• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
08 Шілде, 2010

ШІЛДЕХАНА, БЕСІК ТОЙ...

1167 рет
көрсетілді

6 шілде күні облыста 83 нәресте дүниеге келіп, олардың көбісіне Нұрсұлтан, Астанай, Нұрай есімдері берілді “Өмірдің бір қызығы бала деген”. Шынында дүниеге шыр етіп нәресте келген сәттен артық қуаныш жоқ. Оған әке де, ана да, ата да, әже де, бала да, бауыр да қуанады. Қуаныштың соңы “ал енді бұл шақалақтың есімін кім қоямыз?” деген тату-тәтті пікір­та­ласқа ұласады. Біздің елімізде 6 шілде күні дүниеге келген ұл-қызға, меніңше, ата-аналар мен ата-әжелер “Мұның атын кім қоямыз?” деп көп ой­ла­нып, көп толғанбайтын сияқты. Өйткені, бұл елордамыз – Астана қа­ласының туған күні! Ол аз десе­ңіз, тәуелсіз Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаев та дәл осы күні іңкәр дүниенің есігін іңгәлап ашыпты. Сондықтан болар, Жамбыл об­лыс­тық іскер әйелдер ассоциа­циясы­ның төрайымы Гүлдара Нұрымова бастаған жайсаң қыз-келіншектер осы күні облыстық перинаталдық орталықты бетке алды. Бетке ал­ған­да, сәбилер ің­гә­лаған ғимарат­тың табалдырығынан бағалы сый-сияпаттармен аттады. 6 шілде күні облыстық пери­на­тал­дық орталықта 17 нәресте дү­ниеге келіпті. Ал 7 жас ана елорда мен Елбасының туған күні дүниеге келген нәрестелерінің атын Нұр­сұлтан деп қоямыз деп таңдап та үлгеріпті. Сондай-ақ, қыздарының есімдерін Астанай, Нұрай, Нұ­р­айым деп қоюды ойластырып отырған аналар да табылды. Яғни, енді Байзақ ауданының тұрғыны Райхан Аманбаева, Жамбыл ауда­ны­ның тұрғыны Жұлдыз Жұма­бае­ва, Қордай ауданының тұрғыны Айгүл Жұманова, Жуалы ауданы­ның тұрғыны Нарима Қазым­ха­но­ва, Тұрар Рысқұлов атындағы аудан­ның тұрғыны Айнұр Ертае­ва­лардың ұлдарының аты Елбасы есімі құрметіне – Нұрсұлтан деп аталатын болады. Ал Жамбыл ауданының тағы бір тұрғыны Әйгерім Бекболова қызының есімін Астанай деп қой­ғысы келсе, Луговой бекетінің тұр­ғыны Нұргүл Қаработаева Нұрай деп атауды қалапты. Жалпы бұл күні облыс бой­ын­ша 83 сәби дүниеге келіп, оның 43-і ұл, 40-ы қыз болып шықты. Тараз қаласындағы №1 қалалық пер­зентхана шаңырағы да ақар-шақар қуанышқа толы. Мұнда 6 шілде күні 22 нәресте дүниеге келіпті. Ал Қордай ауданында – 12, Меркі ауданында 7 сәби өмір есігін ашқан. Облыстың бас­қа аудандарында да көптеген нә­рес­телер жарық дүниемен іңгәлай сәлемдесіпті. Әлбетте, олардың ата-аналары да перзенттеріне елдің арғы-бергі тарихындағы ең қа­лаулы ұл-қыздарының сүйікті есімдерін қоятыны сөзсіз. Көп бала – көбеюдің кепілі. Өсіп-өнудің өрісі. “Атадан алтау ту­ғанның, жүрегінің бастары ал­тын менен бу болар, атадан жал­ғыз туғанның, жүрегінің бастары сары да жалқын су болар, жал­ғыз­дық сені қайтейін. Жағама қолдың тигенін, жалғыздық сенен көре­мін, жамаулы киім кигенім, жар­лылық сенен көремін. Атадан ту­дым жалқы боп, жақыннан көрдім талқы көп, жасым жетпей он беске, қорғайтын жан адам жоқ, жасым жетіп он беске, кірер ме екем кеңеске, бұғана қатып, бел бекіп, ерегіскен дұшпанмен, шығар күн туса күреске”, деген қайран Ақтамберді жырау не деген көреген, не деген дана еді!.. Ал ата жырау арманын ел деңг­ейінде пайымдар болсақ, Жам­был облысындағы мына жақ­сы дәстүр сол арманның орындала бастағанын аңғартса керек. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.