, адам айтқысыз инфляция ауыздықталды, халықтың өмір сүруінің қанағаттанарлық деңгейі қамтамасыз етілді.
Президент Н.Назарбаевтың орасан зор тарихи еңбегі оның басшылығымен ұлттық валютаның енгізілуінде, дербес қаржы-экономикалық жүйенің түзілуінде, жоғарыдан төмен бірыңғай атқарушы биліктің қалыптасуында, Қарулы Күштердің құрылуында, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігінің бекітілуінде көрінеді. Сонымен қатар, елімізде көппартиялық жүйе қалыптасып, азаматтық қоғамның негізі құрылды, баспасөз еркіндігі қамтамасыз етілді. Қазақстан өркениетті даму жолын таңдады.
Қол жеткен нәтижелер мемлекеттік жоспарлаудың жаңа деңгейіне шығуға алғышарттар жасады, стратегиялық сипаттағы міндеттерді шешуді бағдарлауға мүмкіндік берді. Сол кезде Президент Н.Назарбаевтың тікелей басшылығымен әзірленген еліміздің 2030 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары дүниеге келді.
Бұл құжатта қолда бар ресурстар еліміздің даму бағыттарына өте дәл белгіленіп, шоғырландырылды. Жаһандық дамудың бүгінгі күрделі қиылыстарында Стратегия біздің негізгі жол бағдарымыз болды деп айтсақ артық емес.
Сыртқы саясат саласы да елеулі табыстарға толы. Саламатты прагматизм, жетекші мемлекеттер мүдделерінің саналы тепе-теңдігі бағытын ұстанып, теке-тіреске апаратын қадамдардан бас тарта отырып, Қазақстан дипломатиялық құралдар арқылы өзінің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алды.
Францияның бұрынғы президенті, көрнекті саясаткер Жак Ширак Н.Назарбаевтың жұмысы туралы: “1991 жылдан басталған өзгерістерді Франция маңызды әрі шешуші оқиғалар деп бағалайды. Тұрлаусыздық және қиын жағдайда Сіздің еліңіз мемлекет құру жолына түсті, сөйтіп, өзінің ұлттық құндылықтары мен тамыры терең тарихына адалдығымен қатар, демократияның жалпы адамзаттық принциптері мен құқықтық мемлекетке беріктігі туралы мәлімдеді.
15 жыл ішінде Қазақстан тұрақты институттары және қарқынды экономикасы бар елге айналды. Сіздердің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыру, діндер және мәдениеттер арасындағы үнқатысуды дамыту жөніндегі және тағы басқа көптеген бастамаларыңызға Франция әрқашан тілектес болып келеді. Осы қадамдардан аймақтық және халықаралық деңгейдегі жауапкершілікті жете сезінген әлем қоғамдастығының мүшесі екендіктеріңіз анық көрініп тұр.
Қазақстан мақтан тұта алатын ерекше маңызды әрі мәнді жолдан өтті. Сіздер мұның өзі бір саты ғана екенін айта отырып, даналық таныттыңыздар. Өз елдеріңіздің қазіргі заманға сай орнын бекіту және оның халықаралық аренадағы биік мақсаттар мен ниеттерін қамтамасыз ету үшін қажетті деп табылған реформаларды жалғастыруды Сіздердің берік ұстанатындарыңызға қуанамын”, деді.
Мемлекеттің жаңа әкімшілік орталығының Астана қаласына қоныс аударғаны еліміздің саяси және экономикалық өмірі үшін аса маңызды кезең болды. Президент Н.Назарбаевтың бұл шешімі еліміздің геосаяси келбетін жақсартып, оның қауіпсіздігін нығайтты, экономиканың негізгі салаларын дамытуға қуатты серпін берді және тұрақты көпұлтты мемлекетті құрудағы президенттің бағытын нақтылады.
Уақыт өте Астана біздің халқымызды біріктіретін Қазақстанның басты қаласы ғана емес, ол елдің мақтанышы, Президент Н.Назарбаевтың экономикалық, саяси және әлеуметтік табыстарының символы деп сеніммен айта аламыз.
Мемлекеттегі тұрақтылықты сақтау үшін оның басшысына аса жоғары саяси шеберлік керек екені баршаға белгілі. Президент таңдаған эволюциялық даму жолы ішкі саяси тұрақтылықты нығайтумен бірге, ұлтаралық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Қазақстан тәжірибесі шетелдердегі бірқатар зерттеу орталықтарының зерделеу нысандарына айналды. Гарвард университеті “Назарбаев үлгісін” зерттеуге арнайы конференцияларының бірін арнады. Америкалық ғалымдар мен сарапшылар ел ішіндегі ұлтаралық және дінаралық келісімді қамтамасыз ету жөніндегі, сондай-ақ толеранттық идеясы мен халықаралық деңгейдегі үнқатысуды ілгерілетудегі қазақстандық саясаттың пайдалы ерекшеліктерін атап өтті. Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу тәжірибесі жоғары бағаланды.
