• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2015

ПАРЛАМЕНТ

392 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстанның» арнаулы беті

Тарихтың қилы жолы

 Елбасының нұрлы жолына ұласты

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ хандығының 550 жылдығы – ұлттық тарихтың тағдыршешті кезеңі» ғылыми-тәжірибелік конференция­сында сөз сөйлеп, тәуелсіздікке қол жеткізудегі және қазіргі замандағы Қазақстан мемлекеттілігін қалып­тас­тырудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи зор үлесін атап көрсетті. Астанадағы Ұлттық мұражайда өткен бұл шараны ұйымдастыруға Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті ұйытқы болған-ды. Өз тарихымызды тануға арналған жиынның да айтары мен негізгі ойын Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамасында әріден қозғады. – Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес, деген халық даналығы бар. Тарих – бұл халықтың бүгіні мен болашағын айқындайтын бірден-бір маңызды көрсеткіш. Тарих – тұтас халықтарға, ұлттар мен ұлыстарға тән табиғи заңды құбылыс. Әр халықтың маңдайына біткен тағдырлы жолы осы тарих қойнауынан тамыр тартады. Сондықтан да, төл тарихын ұлықтап, ата-бабалар салған сара жолды ұстанған халық қана кемел келешекке нық сеніммен қадам басары анық, – деген Сенат спикері мұнан кейін бабалар мұратын жалғастырып, ел аманатын арқалап келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтылған Қазақ­стан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын, Қазақ хан­дығының 550 жылдығын атап өтетіндігімізді, ал бұл ұлттық таным-тарихымызды терең зерделеп, құнды жәдігерлерімізді ел жадында қайта жаңғырту және де бүгінгі күннің бедері – сан ғасырлық тарихи кезеңдердің дәйекті жалғасы екендігін атап көрсетті. Ұлттық тарихты білу және оны құрметтеу – Отанға деген сүйіс­пеншіліктің мызғымас негізі екені сөзсіз. Осы орайда, Қ.Тоқаевтың конференция барысында айтқан: «Қазақ тарихы тек толассыз шай­қас­тар мен күрестердің ғана емес, бейбіт өмірде жүргізілген келелі саясаттың да куәсі екенін атап өту қажет», деген пікірі Қазақ хандығының іргесі қаланған сәттен бастап ата-бабаларымыз көршілес елдермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатып, түрлі келісімдер жасасып, өзара сауда-саттық жүргізгендерімен, сол қарым-қатынастарда дәл қазіргідей жаһандану сипаттары болмағандығын анық атап көрсетті деген ойымен өрілді. – Сондықтан да, бүгінгі күннің тұрғысынан біз сол кезеңдегі мемлекеттік құрылымды қазіргі мемлекеттіліктің нышандарымен қатар қоя алмаймыз. Ол замандарда ел шекарасын айқындап, белгілеу туралы келісімдер жасасуға да ерекше мән берілмегені белгілі. Бұл, ең алдымен, сол кезеңдегі халықтың санына, сауда көлемінің аздығына және өзара қарым-қатынастардың жетіспеушілігіне байланысты болғаны күмәнсіз. Сондықтан да, бүгінгі таңда Жер шарын мекендеген 7 миллиардтан астам адам саны, жаппай жаһан­дану үдерістері мен ғылыми-тех­никалық ілгерілеудің қарқыны тұрғысынан салыстырғанда қазіргі мемлекеттілікке деген көзқарастың мүлдем өзгеше болуының заңды құбылыс екені түсінікті, – дей келіп, Қ.