«Каспий теңізі – 2015» алғашқы халықаралық байқауы мәреге жетті. «Сарыарқа» қазақстандық зымыран-артиллериялық кораблінің экипажы сайыста екінші орын алды. Бірінші орынды «Град Свияжск» шағын артиллериялық корабліндегі Ресей әуе-теңіз күштері әскери теңізшілері иеленсе, үшінші орын Әзербайжан әскери-теңіз күштері «G-124» су үсті кораблінің экипажына бұйырды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Жеребеге сәйкес біздің командамызға байқаудың әрбір сынағын бастау күрделі тапсырмасы тиді. Алайда, бірінші болып өнер көрсетіп, теңізшілеріміз қалған командаларға жақсы деңгей және қарқын берді, сондай-ақ, сайыс бойы көшбасшылық позициялардың бірін ұстап тұрды. Олар корабльді басқару, халықаралық жүйеге сәйкес жарық беру белгілерін қабылдау және тарату, әуе, теңіз және су үсті нысаналары бойынша оқ ату, апатқа ұшыраған корабльді және борттың ар жағында қалып қойған жолаушыларды құтқаруда шеберліктерін көрсетті.
Қазақстан әскери-теңіз күштерінің теңізшілері олардың алғашқы тәжірибесі – халықаралық сайыста сәтті өнер көрсетіп, өздерінің жауынгерлік әзірлігін растады. 13 тамызда «Каспий теңізі – 2015» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанатты рәсімі өтеді. Ал одан кейін корабльдеріміз теңізге шығып, қазақстандық жағалауға бет алатын болады.
«Егемен-ақпарат».