АСТАНА. 23 наурыз. Молдовадағы Гагаузия автономиялы әкімшілік территориялық бөлінісінде кеше болып өткен сайлаудың қорытындысы бойынша Ирина Влах бұл өлкенің башканы болып сайланды. Бұл туралы «Полит.Ру» хабарлады.
«Молдовадағы оппозициялық социалистер партиясының лидері Игорь Дидон өзінің Facebook-тегі парақшасында Ирина Влахты башкан (аймақ басшысы) сайлауында жеңіске жетуімен құттықтады», - деп жазады портал.
«Бюллетеньдер 100% саналып шықты. Ирина Влах 53%.-дан артық дауыс алды. Гагаузияның жаңа башканы – Влах Ирина Федоровнаны жеңісімен құттықтаймыз», - деп жазды Додон.
Бұдан алдын Гагаузия орталық сайлау комиссиясы сайлауға келушілердің ақырғы нәтижелерін жариялаған болатын. Ол 58,1%-ды құрады. Гагаузия орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алғашқы нәтижелерін дүйсенбі күні халыққа жариялайтын болады.
Ирина Влах 1974 жылғы 26 ақпанда Молдавия КСР-нің Гагаузия аймағындағы Комрат қаласында туған. Молдован саясаткері, Молдова парламентінің 2005 жылдан бергі депутаты. Ол 1991 жылы Комраттың Гайдаржи атындағы теоретикалық колледжін үздік бітіріп, 1991-1996 жылдары Комрат мемлекеттік университетінің заң факультетінен білім алып шықты. Кәсіби қызметін 1996 жылы Гагаузиядағы Чадыр-Лунга қаласы салық инспекциясының заңгері болудан бастады. 2005 жылы коммунистердің тізімі бойынша Молдова парламетіне депутат болып сайланды. Кейін бұл партиядан шығып кетті. Ал бұл сайлауға тәуелсіз кандидат ретінде қатысты. Ол 2010 жылғы сайлауға да қатысқан болатын. Онда бірінші турда сайлаушылардың үштен бір дауысына ие болды. 2008 жылы докторлық диссертация қорғады.
Қазір Анна есімді қыз өсіріп отыр.
Влах негізінен орыс тілінде сөйлейді.
Сайлауға 10 үміткер қатысты.
Гагаузия башканы сайлауында жеңіске жеткен Ирина Влах өзіне сенім көрсеткендері үшін сайлаушыларына алғыс айтып, оппоненттерін аймақтың игілігі үшін бірге жұмыс жасауға шақырды.
«Мен Гагаузияның біртұтас болғанын қалаймын. Мен біздің бәріміздің аймақтың игілігі үшін бірге жұмыс жасауымызды қалаймын», - деді ол.
Жаңа башкан Молдованы гүлдендіру Гагаузиядан басталатынын айтты.
Еске сала кетейік, Гагаузия – Молдованың оңтүстік-шығысындағы Буджак даласын жайлап жатқан автономиялы әкімшілік территориялық бөліністегі аймақ. Онда тұратын халықтың 80 пайызын түркі тілді, православие дінді гагауздар құрайды. Бұл аймақтағы жер-су аттарының өзі бізге баяғы ғұн, оғыз, қыпшақ дәуірлерінен хабар береді. Ал қайсыбір елді мекендердің атаулары қазақтың ру-тайпаларының ныспыларына ұқсас келеді. Солардың арасында Комрат (Қоңырат), Тараклия (Тарақты) секілді қалалар бар.
Мұрат Айтқожа.
Дерек, фото: Полит.Ру