Экономикалық реформалар мен әзірленген “қауіпсіздік белдеуі” Қазақстанға әлемдік дағдарыстан лайықты шығуға және, тіпті, елдің экономикалық өрлеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Ресейдің бұрынғы экономикалық даму және сауда министрі Г.Греф мойындағандай: “экономиканы реформалаудың бірқатар бағыттарында қазақстандық әріптестер біздің алдымызда кетіп барады. Біз Қазақстанның барлық саладағы тәжірибесін ескеруді көздеп отырмыз”.
Қазақстанның әлемге кеңінен танымал болғаны туралы айтқанда, Президенттің Семей полигонын жабу туралы ерекше шешіміне бөлек тоқтала кету керек. Н.Назарбаев жаппай қырып-жою қаруларын таратпау мәселелері бойынша мығым және бірізді бағытты ұстанды. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстанда болған кезде Нұрсұлтан Назарбаевқа былай деген еді: “Ядролық қауіпсіздік жөніндегі алдағы Жаһандық саммит қарсаңында ядролық қарусыз аймақ құру туралы басқадан гөрі Сіздің айтуға моральдық құқыңыз бар және үніңіз басым болуы тиіс. Осы мәселе жөніндегі бұдан да көп нәтижелерге қол жеткізу үшін біздің тұғырларымызды үйлестіруді ұсынамын. Менің ойымша, ядролық сынақтарды тоқтату және ядролық қаруды жою қажеттігі жайында айтуға Сізден басқа ешкім де лайықты емес. Өйткені, Сіздің халқыңыз осы қарудың барлық зардаптарын бастан өткерді, бірақ оны Сіз ғана тоқтата алдыңыз”.
Егер БҰҰ Бас хатшысы секілді беделді және көпті көріп-білген саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевқа осындай ұсыныс білдіріп жатса, онда әлемдік қоғамдастық біздің мемлекет тарапынан мұндай бастаманың көтерілуіне зәру деген сөз. Қазіргі кезде ядролық қауіп туралы ойлар түпкілікті өзгерді. Әлем ядролық қарудан ғана емес, ядролық қаруды қолға түсіруді көксеп жүрген террористердің де қауіп төндіріп отырғанынан үрейленеді. Сондықтан, ядролық қауіпсіздікті қорғаудың түпкілікті шараларын қабылдайтын уақыт келді. Ең бастысы, Саммит өтердің алдында Қазақстан мен АҚШ басшылары стратегиялық әріптестікті нығайту мәселелері бойынша маңызды келісімдерге қол жеткізгенін атап өткен жөн. Тараптар ядролық қауіпсіздік пен Орталық Азия аймағындағы тұрақтылықты нығайтудағы ынтымақтастықты белсенді түрде жандандыруға ниеттерін нақтылады. Сөйтіп, біздің еліміздің аймақтағы жетекші рөлі өз бағасын алды.
Президенттің жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтудағы маңызды бағыт-бағдары, оның интеграцияны тереңдетудегі игі бастамалары ЕурАзЭҚ, Кеден Одағы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында табысты жүзеге асырылып келеді.
Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі біздің еліміздің интеграция жолындағы маңызды қадамы болатынына күмән жоқ.
Президент Н.Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі көрнекті саясаткер ретіндегі жоғары халықаралық беделі мен мәртебесін нақтылайтын тарихи оқиға – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі болып табылады. Мемлекет басшысының есімі енді ядролық қарусыздану, экономикалық интеграция, сенім шаралары және қауіпсіздік, толеранттық және конфессияаралық үнқатысу секілді ерекше маңызды үдерістермен де байланыстырылуда.
Қазақстан әлеуметтік-экономикалық жаңарулардың дағдарыстан кейінгі кезеңіне аяқ басты. Реформаларға бай тәжірибелерді иемдене отырып, еліміз келешекке жол бастады. Президенттің тікелей бақылауымен жүзеге асырылған дағдарысқа қарсы бағдарлама индустриялық-инновациялық даму негізіндегі жаңғыру стратегиясына көшуге, ғылыми-техникалық прогресті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бұл мақсатқа жету үшін Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиясы әзірленді.
