АСТАНА. 23 ақпан. Солтүстік Кореяның билеуші Еңбек партиясының орталық әскери комиссиясы алдында сөйлеген сөзінде елдің лидері Ким Чен Ын әскери қызметкерлерді соғысуға әзір болып, толық дайындық сапында тұруға шақырды. Бұл туралы Кореяның «Ренхап» агенттігіне сілтеме жасаған «Газета.Ру» хабарлады.
Ким Чен Ын өзінің сөзінде жауынгерлік дайындық деңгейін көтере түсу мүддесі үшін Корей халық армиясы құрылымын жаңғырту керек екенін атап өтті. Ол «Америка империализміне» қарсы күрес тәсілдеріне кеңінен тоқталды. Ол соңғы жылдары жағдайдың тек КХДР-да ғана емес, әлемде түгел күрделеніп кеткенін ауызға алды.
Солтүстік Корея басшысы егер Оңтүстік Корея АҚШ-тың Пхеньянға қарсы «басқыншылық соғысына» қосылып кететін болса, оны «бақытсыз болашақ» күтіп тұрғанын айтып қорқытты.
Хабарламада КХДР лидерінің соңғы 10 жылда бірінші рет партия әскери комиссиясының кеңейтілген отырысына қатысқаны атап өтіледі.