• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Наурыз, 2015

Ислам Каримов көптен бері халықтың алдына бірінші рет шықты

351 рет
көрсетілді

АСТАНА. 23 наурыз. Үстіміздегі жылғы қаңтар айының соңынан бері көпшілікке көрінбей кеткен Өзбекстан президенті Ислам Каримов таяу күндерден бері қайтадан халық алдына шыға бастады. Бұл туралы  УзА хабарлады. Агенттіктің хабарлауынша, өзбек елінің басшысы 21 наурыз күні Ташкенттегі Алишер Навои атындағы ұлттық саябақта Наурыз мейрамына арналып өткізілген салтанатқа қатысып, жамағатының алдында жарқылдап сөз сөйлеген. «Табиғат түгел ұйқыдан оянатын осынау күндерде көктеммен бірге біздің ғажайып өлкеміз - туған Өзбекстанымызға көптен көптен күткен, бәріміз үшін сүйікті Наурыз жетеді, - деді Ислам Каримов. – Менің қымбаттыларым, сіздерді - менің халқымды көктемнің, жаңару мен қуаныштың нышаны болып табылатын осынау көне замандардан келе жатқан тамаша мерекемен құттықтау жүрегімді ерекше шаттыққа кенелтеді». Бұдан кейін Өзбекстан президенті ежелгі дәуірлердегі тарихына тоқталып, оның бүгінгі күнде халық үшін беретін ізгіліктерін сөз етті. Ал сөзінің соңын Ислам Каримов: «Қымбатты отандастар! Сіздердің баршаңызды ойша құша отырып,  бүгінгі ешбір қайталанбас ғаламат мерекемен шын жүректен құттықтаймын, өздеріңізге өзімнің ең ізгі тілектерімді білдіремін. Наурыз біздің еліміздің әрбір отбасына бейбітшілік, бақыт және молшылық әкелсін», - деген жүрекжарды тілегімен аяқтады. Бір айта кететін жайт, бұл Өзбекстан президентінің біраз уақытқа созылған үнсіздіктен кейін жұрт алдына алғаш рет шығуы емес. Ол 16 наурыз күні Ташкентте өз сайлаушыларымен бірінші кездесуін өткізіп, алдағы мақсаттары туралы айтып берген еді. Өзбекстанда президент сайлауы 29 наурыз күні өтеді. Оған 4 үміткердің қатысқалы тұрғаны да белгілі. Кандидаттар арасында іс басындағы президенттен басқа, Хатомжан Кетмонов, Наримон Умаров және Акмал Саидов бар. Олардың барлығы да сайлауға бір-бір партияның таңдаулысы ретінде түсіп жатыр. Алайда, бұл партиялардың қалай аталатынын білуден қазақ оқырмандарына келіп-кетер ештеңе жоқ. Мұрат Айтқожа. Мәнбе, сурет: УзА.