• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2015

Қазанатты іздеген қазақ

522 рет
көрсетілді

Ұлттық ат спорты федерациясының президенті, «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалысының тең төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек ТҮГЕЛМЕН әңгіме. – Алдымен, кіндік қаны­ңыз тамып, туып-өскен өл­кеңіз туралы айтып берсеңіз? – Дұрыс айтасыз, алдымен оқырмандарды өмір­баяныммен және туып-өскен ауылыммен, оның ғажайып табиғатымен таныстыра кетуді жөн көріп тұрмын. Менің кіндік қаным тамған жер, бар қазақтың ырысы мен берекесі саналатын Өр Алтай, Асқар Алтай, асау Ертіс, Ерке Ертіс өңірі. Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанының 10 жылдығын 1955 жылы бүкіл халық болып атап өтуге ар­нал­ған дайындықтың қызған шағында қарапайым еңбек адамдары «Қызыл Ту» колхозының жылқышылар бригадасының бригадирі Түгел Құмарұлы мен колхоз жұмысшысы Мәрия Түгел келінінің шаңырағында мен жетінші бала болып мынау жарық дүниеге келдім. Туыс-жақындарымның айтуынша, мен жарық дүние есігін ашар күннің алдында көрші әйел босанып, үш қыз туыпты. Ең қызығы, Нағыш тәтеміз үш күн қатарынан толғатып, босанған. Дүниеге үш егіз қыз әкелген. Нәрестелердің біреуі – 20, екіншісі – 21, үшіншісі – 22 күні туған. Ауылда үш күн бойы шілдехана тойы өтеді. Енді болды ма дегенде, төртінші күні 1955 жылдың 23-ақпанында мен туыппын. Сонда біздің Сатый ауылы атқа мінер ұл келді деп қуанып, бір жұма тойлаған екен. – Астанаға келуіңіз, атқарған жұмыс­тарыңыз, алған әсерлеріңіз туралы айтсаңыз? – Мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі таңдап, өзі негізін салып, өзі іргетасын қалаған жаңа елордамыз – Астана қаласын жанымдай жақсы көремін. Осы шаһарда менің де бағым жанып, жұлдызым жарқырады. Тағдырдың қалауымен маған жаңа Астананың тұңғыш баспасөз хатшысы болу бақыты бұйырды. Бірінші күннен бастап 17 жылдың ішінде әсем қала, ертегі шаһар Астанамен біте қайнасып кеткенмін. Осында ұлымызды үйлендіріп, қызымызды тұрмысқа ұзаттық. Қазір жұбайым Қайкен екеуіміз олардан 5 немере сүйіп отырмыз. Астана маған әдебиет кеңістігіне жол ашты, қаламгер болып қалыптасуыма ықпал етіп отыр. Қолым қалт етсе, қаламымды алып Астанаға арналған шығармалар жазамын. Қазір cенімді әріптестеріммен бірігіп Астана қаласының және еліміздің ақпарат кеңістігінде өз орны бар «ТҮГЕЛ МЕДИА» атты қуатты ақпараттық серіктестік ашып, оның жұмысын үзбей жүргізіп келеміз. Бірлестік «Қазанат», «Құлыным», «Біз, Астаналықтар!», «Ұлы дала қырандары», «Керемет той», «Журналистер әлемі», «Ұлттық спорт» атты журналдарды шығарады. Жалпы алғанда, бірлестіктің құрамында 15 БАҚ бар. Осы журналдар, баспасөз клубтары, газет, сайттар ел егемендігі мен Астанаға адал қызмет істейді және істей береді. – Бүкіл елге мәлім, ел егемендігін алған тұста «Қайдасың, қазағымның қазанаты?!», деп, ең алғаш қазанат тақырыбын қозғаған сіз болатынсыз. Сіз шырылдап жүріп қоғам­да «Қазанат» ұғымын қалыптастыра ал­дыңыз. Ол сізге оңайға түскен жоқ. Қазанат тақырыбына байланысты сіздің адресіңізге сан алуан пікірлер айтылды. Бұл «миф» немесе «өзі қазанат деген сөз қайдан шықты, Сәдібек оны қайдан алды» деп байбалам салушылар кездесті. Мен оған куәмін. Енді осы әңгіме туралы өз ауызыңыздан естігеніміз дұрыс болар еді... – Мен «Қазанат» сөзін ең алғаш әкем Түгелден бес жасымда 1960 жылы естідім. 2004 жылы «Фолиант» баспасынан басылып жарыққа шыққан «Қайдасың қазағым­ның қазанаты?!» деген кітабымда – «Мен қа­зағымның қазанатын іздеп жүрген жанмын! Қазанат халқымыздың қанаты, қорғаны, айбыны болғаны рас. Қазанаты болғанда халық қор болмаған. Әйгілі философ жазушы ағамыз Асқар Сүлейменов: «Осы басқалар қайдан жаралсын, мейлі маймылдан болсын, шатағым жоқ. Дәл біздің қазақ жылқыдан, тұлпардан туған!», деген еді. Жазушы сөзінің жаны бар. Қазақ – жылқы мінезді, рухы биік, Ер халық! Қазанат – қазақтың сахарасы, Ұлы даласының екінші есімі. Осыншама кең даланы меңгеру үшін, осыншама шалғайлықты қаусыру үшін тек қазанаттың ғана жалы мен белі, тұяғының желі керек болды. Бұл сөзіме тарих – куә», деп жаздым. Менің зерттеуімде, қазанат – алыс жорықтарға мінетін жауынгер жылқылар, азынаған айғырлар! 2006 жылы Кеңес Рақышевпен бірге жазып «Таймас» баспа үйінен үш тілде жарыққа шыққан «Қазанат» кітап-энциклопедиясы ТМД елдері арасында Мәскеу қаласында өткізілген «Кітап өнері» атты беделді халықаралық байқаудың жеңімпазы болып танылды. Сол жылы «Қазанат» кітабы еліміз бойынша жылдың ең үздік басылымы ретінде тарихта қалды. «Жақсының жақсылығын айт нұры – тасысын» демей ме, біздің қазақ. 2004 жылдың 15 қарашасы күні жаңа елордамыз – Астана қаласының Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театрында менің «Көк күмбезді – Астана» – «Астана – город солнечной мечты» және «Қайдасың, қазағымның қазанаты?!» – «Джигиты и аргымаки Казахстана» атты қазақ және орыс тілдерінде шыққан қос кітабымның тұсаукесері өтті. Ертеңінде Кеңес Рақышев телефон шалып, кітапқа байланысты кездесуді қалады. «Аға, сіздің «Қайдасың, қазағымның қазанаты?!» – «Джигиты и аргымаки Казахстана» деп аталатын шығармаңызды оқып шықтым. Маған ұнады. Жаза алады екенсіз. Бұл орайда менің нақты ұсынысым бар. Осы тақырыпты одан әрі жалғастыру қажет сияқты. Ашығын айту керек, жылқы туралы көп айтамыз, бірақ бізде бұл бағытта әдебиеттер өте аз. Тіпті, жоқтың қасы деу­ге болады. Жылқы әлеміне ар­налған толыққанды, үлкен энциклопедия-кітап шығар­сақ деп ойлаймын. Соны сіз жазсаңыз дұрыс болар еді. Осы тақырыпта жазу сіздің қолыңыздан келеді екен» деп тілегін білдірді. – «Кеңес бауы­рым, мен жазуға дайынмын. Біріншіден, бұған көп ізденіп, көп еңбектену қажет. Оны мен өз мойныма аламын. Екіншіден, баспаханадан басып шығару үшін қаражат керек» дегенге, Кеңес, басылым шығынын мен көтеремін деп нық жауап қатты. Кеңес Рақышев сөзінде тұратын азамат екен. Айтқан уәдесін толығымен орындап шықты. Қазір бестселлерге айналған «Қазанат» кітап-энциклопедиясы осылай өмірге келді. – Ұлы Даламыздың даңқты тұлпары, небір атақты ақын-жыраулардың жыр-дастандарына арқау болған Құлагерге ескерткіш тұрғызуыңыз ұлт руханиятындағы үлкен оқиға болды. Басыңызды бәйгеге тігіп, дүние-мүлкіңізді ломбардқа өткізіп, нартәуекелге салдыңыз. Сонымен, ломбардқа жүгінуіңізге кім сізді мәжбүрледі?! Осындай фанатизм неге керек? Оқырмандарға түсінікті болу үшін толығырақ айтып берсеңіз... – Жағдай мәжбүрледі. Жігіттермен алдын