• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2015

«Барыс» өз айдынында «Сибирьді» жеңді

333 рет
көрсетілді

АСТАНА. 23 ақпан. «Барыс» өз айдынында Новосибирскінің «Сибирь» командасынан 1:0 есебімен басым түсті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Айдындағы айқас бірден хоккейшілердің теке-тіресімен басталды. Небәрі 2-минутта «Барыстың» «жолбарысы» атанып жүрген Дамир Рыспаев «Сибирь» сенім артқан мықты Виталий Меньшиковты сабасына түсірді. Қос хоккейші осымен соңғы бір айда екінші рет жұдырықтасты. Екеуінде де Дамирдің басым түскенін айта кетейік. Ойын барысына келер болсақ, қарсыластар алғашқы екі кезеңде бір-бірінің осал тұсын таба алмады. Тек кездесудің аяқталуына 4 минут қалған кезде «Барыстың» қорғаушысы Кэвин Даллмэн «Сибирь» қақпасынан саңылау тапты. Нәтижелі шабуылды ұйымдастырған команда капитаны Брэндон Боченски мен Найджел Доус болатын. Қалған уақытта есеп өзгермей, айдын иелері қатарынан төртінші жеңіске қол жеткізді. Даллмэн 380 ойында 300 ұпай (113 гол+187 нәтижелі пас) жинап, Лига тарихында осынша нәтиже көрсеткен алғашқы қорғаушы атанды. Осылайша ол Құрлықтық хоккей лигасының рекордын орнатты. Бүгінде «Барыс» 90 ұпаймен ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында 5-орында келеді. Астаналықтардың Лиганың тұрақты чемпионаты аясында енді бір ойыны қалды. 24 ақпан күні өз айдынында Нижний Новгородтың «Торпедосын» қабылдайтын Андрей Назаровтың шәкірттері плей-офф кезеңіне жолдама алғаны белгілі. Бұл кезеңнің алғашқы сатысында «Барыс» омбылық «Авангардпен» күш сынасады. Өз кезегінде, ресейлік команда 107 ұпаймен Шығыс конференциясында 4-орынға табан тіреп тұр. Ал осы конференцияда топ жарудан басты үмітті болған «Сибирь» Астанадағы жеңілістен кейін жағдайын нашарлатып алды. Енді оларға «Шығыстың» мықтысы атану үшін соңғы ойында жеңіп қана қоймай, басты қарсыласы қазандық «Ақ Барстың» жеңілуін тілеуден басқа амал жоқ. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: hcbarys.kz.