Тоқаев өз ойын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біздің еліміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін Көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орны­ға­ды. Сөйтіп, хандық дәуірге ­ұла­сып, кейін біртіндеп Тәуелсіздік­ке келіп тіреледі», – деген сөзімен түйді. Елбасының осы пайымды ойы мен осы пікірі ел тарихын зерттеуші ғалымдарға да, жалпы қоғамның тарихи танымы үшін де маңызы зор тұжырым екендігін атап айта отырып, қазіргі Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше, аумақтық шекарасы толық айқындалған, сыртқы саясаты сараланған, экономикасы жүйеленген, жаһандық бәсекеге қабілетті тәуелсіз мем­лекет. Мемлекетіміздің әлеумет­тік-эко­номикалық және рухани қай­та жаңғыру кезеңінде Елбасы ұсынған жаңа ұлттық тұжы­рым­дама – «Мәңгілік Ел» идея­­сы егемен еліміздің ертеңі үшін жасал­ған сенімді қадам. Қазір­­гі әлем­дік экономикалық дағдарыс жағ­дайында ел Прези­ден­ті хал­қы­мыздың мұрат-мүд­десін қамта­масыз етуге бағыт­талған «Нұрлы Жол» Жаңа эконо­микалық бағдар­ламасын ұсынды. Елба­сымыз­дың бүгінгі аумалы-төкпелі ахуалда Қазақ мемлекеттілігінің туын асқақтату жолындағы ұстаны­мы берік. Халық бірлігі, қоғам тұ­рақтылығы, мемлекеттің қарқын­ды дамуы – бүгінгі және бола­шақ өміріміздің мәңгілік құнды­лық­тары, егемендігіміздің мықты ір­гетасы. Елбасы айтып өткен­дей, ел егемендігі – біздің басты бай­лығымыз. Біз қандай жағдай болса да тәуелсіздіктен ешқашан бас тартпаймыз, деген осы бір тұжырыммен Қ.Тоқаев конференцияның идеялық мазмұнын ашып берді. Сенат спикерінің «Ел­басының қайратты күш-жігері мен стра­тегиялық көрегендігі арқа­сында біздің еліміз, шетелдік болжам­дарға қарамастан өзінің көп векторлы тарихында заңды түрде ресім­делген әрі шекарасы халық­аралық тұрғыда мойындалған табыс­ты және беделді мемлекетке айналды. Сондықтан, Президент Н.Назарбаев әлемдік жылнамаға тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы ретінде еніп отыр», деген пікірі де конференцияға қатысушы­лар тарапынан зор ықыласпен қабылданды. Сенат Төрағасы халқымыздың бай тарихы ғасырлар қойнауынан бастау алатынын, мыңдаған жыл­дар бойы Қазақстан аумағы түрлі өркениеттердің даму жолдары қиылысқан мекен болғанын және халықтардың ұлы көшінің жолдары жалғасып жатқанын айта келіп, біздің ата-бабаларымыз Еуразия даласының ауқымды кеңістігін игерді, материалдық және рухани мәдениеттің ерекше сипатын қалыптастырды. Бұл мәдени жетістіктер бүгінде күллі әлемде, оның ішінде БҰҰ-да мойындалып отырғандығы жайлы айтқаны да Қазақ елінің тағылымды тарихынан сыр толғағандай әсерге бөледі, көңіліміздегі өз елімізге деген мақтаныш сезімін оятты. Қазақ хандығының негізін салушылар – Жәнібек және Керей хандар ұлттық тарихта ерекше орын алады. Олар құрған мемлекеттік бірлестік біздің халқымыздың атымен алғаш рет аталғанына да баяндамашы айырықша назар аударды. «Біз тәуелсіздікке қандай қиындықпен қол жеткізгенімізді жақсы білеміз. Тәуелсіздік жолындағы күресте қазақ халқы ұлы жеңістердің де, ащы жеңілістердің де дәмін татты. Үздіксіз күрестерге толы тарихи тағылымнан ұғынарымыз – Мәңгілік Елдің ерекше ұстанымы – ел игілігі жолындағы халықтың ынтымағы», – дей отырып, Сенат Төрағасы дін, мәдениет, өрке­ниет қақтығыстары негізінде туын­­даған қазіргі замандағы әлемдік шие­леністердің сабақтары Мәңгілік Ел тұжы­рымдамасының маңыздылы­ғын нақтылайды, осындай күрделі жағдайда Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастаған Қазақстан түрлі ерек­ше­ліктер мен қиындықтар көрініс тапқан жаһандану жағдайын­­да еліміздің ұлттық мүдде­лерін се­німді қорғайтын мемле­кеттік сая­сат қалыптастыра алды де­ген тұжы­ры­мы арқылы бүгінгі күннің шынайы ақиқатын алға тартты. Қасиетті қазақ жерінде өмір сүріп жатқан әр ұлттың тарихи өтке­нін жинақтаған Қазақстан этнос­тық құрамы бойынша интер­на­ционалдық мемлекет болып та­бы­латындығын атап өткен Қ.