• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2015

«Самұрық-Қазына» трансформациямен табысын үстейді

261 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникация қызметінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев баспасөз мәслихатын өткізді. Ол Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктелген тапсырмалардың орындалуы мен «Нұрлы Жол» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы, сондай-ақ қордың компаниялар тобының жетістіктері жөнінде айтты. Соңғы жылдағы қиындықтарға қарамай, ұлттық әл-ауқат қоры алға қойған міндеттерді еңсеріп келе жатқанын жеткізген қоғам төрағасы  өткен жылдың табыстарын тізбектеді. «Былтыр дағдарыс басталған жыл болғанына қарамастан, «Самұрық-Қазынаның» таза табысы 458 млрд. теңгені құрады. Бұл ретте қорға қарасты компаниялар тиімділігінің басты өлшемі саналатын операциялық табыстың көрсеткіші 19,52 пайыз болды. Жалпы алып қарайтын болсақ, қорға қарасты компаниялар былтырғы жылы жалпы құны 2 млрд. 900 млн. долларға жеткен 13 жобаны нәтижелі аяқтады. Мұнымен қоса, жобалардың жүзеге асырылуының арқасында 5 мың 600 уақытша, ал 1 мың 200 тұрақты жұмыс орны ашылды», деді Ө.Шөкеев. Ұлттық қор ақша үнемдеу мақсатымен, өзіне қарасты компаниялар тобының биылға арналған шығыстарын 337 млрд. теңгеге қысқартып, оңтайландырыпты. Нақты сандарға жүгінсек, әкімшілік шығыстар 64 млрд. теңгені, ал күрделі шығыстар 240 млрд. теңгені құрайды екен. Қор басшысының айтқанына қарағанда, қысқарту жұмысы мейлінше күрделі болып табылатын үлкен компанияларда бірталай шаралар атқарылыпты. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының менеджменттік шығыстары ағымдағы жылы 134 млрд. теңгеге ортайса, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бюджеті 84 млрд. теңгеге қысқартылмақ көрінеді. «Қаражатты осыншама қысқарта отырып, жұмыс нәтижесін сақтау аса күрделі шаруа. Дегенмен, ағым­дағы шығыстар бойынша өнді­рістегі қызметкерлердің жалақысы сақ­талады, бюджетке міндетті салықтар да төленеді, өзге де әлеуметтік қол­даулар секілді баптар өз қалпында қалдырылады», деді төраға. Қазіргі таңда «Самұрық-Қазынаға» қарасты компаниялардың, соның ішінде ұйымдық құрылымдардың барлығында тереңдетілген күрделі қайта құру жұмыстары жүріп жатыр екен. Нақтыласақ, компаниялар тобы бойынша бизнес үдерістері жаңа үлгіге көшірілуде. Жұмысқа жал­дау, тестілеу, кадрларды кө­тер­мелеу, қызметкерлерді жұмыстан босатудың барлық тетік-ережелері қайта пысықталуда. Мұндағы мә­селе, әкімшілік-басқару персонал­дарына қатысты болып отыр. Бас­қарушылықтан бөлек, өндірістік технологиялар да қайта тәптіштеледі. Сондай-ақ, қор аясындағы трансфор­мацияға қатысты жұмыстар еншілес компанияларда жүргізілуде екен. Аталған шараға орай «Қаз­Мұ­найГаз», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы», «Қазатомөнеркәсіп», «Самұрық-Энерго» секілді ком­па­ниялардың менеджменті белсенді жұмысқа кірісіп те кетіпті. Шамамен компаниялардың 750 қызметкері жаңғырту командасына шоғырланған. Мәселен, ҚТЖ жаңа корпоративтік мәдениетті енгізу деңгейінен өтуде. Ал «Қазпошта» АҚ өз қызметтерінің сапасын арттырып, бәсекеге қабілетсіздік себептерін айқындаумен айналысып жатқан көрінеді. «Трансформация аясында «Қазатомөнеркәсіп» өзінің стратегиялық басымдықтарына жіті мән бере бастады. Бұл компанияның алдағы мақсаты әлем нарығында баға қалыптастыру қызметін тұтынушы емес, керісінше, әлемдік нарықтағы бағаны қалыптастырушы болуы керек. Бұған компанияның мүмкіндіктері жетеді», деді Ө.Шөкеев. Осы кезеңде жеті ірі компания­да операциялық трансформация жұ­мыстары жүзеге асырылуда. Барлық компаниялар бойынша шамамен 40-қа жуық бизнес үдерісі аясында мұқият талдау жұмыстары жүр­гізілген соң, жаңа негізгі көрсет­кіштер айқындалмақ көрінеді. «Транс­формация төңірегіндегі рефор­маның тиімділігіне келсек, тек бір ғана «Қазақстан темір жолы» компаниясының өзі жыл сайын 20 млрд. теңгенің тиімділігін сезінетін болады. Салыстырмалы түрде алсақ, ҚТЖ-ның былтырғы таза табысы 27,3 млрд. теңгені құрады. Ал біз осы бағдарламаның арқасында ол көрсеткішті екі есеге жуық арттыра аламыз», деді басқарма төрағасы. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».