АТЫРАУ. 20 ақпан. Атырау облысында Құлсары қаласынан Ақтөбе облысына бару үшін жолға шығып, қар құрсауына қалған 4 жолаушы құтқарылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Құлсары қаласының 4 тұрғыны 18 қаңтарда түске жақын «Лада Гранта» жеңіл көлігімен Ақтөбе облысына бару үшін жолға жиналған. Олар Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылында өтетін садақаға қатыспақ болған. Жолаушылар сол күні кешкілік 17.00. сағатта ағайындарымен телефон байланысына шыққанда Құлсары қаласынан 200 шақырым қашықтағы «Қаражар қыстағының маңындамыз» депті. Содан кейін олармен бірде-бір ұялы телефонмен байланысу мүмкін болмаған. Телефон байланысы үзілгеніне алаңдаған ағайындарының хабарлауымен 19 қаңтарда жолаушыларды іздеу басталды.
Іздеу жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінен «Трэкол» жол талғамайтын көлігі, құтқарушылар мен дәрігер жұмылдырылды. Көмекке «Доссормұнайгаз» басқармасының «Джип» көлігі мен мұнайшылар да қол ұшын созды. Жолаушыларды іздеушілер кеше кешкілік оларды Қызылқоға ауданы аумағындағы «Ақсуат» қыстауынан 18 шақырым жерден тапты. Белгілі болғанындай, жолаушылар көлігі қарға батып қалыпты. Бұл маңда ұялы байланыс желісі ұстамайды екен. Көліктегі төрт жолаушы –екі ер және екі әйел адам құтқарылды.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: Рахым Қойлыбаев.