Еуропалық және азиялық көшбасшылардың игі қасиеттерін өз бойына үйлесімді түрде сіңіре білген Нұрсұлтан Назарбаев барлық қызметінде мемлекет құрылысы секілді қажырлы еңбекті талап ететін істе толағай табыстың жаңа теңдеуін шығара алды. Оған оңай болған жоқ. Сондықтан тыңнан түрен салған жолда ол алғашқы болумен бірге, жауапкершіліктің барлық жүгін өзіне алуына тура келді. Оған қиын болғаны да даусыз. Өйткені, беймәлім жолдарда түсініспеушіліктер мен сатқындықты да мойымай бастан өткерді. Ылғи ауыр кедергілерден өту, жалған сенім, ескіні аңсау ма, сенімсіздік немесе қасақана қарсы қимыл жасау және тіпті іріткі салуды да еңсеру оның тағдырына жазылғандай. Бірақ, Н.Назарбаев әрқашан көздеген мақсатын анық көре білді және оған жетудегі жолдан еш тайған жоқ.
Мұндай қасиетінің арқасында Елбасымыз басқа көптеген мемлекеттердің басшыларынан бір саты биік тұр. Сондықтан, біздің Президентімізге тек ниеттес байқаушылар ғана емес, әріптестері де лайықты баға беруде. Бұл әлемдік саясаттағы сирек кездесетін құбылыс. Әдетте, мемлекет басшылары басқа лидерлердің табыстарына қызғанышпен қарайтыны жасырын емес. Президент Дж.Буш Н.Назарбаевты “қазақтың Джордж Вашингтоны” деп атады, ал Владимир Путин біздің басшымызды осы заманның көрнекті саясаткері деп санайтынын мойындады. Нұрсұлтан Әбішұлы кіммен кездессе де, және кіммен келіссөз жүргізсе де, тіпті сөзге сараң монарх болсын, президент немесе үкімет басшысы болсын, шын жүректен шыққан ең жылы сөздерге ие болады.
Қазақстан Президентіне адамдармен қарым-қатынаста ашықтық пен білімге құмарлық тән. Ол кінәлаудан басталып, сынауға жалғасатын әңгімелерден сырт айналған емес, арнаулы мамандардың пікірлерін зейін қоя тыңдайды, халық арасынан шыққан адамдар пікіріне де ықылас білдіреді. Әрине, көп оқиды. Тарихи тақырыптарға арналған кітаптар мен көркем әдебиет оның жазу үстелінен үзілмейді. Президент әлемдік және отан тарихында жоғары зияткерлікке қол жеткізді. Ол қазақ әдебиетін жақсы біледі, кітап әлеміндегі жаңалықтарға ұдайы қызығушылық танытады. Н.Назарбаев белгілі экономистер еңбектерін де мұқият зерделейді.
Біздің Президенттің көңілі де, пейілі де кең. Кез келген, әсіресе, Қазақстан секілді ауқымды және белгілі мемлекеттің басшысы ұсақ-түйек пен кекшілдіктен ада, өз пікірінен басқаны мойындамаушылыққа және өзімшілдікке жаны қарсы болуы керек. Мұндай кемшіліктер Н.Назарбаевқа жат. Ол өзге пікірлерге сыйластықпен қарайды, тіпті олар қандай да бір мәселе төңірегінде оның көзқарасына қайшы келсе де, балама және пікір алуандығы оның болмысына біткен. Осыдан кейін Орталық Азия аймағында бірінші рет неге Қазақстанда нарықтық реформалар жүзеге асырылғаны, осынау қиын істе бүкіл әлем таныған табыстарға қол жеткізгені түсінікті болады. Бұл үдерістермен бірге азаматтық қоғам қалыптастырылды және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары дамыды. Қоғамды саяси тұрғыдан өзгертпейінше, ашық экономика табысты қызмет ете алмайды деп Н.Назарбаев кезінде ашық мәлімдеген болатын.
Табиғат Н.Назарбаевқа көптеген маңызды қасиеттерді бере отырып, мырзалық танытқан. Оның ішінде әртүрлі адамдармен ортақ тіл табыса білуі де бар. Ол туралы харизмді тұлға ретінде қаншама рет айтылды да, жазылды да. Мұндай өте сирек кездесетін қасиеттер әрқашан таңдаулы адамдардың ғана пешенесіне жазылса керек. Бірақ, бұл ретте ұдайы ізденіс пен бабында болудың да маңызы зор. Н.Назарбаевтың бірнеше жыл бойғы қызметін байқай келіп, оның жұмысқа қабілеттілігіне таңданбасқа шара жоқ.
