• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
11 Тамыз, 2015

Үш жауынгер

673 рет
көрсетілді

бір әулеттен майданға аттанып еді Кеңес халқының фашистік Германияны талқандаған 1945 жылғы жеңісі – сол сұрапыл шайқастардың ортасында бол­ған ата-бабаларымыздың мәңгілік даңқы. Адамзат жаңа ғасырға, жаңа мыңжылдыққа аяқ басқанына қарамастан, бұл жеңіс – XX ғасырдың атаулы оқиғаларының бірі болып қала бермек. Жетпіс жыл бұрын әкелеріміз бен аталарымыз келешек ұрпағын, яғни, бізді және бейбіт өмірімізді жан алысып, жан берісе қорғады. Өкініштісі, күллі дүниеге ерлік шежіресін паш еткен ардагерлеріміздің қатары жылдан жылға сиреп келеді. Қан қасап майданға әуле­тімізден әкем, әкемнің інісі және нағашы ағам аттанған еді. Нағашым Ермұхамбет Қарғабаев 300-ші дивизияның  1049-шы полкінің зеңбірек бөлімшесінің командирі болып Сталинград трактор зауытын қорғауға, Перекоп, Севастополь қорғанысына және Балтық елдеріндегі шайқастарға қатысты. Соғысты Кенигсберг қаласында аяқтап, 1947 жылы елге оралды. Нағашымның кеудесіндегі II дәрежелі Отан  соғысы, III дәрежелі Даңқ ордені сұрапыл соғыстағы ерлігінің куәсі іспетті. Әр марапаттың жауынгерлердің қанымен жазылған, өмірімен өлшенген тарихы бар. Ол 1983 жылы зейнетке шыққанша мектеп мұғалімі болып еңбек етті. Әкемнің інісі – Жарқынбай Қаржаубаев 1942 жылы «броннан» өз еркімен бас  тартып, соғыста жоғалған ағасы үшін кек алмақ ниетпен майданға аттанған болатын. Фашистік басқыншылармен айқасты неміс жерінде аяқтаған ағамыз «Ерлігі үшін», «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Өкінішке қарай, соғыста алған жарақатының ауырлығынан елуінші жылдары қайтыс болды. Соңында ұлы мен қызы қалды. Әкем Жұбан Қаржаубайұлы жастай жетімдіктің ащы дәмін татып, ерте ер жетті. Анасы мен бауырларын ашаршылықтың қыспағынан аман алып қалу мақсатында белі қатпай еңбек­ке араласты. Атамыз Қар­жаубай Кеңес өкіметінің жаппай ұжымдастыру саясатына қарсы 1929 жылы болған әйгілі Қарақұм көтерілісінің қатысушысы әрі құрбаны болған-ды. Әкем ол уақытта небәрі 12 жаста еді. Бұғанасы бекіген бозбала 1939 жылдың ақпан айында Волочаевка қаласынан Онега қаласына әскери борышын өтеуге аттанады. 1940 жылдың ақпан айында Архангельск-Мурманск-Кандалакша арқылы қатардағы пулеметші болып Фин соғысына қатысты. Сонда көрсеткен батылдығы үшін К.Ворошиловтың алғысымен, 300 сом ақшалай сыйлығымен және Ақ теңіздің жағасында 10 күндік демалуға берілген жолдамамен марапатталады. Алайда Ақ теңіздің жағасында демалып жатқан жауынгерлер шұғыл тапсырмамен Вильнюсті алуға қатысады. 1941 жылы әскери қызметін аяқтауға бір ай қалғанда Ұлы Отан соғысы бас­талып, әкеміз қайтадан соғысқа кіруге мәжбүр болды. 1942 жылға дейін соғыстың алғы шептерінде жүргенімен, Украина жерінде жарақаттанып, тұтқынға түседі. Содан Германия концлагерінде ұзақ уақыт болған ол 1945 жылы АҚШ солдаттарының азат етуімен, тұтқыннан босап, қыркүйекте елге оралады. Жеті жыл бойы елін, жерін, анасы мен бауырларын сағынып келген әкем анасының екі мәрте келген «қара қағазды» жүрегінің көтере алмай бақилық болғанын кеш білді. Әкем Жұбан Қаржаубайұлы майдандағы өмір мен өлім ортасындағы жанталаспен бірге концлагерьдегі тұтқындықтың азабын да мол тартқан кісі. Бірақ, тұтқында көрген қорлық, соғыста алған жарақаттары әкеміздің жігерін, өмірге деген құштарлығын жасытқан емес. Соғыстан кейінгі жылдары: «Біз майданда жаумен қидаласып жүргенде сен тұт­қында болғансың», деп артық сөйлегендерге мән бермей, бойын тік ұстап, тек еңбек етуді білді. Балаларының жақсы оқып, жоғары білім алуына, өнерге жақын болуына мән берді. Әкем балаларымен шүйіркелескенде «менің оқуға мүмкіндігім болмады, сендер жақсы оқып, терең білім алуларың керек, оқу – білім бұлағы» деп жиі қайталаушы еді. Сегіз баланы жалғыз асырау әкемізге оңай тиген жоқ. Ал анамыздың үй шаруасында бала бағудан қолы босамайтын. Сонда да әкеміз үйге түрлі әдеби кітаптар алып келіп, оқуға уақыт табатын. Анам екеуі 8 бала тәрбиелеп, 26 немере өсірді. Әкеміз 1 шөбересін, анамыз 19 шөбересін көріп, ұрпағының алақанынан су ішіп кеткен абзал жандар. Әрине, әке тағдыры сол кездегі көпшілік адамдардың тағдырымен ұқсас. Олар­дың қазіргі адамдардан айыр­ма­шылығы – көңілдерінің кеңдігінде, қайырымдылығында, пейілдерінің кіршіксіз таза­лығында сияқты. Отанға, еліне, жеріне деген адалдығында іспетті. Біз майдангер әкемізді мақтан тұтамыз. Біз үшін ол – адалдықтың, еңбекқорлықтың, қажымас қайраттың және ең негізгі – отансүйгіштіктің ең үлкен үлгісі бола білген жан. Әкемнің кеудесіндегі көптеген медальдары, II дәрежелі Отан  соғысы ордені соңында қалған немере-шөберелеріне жауынгерлік даңқ жөнінде сыр шертетін отбасылық құнды жәдігерге айналды. Біз және өскелең ұрпақ үшін соғыс зұлматын болдырмау, келер буынның бейбіт өмірі үшін қасқая қан төккен жауынгерлерді үнемі еске алу – ұрпақтық парызымыз! Алма ҚАРЖАУБАЕВА. ӨСКЕМЕН.
Соңғы жаңалықтар