Кеше Астана қаласының әкімдігі және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы арасында кәсіпқой спортты дамыту саласындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қою рәсімі болып өтті.
Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков пен «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Өмірзақ Шөкеев қол қойған бұл меморандум өзара ынтымақтасты жетілдірудің, атап айтқанда, Елбасының қолдауымен 2012 жылдың желтоқсанында құрылған «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубын дамыту бойынша бірлесе жұмыс істеудің басым бағыттарын белгіледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастардың спортпен барынша етене араласуына, оның ішінде жастар арасында кәсіпқой спортты дамытуға барынша қамқорлық жасап келеді.
– Мемлекет басшысының саламатты өмір салтын қалыптастыру, денешынықтыру және кәсіпқой спорт салаларына қатысты тапсырмаларын орындау – біздің ортақ міндетіміз. Әкімдік пен «Астана» спорт клубының бірлескен әрекеті негізінде біз денешынықтырумен жүйелі түрде шұғылданатындардың санын арттырып, елорданың спорттық нысандар желісі мен сауықтыру демалыс инфрақұрылымын кеңейтуіміз қажет. Әкімдік өз тарапынан денешынықтыру және спортты дамыту мен насихаттау бойынша клубпен кез келген уақытта ынтымақтасуға дайын, – деді қала әкімі.
Өмірзақ Шөкеевтің айтуы бойынша, Астана қаласы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ-тың кәсіпқой спортты дамыту бағытындағы бірлескен кешенді жұмыс шаралары болашақта қазақстандық спортшылардың халықаралық сайыстарда нәтижелі жеңістерге жетулеріне сөзсіз ықпалын тигізуі тиіс.
Қазіргі уақытта «Астана» ПКСК құрамына отандық ең үздік спорт клубтары – әлемге әйгілі кәсіпқой велокоманда, баскетбол және футбол клубтары, «Барыс» хоккей клубы, Дакар жолдарын бағындырған «Astana motorsports» командасы, «Astana Arlans» боксшылары, ат сайыс пен судағы поло командалары және ұлттық күресті дамытуға арналған бірегей «Қазақстан барысы» жобасы шоғырланған. Ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин және конькимен мәнерлеп сырғанаудан Олимпия ойындарының қола жүлдегері, 2015 жылғы төрт құрлықтың чемпионы Денис Тен есімдері де «Астана» брендімен төрткүл дүниеге түгел танылды. Алдағы уақытта «Астана» ПКСК жаһандық спорт алаңдарында еліміздің Көк байрағын асқақ желбірететін талай саңлақтарды тәрбиелеп шығаратыны сөзсіз.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».