Н.Назарбаевтың тағы бір ұнамды да қайран қалдыратын қасиеті – әзіл сөзді орнымен айта және қабылдай білуі. Кездесулерде әрқашан үлкен саясат әлеміне жақсы танымал екі-үш әзілі табылады. Ол шетелдік саясаткерлер арасында жоғары бағаланатыны – оның суырып-салма шешендігі де бар. Бірде НАТО Бас хатшысы Джордж Робертсон өзара әңгіме барысында оның отбасындағы барлық ер адамдар, оның ішінде әкесі, нағашысы, ағасы да полиция қызметкері екенін, тек жалғыз өзі ғана басқа салаға кеткенін айтып, мұңын шаққаны бар. Сонда күлімсірей түскен Н.Назарбаев іле-шала: “Ренжімеңіз, Сіз есесіне әлем жандармы болдыңыз ғой”, деп жұбатты. Барлық британдықтар секілді әзілге өте сезімтал Робертсон мұндай қалжыңнан соң ұзақ қарқылдап, көпке дейін күлкісін тыя алмады. Бұл салыстыру оған өте ұнады.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қандай адам? Қазақстан басшысының сіңірген нақты да басты еңбегі неде? Менің ойымша, ол мынандай секілді.
Біріншіден, Н.Назарбаев өзінің Жарлығымен жер жүзінде алғаш рет Семейдегі ядролық тажал полигонын жапты, сөйтіп, жаһандық ядролық қарусыздану үдерісінің басталуына белгі берді.
Екіншіден, ол КСРО-ның ядролық мұрасынан бас тартып, Қазақстанды ядролық қарусыз ел деп жариялады. Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қосылу және Ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы келісімге қол қою жөнінде шешім қабылдады.
Үшіншіден, Н.Назарбаев ядролық клубтың барлық мүшелерінен, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері – АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Францияда өз еліне қауіпсіздік кепілдігін алуға қол жеткізе алды.
Төртіншіден, Қазақстан Президенті 1992 жылы БҰҰ мінбесінен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыру идеясын жария етіп, оны іске асырды. Он жылдан кейін Алматыда АӨСШК саммиті болып, осы үдерістерді институттандыру туралы маңызды құжаттар қабылданды.
Бесіншіден, қазақстандық басшының бұрынғы кеңестік кеңістіктегі интеграциялық идеялары да ақиқатқа айналды. 2000 жылы Астанада Еуразиялық Экономикалық Қоғамдастық құрылды, он жылдан кейін – Кеден одағы дүниеге келді.
Алтыншыдан, Н.Назарбаев қазақтардың ұлт ретінде қалыптасқаннан бергі тарихында алғаш рет Қазақстанның көрші елдермен мемлекеттік шекарасын ресми түрде делимитациялады.
Жетіншіден, Н.Назарбаев Ресеймен Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге, Мәңгілік достық туралы декларацияға, Қытаймен Тату көршілестік, достық, және ынтымақтастық туралы келісімге, Орталық Азия елдерімен Мәңгілік достық туралы келісімге қол қойды. Сөйтіп, біздің еліміздің бүкіл шекарасы бойында қауіпсіздік аймағы құрылды.
Сегізіншіден, Қазақстан Н.Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздік жылдарында ТМД-дағы ең жоғары әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. Сөйтіп, халықаралық ортада өз орнын елеулі істерімен бекемдеді.
Тоғызыншыдан, өткен ғасырдағы қуғын-сүргін жылдарында туған жерден амалсыздан қол үзген біздің көптеген қандастарымыз Қазақстанға оралды.
Оныншыдан, Қазақстан ТМД мен Орталық Азия елдерінен алғаш рет ЕҚЫҰ секілді бірегей халықаралық ұйымды басқаруға қол жеткізді. Одан басқа Қазақстанға Ислам Конференциясы ұйымы секілді беделді ұйымға төрағалық ету құқығы да берілді.
Н.Назарбаевтың конфессияаралық келісім мен бейбітшілік туралы идеясы да өз жемісін берді. Сөйтіп, Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үш форумы өтті.
Әлемге танылу жолы – шырғалаңға толы, бірде тайғақ, бірде тұманды да ызғарлы, тосқауылдары, сынақтары мен қиындықтары мол азапты жол. Н.Назарбаевтың дарыны, жаңа тәуелсіз Қазақстанды қалыптастырудағы оның рөлі күмән туғызбайды. Ол қазақ ұлтының баршаға, күллі әлемге танылған Елбасы. Ол осы атпен елімізді аймақтық алпауыт мемлекеттер қатарына қосқан біртуар тұлға, мемлекет қайраткері мен саясаткер ретінде Тарихқа енді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы.