• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2015

Кодекстің жаңа жобасы талқыланды

221 рет
көрсетілді

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында «Сот төрелігінің қолжетімділігіне бағытталған Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа редакциясының жобасы» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелді Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңес және «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық кеңесі ұйымдастырды. Дөңгелек үстел жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Павлодар облыстарының алқа төрағалары, жергілікті соттардың төрағалары мен судьялары, прокуратура, жергілікті өзін өзі басқару органдарының өкілдері, заңгерлер қауымдастығы, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, ғалымдар мен медиаторлар қатысты. Дөңгелек үстелдің мақсаты Азаматтық іс жүргізу кодексі жобасының жаңашылдықтарын тәжірибелік тұрғыдан талқылау болып табылады. Атап айтқанда, жиында бітімгершілік рәсімдерін сотта қолдану, сот төрелігіне қолжетімділік, сот ісін жүргізуді жеңілдету және жеделдету, апелляциялық, кассациялық, қадағалаушы сатылардағы сот актілерін қайта қарау бойынша іс жүргізу, азаматтық іс өндірісіндегі прокурор мен адвокаттың рөлі, білікті заң көмегін көрсету, сотта сарапшының қатысуы, сот шығындары, электрондық сот өндірісі және басқа мәселелер талқыланды. Дөңгелек үстелде Парламент Мәжілісінің депутаты, Азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасын талқылау жөніндегі жұ­мыс тобының жетекшісі Нұрлан Әбдіров сөз сөйлеп, жобаның елі­міз үшін, халқымыз үшін маңызы зор екенін атап өтті. Алматыда өткен дөңгелек үстелге қатысқан адам құқын қорғау жөніндегі халық­аралық және қазақстандық ұйымдардың өкілдері Азаматтық іс жүр­гізу кодексінің жаңа жоба­сының дайындалу деңгейі жоғары деп бағалағанын жеткізді. Алайда, құжатты жан-жақты талқылап, олқылығы болса ескеріп, түзететін жері болса түзету үшін мұндай талқылаудың қайтарымдылығына айрықша тоқталды. Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Ерлан Айтжанов өзінің сөзінде «Азаматтық іс жүргізу заңнамасы қоғамда тұрақтылықтың кепі­лі, заңның үстемдігін, аза­маттар мен заңды тұлғалардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтауды қамтамасыз етуі қажет. Азаматтық іс жүргізу кодексі тек судьяларға ғана жазылмайды, азаматтық сот өндірісіне қатысатын жай азаматтарға да қатысты жасақталады. Заң анық болып, қолданамын деушілерге оны ашып, оқығаннан кейін өзін процесте қалай ұстау керектігін түсініп, өзінің құқықтары мен міндеттерін айқын білуі қажет», деді. Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев өз сөзінде өңірде сот және прокуратура ор­гандарының материалдық-тех­ни­калық базасын нығайтуға жергі­лікті билік тарапынан қолдау көр­сетіліп отыратынын тілге тиек ете келіп, дөңгелек үстелге қаты­сушылар жұмысына табыс тіледі. Шараға қатысушылар Аза­мат­тық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасына ұсынылып отыр­ған жаңашылдықтарды және олардың әділетті сот талқы­лауы­ның қамтамасыз етудегі маңыз­дылығын жан-жақты талқылады, өз ойлары мен пікірлерін ортаға салды. Дөңгелек үстел жұмысының қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.