ала кеңескен соң, олардың уәделеріне орай бұл жұмысты 2008 жылдың соңғы айларында бастап кеттім. Идея мақұлданды, жос­пар жасалынды, ондаған эскиздің нұсқалары істелінді, оған танымал азаматтар қатысты. Белгілі архитектор Сұлтан Ильяев жасаған вариантты министр Мұхтар Құл-Мұхаммед басқарған мемлекеттік комиссия 2009 жылдың қаңтар айында бекітті. Бірақ ескерткіш тұрғызуға ақша болмады. Уәделерін үйіп-төгіп берген жігіттер, дағдарыстың салдарынан суы тартылған өзендердегі балықтардай қарбалаңдап қалды. Енді қайттік? Дағдарысты тоссақ, ескерткіш салынбайды. Сондықтан, маған жігіттік нартәуекелге баруға тура келді. Соның арқасында, Құлагер ескерткіші межеленген мерзімінде салынып, ел алдындағы уәдемді орындап шықтым. – Сәке, сіз ұлттық ат спорты федерация­сы­ның негізін қалаушы, ұлттық спорт түрлері қауымдастығының өмірге келуіне ұйытқы болған азаматтардың бірісіз. Ұлттық ат спорты түрлерінің федерациясы қашан құрылды? – Ұлттық спортты дамыту ел тәуелсіздігінің арқасында тоқсаныншы жылдардың басында қолға алына басталды. Оны көтерген Айып Құсайынов, Бошай Кітапбаев, Анатөлі Құлназаров, Сайлау Тұрыскелдин, Бердібек Сапарбаев, Иманғали Тасмағамбетов, Амалбек Тшанов, Серік Үмбетов сынды азаматтар. Соның арқасында еліміздің көптеген облыстарында ат спорты ойындары жиі өткізіле бастады. Сол тұста ұлттық өнерге сусап қалған қауымның тамашалағаны аса бір керемет болатын. Дегенмен, қайта түлеп жатқан ұлттық ойындардың белгілі жүйесі, бекітілген ережесі болмағандықтан, көптеген олқылықтар кетті. Аударыспақ, көкпар ойындарын өткізуге қарсылар да табылып, аяқтан шалушылар көп болды. Бұлай жүре берсе, ат спорты жастарды қызықтырудан қала ма деп қорықтық. Белгілі бір жүйе, ережеге бағынбаған істің кетеуі кететінін түсініп, 1995 жылдың қаңтарында Жастар ісі, туризм және спорт министріне хат жаздым. Абырой болғанда, бұл хат министрліктің сол кездегі бөлім меңгерушісі Елсияр Қанағатов­тың қолына тиді. Біздерге сол тұста шын ниетімен көмек жасаған Елсияр бауырға әлі күні алғысымыз шексіз. Сонымен, менің хатымның негізінде Қилан Нұртазинов, Кендебай Әбішев сынды бірқатар жігіттер тізе қосып, ақырында ұлттық ойындар ережелерінің алғашқы нұсқасын жаздық. Сосын ережелер дайын болғаннан кейін 1996 жылдың 1 наурызында Алматы қаласында тұңғыш рет қазақ атбегілерінің құрылтай конференциясын ұйымдастырдық. Бұл күн – Ұлттық ат спорты түрлерінің федерациясы үшін тарихи дата болып есте қалды. Ал қазір Ұлттық ат спорты федерациясы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына айналып, ол өз құрамына 27 федерацияны біріктірді. Қауымдастықтың құрамында облыстық, аудандық филиалдарымыз бар. Құрылғаннан бері жүздеген халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық жарыстар өткіздік. Рес­публика бойынша 11 ұлттық спорт мектебі, 17 ат спортының клубтары мен орталықтары, 27 ипподромдар жұмыс істейді. 23 жылдың ішінде бүкіл Қазақстан бойын­­ша ұлттық спорттың барлық түрлеріне 18475 әр­түрлі жарыстар, шаралар, басқосулар өткі­зілген. Халықаралық «Көкбөрі» федерациясын­ құрдық. Бұл – зор жетістік деп ойлаймын. Қауым­дастықтың құрамында 1 миллиондай адамдар бар. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».