Тоқаев біздің мемлекетіміздің жетіс­тіктері мен күш-қуаты – көп тұрпат­ты тұ­тастықта екеніне назар аудар­ды. «Келісім мен бірлікті ту еткен елі­міз – сан түрлі ұлт өкіл­дері­нің Отаны, татулық орнаған шаңы­рақ­тың айрықша үлгісі. Қа­зақ халқы­ның этностық ұлттық және діни төзім­ділігі бүкіл әлемде Еу­ра­зия­ құрлы­ғының басым бөлі­гіндегі тұ­рақтылық пен қауіпсіздікті қам­та­масыз етудің маңызды факторы ре­тінде белгілі», – деді Сенат Төрағасы. Қ.Тоқаев қазіргі замандағы тұрақсыздық жағдайында тарих ғылымының біріктіруші рөліне де тоқталды. «Тарих пәнінің міндеті – өскелең ұрпаққа өнегелі өткенге құрмет және біздің ата-бабамызға мақтаныш сезімін қалыптастыру болып табылады. Отандық тарихты білмей тұрып, отаншыл азамат қалыптаспақ емес. Сонымен бірге, жастар бейбітшілік пен келі­сім – жалпыға бірдей, баламасыз құндылық екенін түсінуі тиіс. Сон­дықтан, Елбасы атап өткендей, биыл­ғы жылы Қазақ хандығының 550 жыл­дығын байыпты түрде әрі еш даң­ғазасыз мерекелеудің сая­си ма­ңызы зор», – деді Сенат Төрағасы. Тәуелсіздікке қол жеткізудегі және қазіргі замандағы Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастырудағы Нұрсұлтан Әбішұлының ерекше үлесін атай отырып, Сенат Төр­ағасы қазақстандықтар қиын тағ­дырдың тар жол, тайғақ кешу­лерінен өтіп, ұлттардың әлемдік қоғамдастығынан лайықты орын алғанын, біздің еліміз барлық халық­аралық міндеттемелерді қалтқы­сыз орындап, бейбітшіл сырт­қы саясат жүргізіп, сонымен бірге, ұлт­тық мүд­делері де нәтижелі қорғалу­да екендігін орынды айтты және де «Ел егемендігі – біздің бас­ты байлығымыз. Біз қандай жағдай болса да тәуелсіздіктен ешқашан бас тартпаймыз», деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірімен өз ойын қорытындылады. Осы бір ойымен Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының қазіргі жүргізіп келе жатқан ішкі және сыртқы саясатын санамызға мықтап сің­діргендей әсер алдық. Біз мұны конференцияда сөз сөй­леген Мемлекеттік хатшы Гүл­­шара Әбдіқалықова­ның және Премьер-Министрдің ­орынбасары Бердібек Сапарбаев­тың ойларынан да аңғардық. Конференция барысында оған қатысушылар – Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, халық­аралық «Невада-Cемей» ядролық қаруға қарсы қозғалысының көш­басшысы, ақын Олжас Сүлейменов, Қорқыт ата ғылыми-зерттеу орта­лығының басшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жол­дасбеков сынды тұлғалардың арғы-бергі тарихтан терең сыр тарта сөйлеген сөздерін тыңдап, ай­рықша бір ләззат алғандай болды. Ұлттық тарихымызды зерделеу­ге арналған бұл конференцияға Қазақстанның белгілі тарихшылары, әр облыстардан арнайы кел­ген өкілдер мен жоғары оқу орын­да­ры­ның студент жастары қатысып, ға­нибетті тағылым алғандықтары сөз­­сіз еді. Өйткені, қазақ тарихы мен Қа­­зақ хандығы жайлы айтылған тың­ ойлар әркімге ой салғандығы және өзіміздің өткенімізге деген қы­зы­­ғушылығымызды тудырғаны анық. Конференцияға модераторлық еткен Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комите­тінің төрағасы А.Бижанов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан азамат­тарының өзара түсіністігі мен ынты­мағын нығайту, ел бірлігін сақтау жолындағы бүгінгі күннің ақиқа­тын өткен тарихымызбен байланыс­тырып отырудың, тарихтан сабақ алудың маңыздылығын атап көрсетті. Бұл конференция Қазақ хан­дығының 550 жылдығының тарихи сабағын қайта бір ой сарабынан өткізу арқылы бүгінгі ел тәуелсіздігі мен сол тәуелсіздікті баянды ету жолындағы Елбасының тарихи рөлін тани түсуге зор ықпалы тиген ел өміріндегі игі бір шара болғандығы анық. Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенат депутаты.

