Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінде вице-министр Асқар Жұмағалиевтің төрағалығымен «Кселл» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС және «Алтел» ЖШС байланыс операторларының кеңесі өтті.
Операторлар арасындағы келіссөздер нәтижесінде 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап интерконнект мөлшерлемесін минутына 11,10 теңгеден 8 теңгеге (ҚҚС-сыз) дейін төмендету туралы шешім қабылданды.
«Біз операторларға бір жерде жиналып, бір шешімге келуге мүмкіндік бердік. Нәтижесінде, интерконнект биыл 28%-ға төмендейді. Бұл ұялы байланыс қызметтері нарығындағы бәсекелестікті дамытып, абоненттердің шығындарын азайтады», деп атап өтті Асқар Жұмағалиев.
Бұдан басқа, Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, кездесу барысында операторлар 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық ұялы операторлар үшін интерконнект мөлшерлемесін минутына (ҚҚС-сыз) 5 теңге көлемінде бекітуге келісті.
Естеріңізге сала кетейік, интерконнект – операторлар арасындағы желіаралық байланыс. Интерконнект мөлшерлемесі бір оператордың басқа операторға өз абонентінің желіден тыс қоңырау шалғанда сөйлесудің әрбір минуты үшін төлейтін соманы анықтайды.
Қазақстанда интерконнект ставкасы 11 жыл бойы өзгермей, (ҚҚС-сыз) 19,98 теңге құраған. 2010-2012 жылдар аралығында ұялы байланыс операторларымен келісім бойынша интерконнект мөлшерлемесі 19,98 теңгеден 15,3 теңгеге дейін (ҚҚС-сыз) төмендетілген. 2012 жылдың желтоқсанында ұялы байланыс операторлары үш жыл ішінде жыл сайын 15%-ға интерконнект мөлшерлемесін төмендету жөніндегі меморандумға қол қойған.
Сонымен қатар, ҚР ИДМ Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті «Кселл» АҚ және «Кар-Тел» ЖШС интерконнект бағасына сараптама өткізген болатын. Сараптама қорытындысы бойынша операторларға 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап интерконнект мөлшерлемесін 11,10 теңгеден 8,88 теңгеге (ҚҚС-сыз) дейін төмендету қажеттілігі туралы қорытынды жіберілді.
«Егемен-ақпарат».