• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
08 Шілде, 2010

ТҰҢҒЫШ

779 рет
көрсетілді

Асқақ Алатаудың аспанмен астасқан мұзарт шыңдарының биіктігін бағамдау қандай қиын болса, заманына өнеге, тарихқа тәлім ұлы іс­терге бастамашы болған, төрткүл дүниеге түгел танылған Елбасының ұлықтауға лайық кемел кемеңгерлік келбетін толық танып терең түсіне білу сондай күрделі. Тұңғыш Президентіміз, ре­форматор, тұтас бір дәуір дарабозы Нұрсұлтан Назарбаевтың пайымды парасатқа толы тұғыр­лы тұлғасы таныған сайын асқақтап, білген сай­ын биіктей түседі. Оған Қазақстан Рес­публикасы Тұңғыш Президентінің Мұражайын тағы бір аралағанда көзіміз анық жетті. “Тұңғыш” атты ұғымның мағынасы терең. Халқымыз алғашқы дүниетаным түйсігін тұң­ғыш сөзімен сипаттап, жарық еткен жаңалықты тұңғыш санасына сыйғызып, алғаш көрген пер­зен­тін “тұңғышым” деп әспеттейді. Тұңғыш Пре­зидент Мұражайында осы бір алты әріптің ас­тарына сыйған қасиетті ұғым Елі мен Елба­сы­­­ның ерендігін паш етіп, тұнып тұрған секілді. Мұражай алдында – жасыл желек көмке­ріп, аққайың сыңсыған саябақ. Бақ орта­сын­дағы кең алаңқайда тарихта тұңғыш рет Қазақ халқы мемлекеттігінің іргетасын қалап, төрт ғасыр бойы дәуірлеген тұңғыш Қазақ хандығын құр­ған қос тұлға Керей мен Жәнібек хандар­дың азат алаш аймағындағы тұңғыш ескерткіші тұғырланған. Мұражай сыртында – Тұңғыш Президентіміздің Арқа төсіндегі тұңғыш Рези­­денциясының алдындағы үлкен алаң. Елбасы осы алаңда тұңғыш рет Астанаға ресми сапар­мен келген жоғары дәрежелі қонақтарды қарсы алған. Нақ осы жерде тұңғыш рет елордадағы мемлекеттік Әнұран шарықтап, шетелдік ресми тұлғалар Қазақ елін, еліміздің Басшысын қошеметтеген. Қарт тарих шежіресінде көшпенділердің ке­ремет кемелділігінің символына айналған киіз үй кейпіндегі – күмбезді зал. Мұражай мақ­танышына айналған бұл күмбезді зал егемен ел шежіресіндегі қасиетті тұңғыш ұғымына сай талай-талай тарихи оқиғалардың куәсі. Тұңғыш рет 1997 жылғы 10 желтоқсанда Елбасы осы залда бұрынғы Ақмола қаласын еліміздің Бас қаласы деп жариялады. Күмбезді залда одан кейін де еліміздің болашағын айқындаған талай тұңғыш тарихи шешімдер қабылданып, тәуелсіз Қазақстанның төрт құбыласы түгенделе түсті. Мұражайдағы танымдық таразысы терең жәдігерлер топ-топқа бөлініп, әрбір кезеңдер­дің оқиғасынан сыр шертеді. Мынау бір үлкен бөлмеге жинақталған жәдігерлер Елбасының сонау бір жалын атқан жастық кезеңдегі құрыш қайратын танытар Теміртаудағы күндерінен дерек береді. Асқақ арман жетегімен биік асу­ларға қадам басқан жас Нұрсұлтан сонау елуін­ші жылдары Арқа төсіндегі осы бір өндірісті өңірге алғаш қадам басқан еді. Ол осы жерде екі айдай жұмыс істеп, 1958 жылы арнайы жол­дамамен Днепродзержинск қаласындағы №8 кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түседі. Училищені ойдағыдай тәмамдап келген жас ма­ман Теміртауда еңбек жолын бастап, 1960 жы­лы 3 шілдеде Орта Азия мен Қазақстан та­ри­хында тұңғыш іске қосылған домна пешінде болат қорытады. Бұл күн тарихта Қазақстан Магниткасының туған күні болып жазылды. Міне, Мемлекет басшысының 1997-2004 жылдар аралығында Астанадағы тұңғыш жұмыс кабинетін аралап келеміз. Бұл небір маңызды кездесулер мен шешуші шешімдердің куәсі бол­ған жұмыс кабинеті сол қалпында сақта­лыпты. Төрдегі тұғырда Мемлекет басшысы­ның мемлекеттік байрағы мен омырау белгісі қойылыпты. Қабырғадағы Қазақстанның үлкен картасында жер-жерлерде ашылған өндіріс орындары мен ел экономикасының ертеңін ай­қындайтын индустриялық даму орталықтары белгіленген. Елбасы осы жұмыс бөлмесінде отырып, тәуелсіз Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму жолын айқындаған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Егемен елі­міздің мәдени өмірінде мұражайлардың орны айрықша. Тарихымызды терең зерттеп, оның тәжірибесінен тағылым алу. Қазақстанда пат­рио­тизм қалыптастырудың, Отанның лайықты азаматтарын тәрбиелеудің басты шарттарының бірі”, деп атап көрсеткен. Тұңғыш Президент Мұражайындағы жәдігерлер де осы тұжырымға лайық топтастырылған. Мұражайдағы еңселі үлкен зал “Тәуелсіз Қазақстан” деп аталады. Мұн­дағы жәдігерлер еліміздің егемендік ал­ғанға дейінгі Елбасымен сабақтас өрбіген та­ри­хи шежірелерінен сыр шертеді. Осында Мем­лекет басшысының желтоқсан оқиғасына қатысқан