АСТАНА. 20 ақпан. Бас прокурор Асхат Дауылбаев АҚШ-жасаған жұмыс сапары барысында Федералды тергеу бюросы директорының орынбасары Марк Джулианомен кездесті. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Тараптар екіжақты құқықтық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, оның ішінде трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен күресу, қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға тосқауыл қою, сондай-ақ жедел ақпаратпен және жұмыс тәжірибесімен алмасу мәселелерін талқылады.
Бас прокурор экстремизм және терроризммен, киберқылмыспен күресу мәселелері бойынша ынтымақтастықтағы Федералды тергеу бюросының рөлін жоғары бағалап, прокуратура органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөніндегі Будапешт қаласындағы Құқық қорғау органдарының халықаралық академиясында ұйымдастырылған тренингке ризашылығын білдірді.
Тараптар қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне қарсы тұруда екі елдің құзыретті органдарының арасындағы өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтуға, қылмысқа қарсы күрестің аймақтық мәселелерін шешудегі ортақ тәсілдерді дайындауға мүдделілік танытты.
Жолдыбай Базар.
Дерек, сурет: Бас прокуратураның баспасөз қызметі.