Қысқы отырысқа қатысу үстінде

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіз­дік комитетінің төраға­сы И.Адырбеков баста­ған қазақстандық пар­ламентшілер ЕҚЫҰ Пар­ламенттік Ассамблеясының Қысқы 14-ші отырысына­ қатысуда. Делегация құ­рамына Сенат депутат­тары В.Бобров пен Д.Құсдәу­летов және Мәжіліс депу­таттары Қ.Сұлтанов пен С.Бычкова енген болатын. 18 ақпанда Қазақстан Рес­пуб­ликасының делегациясы Австрия Ұлттық кеңесінің (Парламентінің) Екінші Президенті Карлхайнц Копфпен кездесті. Әңгіме бары­сында Қазақстан мен Австрия­ның ынтымақтастығы, парла­мент­аралық байланыстар мәселелері талқыланды. Жүздесушілер жал­пыға бірдей жаһандану жағдайында өзара іс-қимылдың ең қажетті құ­ралдарының бірі парламенттік дипломатия екенін атап өтті. Кездесуге қатысушылар ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің парла­ментшілері осы Ұйымның күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға тартылғанына назар аударды. Екіжақты ынтымақтастық тұрғысында қазақстандық тарап 2017-2018 жылдарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі құрамына ену жөніндегі Қазақстанның өтінішін Австрияның қолдауын өтінді. Қазақстан делегациясы Австрия Парламентінің депутаттарын ха­лықаралық қоғамдастықтағы бел­сенді және сындарлы мүшесі ре­тінде еліміздегі саяси, экономи­калық басымдықтар мен нақты шаралар туралы хабардар етті. Сондай-ақ, «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы, «Нұрлы Жол – бола­шаққа бастар жол» Жаңа Эконо­микалық Саясаты, халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі, Қазақ­станның ДСҰ-ға кіру үдеріс­терін­дегі «Жасыл энергия» және «Жасыл көпір» бастамалары, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алдағы бесінші съезі мен Астана экономикалық форумы туралы да айтылды. Қазақстан делегациясының мүшелері австриялық әріптестерін осы шараларға қатысуға шақырды. ЕҚЫҰ күн тәртібінің аясында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөнін­дегі ұйымға қатысушы елдер елеулі үлес қосқан Украина­дағы жағдайды реттеу жөнін­дегі халықаралық күш-жігер мәселе­лері талқыланды. Тараптардың пікірінше, Украина төңірегіндегі шиеленістерді реттеу үшін ЕҚЫҰ күш-жігері көп­жақты құры­лым ретінде оңтайлы бо­лып отыр. Бұл тұрғыда аймақ­тағы тұ­рақтылықтың кепілі, қақты­ғыстарды бейбіт шешуді жақтау­шы және оған белсенді қатысу­шы ретінде Қазақстанның рөлі ерек­ше атап өтілді, деп хабарлады Қа­зақстан Республикасы Пар­ламенті Сенатының баспасөз қызметі.

