• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
22 Ақпан, 2015

Қостанай музейі скандиновиялық археологтарды таңқалдырды

508 рет
көрсетілді

ҚОСТАНАЙ. 22 ақпан. Қостанайда Қазақ даласының қола дәуіріндегі ежелгі тұрғындарының ДНК-сын зерттеу жөніндегі халықаралық жоба шеңберінде зерттеу жүргізетін бір топ скандинавиялық ғалымдар болып кетті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Копенгаген университеті, Биогенетика орталығы, Даниядағы Табиғат тарихи музейі, Норвегиядағы Кон-Тика музейі Қарағандыдағы Е.Букетов атындағы университеттің Сарыарқа археология институтымен, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік универоситетіндегі археологиялық музеймен, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейімен, Павлодар мемлекеттік университетіндегі археологиялық зерттеу орталығымен бірлесе отырып, Еуразияға үндіеуропалық көш мәтініндегі Қазақстандағы ежелгі тұрғындардың ДНК-сын зерттеу жобасын жүзеге асырмақ. Соңғы жылдары ғалымдар арасында Кавказ, Еуропа, Азия арқылы жылжыған үндіеуропалық жұрттың ежелгі отаны туралы мәселе жиі қозғалып жүр. Қазақстан даласындағы Сынтасты-Петров, Андрон, Беғазы-Дәндібай мәдениеттері ежелгі халықтың көшімен тығыз байланысты. Біздің дәуірімізге дейінгі П мың жылдықтағы адамдардың ДНК-сын зерттеу ежелгі көштің жолын және үндіеуропалық адамдардың, олардың ең басты тобы үндіирандық жұрттың құралу орталығын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл орайда қазақстандық археологтар тапқан қола дәуірінің қаңқалары маңызды роль атқарады. Мұндай халықаралық жұмыс Қазақстанда бірінші рет қолға алынып отыр. Қола қаңқаларының ДНК-сын зерттеу осыған дейін Кавказ бен Қара теңіз жағалауы елдерінде жүргізілді. Археолог Эмма Усманова: «Бізде археология тапқан ежелгі дүниенің қызықты жәдігерлері жеткілікті. Алайда, қазақ даласында ежелгі адамдар қалай орналасқаны жөнінде ешқандай нақты дәлел осы күнге дейін жоқ», деді. Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде, Лисаков қалалық және Қостанай мемлекеттік университетінің археология музейінде қола дәуірінің сирек кездесетін бай жәдігерлері бар. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Галина Саталкина: «Скандинавиялық археолог-ғалымдар біздің облыстағы музейлердің археологияға қатысты бөлімдерін аралады, материалдармен танысты. Біздің жәдігерлердің байлығына, оның сақталуына, олар туралы жазылған сауатты ғылыми анықтамаларға таңқалып кетті», дейді. Халақыаралық зерттеу тобының құрамында Вегард Стромсод, атақты саяхатшы, өзінің бар ғұмырын әлемдік адамзат көшін зерттеуге арнаған Тур Хейердалдың қызы Беттина Хейердал, Коре Лайф Холлевик, Питер де Баррос Дамгаард және Қазақстандағы зерттеу тобының жетекшісі Стурла Еллингваг бар. Скандинавиялық ғалымдар қола дәуірі қаңқаларының барлығын емес, бас сүйектің бір тісін ғана алып кетеді. Олар ежелгі жәдігердің сақталуын мойнына алып отыр. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: egemen.kz.