жастарды ақтау Жарлығы, Нұрсұлтан Назар­баев­тың 1989 жылы 22 маусымда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хат­шысы болып тағайындалған шешім, 1990 жылы елімізде тұңғыш рет президенттік институттың енгізілгені туралы Жарлық, 1990 жылы 24 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақ­станның Тұңғыш Президенті болып сайлан­ғандығы жөніндегі шешімдер орын алған. Осы залдағы ерекше бір көңіл аударар стен­діге қойылған 1991 жылдың дүрбелеңге толы тамыз бүлігі кезіндегі оқиғалардан сыр шертетін жәдігерлер екен. Келмеске кеткен Ке­ңес Одағы сол бір тұста тығырыққа тіреліп, ыды­раудың аз-ақ алдында тұрған еді. Сол жылы Кеңес Одағы халық депутаттарының ІV съезі осы бір күрделі сәтте Қазақстан Республи­касының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше үміт артып, оны Кеңестер Одағының вице-президенттігіне ұс­ын­­­ды. Осы жерге Елба­сының халық депутатта­ры­ның сол ұсынысына байланысты өз қолымен жа­зылған хаты қойы­лыпты. Бұл хатта сол кез­дегі одақтың эконо­микалық және саяси ахуа­лы­на терең сипаттама беріліп, бұл тығырықтан шығу жолдары ай­қындалған. Елбасы осы хатында депутаттардың ұсынысынан неліктен бас тартатындығы жө­ніндегі мәселелерге де жан-жақты терең тұжырым жасаған. “Тәуелсіздік Қазақстан” залына қойылған жә­дігерлер ел егемендігінің қалыптасу кезе­ң­і­­нен, әлеуметтік реформалардан, Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа ықпалдасуынан, елі­міз­дің экономикалық және мәдени өрлеу кезең­дерінен терең танымдық деректер береді. Келесі залға Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері қойылған. Экспозицияда еліміздің саяси тәуелсіздігінің басты атрибуттары – Ту, Елтаңба, Әнұран, Конституция қойылған. Әнұранның мәтініне Елбасының өз қолымен енгізген түзетулері ерекше әсерге бөлейді. Ұсынылған жәдігерлер мемлекеттік рәміздер авторларымен және олардың жасалу тарихта­рымен танысуға да мүмкіндік береді. “Қазақстан Республикасы: мемлекеттің қа­лыптасуы мен даму стратегиясының айқын­да­луы” атты экспозициялық бөлімге тәуелсіз Қа­­­зақстанның конституциялық-құқықтық, әлеу­мет­тік-экономикалық және саяси реформа­ла­рының сабақтастығы және стратегиялық даму бағдарламалары топтастырылған. Сонымен бір­ге, осы бөлімнен Елбасының жаңа мемлекеттің қалыптасу тарихын және жаңа дәуірдегі оның да­му ерекшеліктерін айқындаған ғылыми ең­бек­терімен танысуға болады. Осы экспо­зи­циларға қысқа ғана шолу жасап өткен әрбір адам Тұңғыш Президентіміздің туған халқы үшін, таразылы тарих үшін атқарған теңдесі жоқ еңбегін таниды. Қазақстан және әлемдік қоғамдастық экс­позициялары еліміздің қалыптасуы мен әлемнің 120-дан астам мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынастарының дамуын, республи­каның сыртқы саясатының басымдықтарын ашып көрсетеді. Мұражайдағы ерекше әсерге бөлеп, елдік шежіресінен мол мағлұмат беретін бұл экс­позициялық тарихи деректер ең әдемі залдардың бірінен саналатын “Алтын залда” орналасқан. Келесі кең де, көрікті залда “Ата­мекен” атты бөлімнің жәдігерлері шоғыр­ла­нып­ты. Бөлім экспозициясы Елбасының ба­лалық шағынан бастап азамат және тұлға ре­тінде қа­лыптасу ке­зеңдерінен мол мағлұмат бе­реді. Тұң­ғыш Пре­зидентіміздің ата-анасы пай­да­ланған тұрмыстық заттар, отбасылық су­рет­тер, мектепте оқыған кезіндегі құжаттары өткен ғасырдың 40-60 жылдарындағы ел шежіресін елестетеді. Ерекше шеберлікпен жасалған “Үш­қоңыр” диа­рамасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жерінің тамаша көрінісін тұтас қалпында көз алдыңа әке­л­іп, “тектілік те құнарлы топырақтан туаты­нын” тұжырымдаған халық даналығына тәнті етеді. Қорыта айтқанда, Тұңғыш Президент мұра­жайын аралаған сайын, Қазақ елінің маңдайы­на біткен біртуар тұлғаның салиқалы өмір жо­лының ерендікпен өрілген еренғайып көрінісін көрдік. Елбасының ғасырлар тоғы­сында, алмағайып тарих толқынында туған жері мен төл халқы үшін атқарған ұлан-ғайыр еңбегі ұрпаққа ұлағат, болашаққа тұғыр болып тұнып тұр. Тарихи жәдігерлерді санада зерделеген сайын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың нар тұлғасы заңғар­ланып, биіктей түсті. Барыс бейнелі болашаққа ұмтылған еліміздің Басшысына деген құрмет пен мақтаныш көңілді кернеді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ. АСТАНА.