Балаға балалық сыйлайтын жоба

Ол жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғайтын болады

«Нұр Отан» партиясы «Бақытты балалық» жобасын жүзеге асырып, өз баласынан бас тарту мен ата-аналық жауапкершіліктен жалтаруға байланысты қоғамда төзбеушілік көзқарас қалыптастыруға күш салып отыр. Осыған орай партия фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетімен бірлесіп, жетім балаларды отбасыларға орналастыру жайын талқыға салды. Отырысты Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының жанындағы Әлеуметтік кеңес төрайымы депутат Айткүл Са­мақова жүргізіп отырды. Сөз ре­ті келгенде, фракция мү­ше­ле­рі А.Самақова мен С.Ферхо елор­дадағы балалар үйінде болған­дығын айта кеткен жөн. Соның барысында депутаттар жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыларға орналастыру барысында пайда болатын түйткілдер барысын жан-жақты сұрап білген көрінеді. Жалпы, еліміз заңнамасына сәйкес, бір баланы күткені үшін ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш көле­мінде жәрдемақы төленеді екен. Бұдан басқа, патронаттық тәрбиелеушілерге – жасына байланысты бір баланы күту үшін 9-10 АЕК көлемінде ай сайын жәрдемақы және білімі мен өтіліне байланысты тәрбиелеушіге айлық беріледі. Сонымен қатар, 2015 жылдан бастап бала асырап алушыға 75 АЕК (шамамен 148 мың теңге) көлемінде бір реттік ақшалай төлем қарас­тырылған. «Жетімдерді тәрбие­леудің отбасылық үлгісін дәріп­теуді күшейту, зерттеу, жинақтау және аталған мәселе шеші­мінің озық тәжірибесін тарату керек. Отбасылық институтты нығайтып, жетім балаларға деген қалыптасқан көзқарасты өзгерту қажет», деп атап кетті «Нұр Отан» партиясы фракциясы Әлеуметтік кеңесінің төрайымы. Жетім балаларды отбасыларға орналастыру жайын талқыға салған Кеңес мүшелері мемлекет тарапынан қабылданып жатқан іс-шаралардың нәтижесінде жыл сайын балалар үйінде тәрбиеленушілер санының 10 пайызға азайып отырғандығына назар аудартты. Білім және ғы­лым вице-министрі Есенғазы Иман­ға­лиевтің мәліметіне қа­раған­да, рес­публикада 32 362 жетім және ата-анасының қам­қор­­лы­ғын­сыз қалған бала бар. «Олар­дың ішінде 21 350 жетім бала қазақстандық азаматтардың қамқорлығында тәрбиеленуде, 1 820-сы – патронаттық тәрбиелеуге алынған. Соңғы жылдардағы қамқорлыққа алынған балалар санының көбеюі, ең алдымен, ма­териалдық ынталандырудың өсуімен байланысты болып отыр», деді вице-министр тәрбие­ленушілер санының азайып бара жатқанына түсінік бере кетіп. Осылайша талқылаудан өткен мәселе бойынша Үкіметке арнайы ұсынымдар жобасы әзір­лен­ді. Онда босаған балалар үйін қиын­шылықта қалған отбасы­лар мен жетім балаларды қорғау орталықтарына айналдыру; ата-аналарынан алиментті міндетті түрде алу; жетім және ата-ана­сы­ның қамқорлығынсыз қалған балалар туралы бірыңғай база құру сияқты ұсыныстар бар. Жалпы, партия «Бақытты балалық» жобасы арқылы қоғам назарын осы мәселеге барынша аударуды көздеп отыр. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».

Маңызды мәселелерге назар аударылды

Мәжілісте халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелеріне қатысты заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының алғашқы отырысы болып өтті. Айта кету керек, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мемлекет басшысының 2014 жылғы 4 мамырдағы берген тапсырмасына орай әзірленген болатын. Үкіметтің заң жобасына берген түсіндірмесінде көші-қон заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жаһандану қатерлеріне және әлемдік дамудың тұрақсыздығына, сондай-ақ, мемлекеттің ішкі дамуының жаңа кезеңіне және әлеуметтік-еңбек қатынастарын жаңғыртуға байланысты болып отырғаны атап өтілген. Заң жобасын қабылдау мақ­са­ты этностық, ішкі көші-қон, шет­ел­дік жұмыс күшін тартуды, заңнама­лық деңгейде этнос­тық қазақтар­дың келуі мен қоныс­тануының бірыңғай шарттарын құруды, оларды қоныстандыру өңіріне қарай әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен қатар, оралмандардың басым өңірлерде қоныстануын ынталандыру, еңбек ресурстарын жұмыс күші артық өңірлерден жұ­мыс күші аз өңірлерге қайта бө­лу және елге жоғары білікті ма­ман­дар тарту салаларындағы көші-қон саяса­тын жетілдіру қажет. Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Гүлнәр Сейітмағанбетова бұл заң жобасының біздің қоғам үшін және көші-қон мәселеле­рін­ рет­туде маңызды екенін алға тартты. Мәжілістің Әлеу­­меттік-мәдени даму комитетінің мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі Гүл­нәр Сейітмағанбетова отырыс­қа депутаттар және мүдделі ми­нистрліктер мен ведомстволар өкілдері қатысып отырғанын айтып өтті. Жұмыс тобының мүшелері заң жобасын Салыстырма кестеге енген баптар бойынша жеке-жеке қарады. Бүгінгі күнге дейін салыс­тырма кестеге салалық комитеттер мен депутаттар ұсынған 140 түзету енгізілген. Жұмыс тобының отыры­сы­на қатысқан Мәжіліс депутат­та­ры Үсенгелді Медеуов, Құтты­қожа­ Ыдырысов, Алмас Тұртаев, Гүлмира Исімбаева, Майра Айсина, Ольга Киколенко, Надежда Петухова Салыстырма кестеге енгізілген түзетулерді сарапқа салды. Депутаттардың заң жобасын талқылауда және ұсыныстар беруде белсенділік танытып отырғанын атап өту қажет. Жұмыс тобының келесі отырысы алдағы аптаның бейсенбісі күні жалғасын табатын болды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».