• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2015

Сәкеннің атылғанын растайтын айғақ табылды

442 рет
көрсетілді

Редакцияға дерек келіп түсті. С.Сейфуллиннің 1938 жылы 25 ақпанда атылғанын растайтын құжат табылыпты. Ол құжат Ресейдің Федералдық Қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) орталық архивінің ерекше бөлімінен алынған. Оны С.Сейфуллин жайлы деректі фильм түсіріп жүрген белгілі режиссер Еркін Рақышев тапқан. Ол құжатта соттың атылсын деген үкімі орындалғаны, ақынның қай күні атылғаны, өліміне қандай адамдардың куәгер болғаны көрсетіліп, қолдары қойылып акт жасалынған. Соңғы жылдары БАҚ беттерінде түрлі мақалалар басылып, С.Сейфуллин мен М.Жұмабаев атылмаған, олар Сібірде айдауда болған, оларды көрген адамдар бар деген пікірлер айтылып жүрді. Біраз кісілер қайраткер ақындарымыздың жатқан жерлерін анықтаймыз деп, Магаданға экспедициямен де барып қайтты. Үкіметтің алдына арыстарымыздың сүйектерін тауып, елге әкеліп жерлеу керек деген мәселе қойды. Бірақ нақты деректер болмаған соң, орынсыз ұсыныс қайтіп орындалсын? Енді осының ақ-қарасын анықтап, ақиқатын Рақышев дәлелдеп отыр. Аяулы ақынымыздың атылғаны туралы құжаттың табылуының маңызы зор. Өйткені, ақынның қайтыс болған күні белгісіз болғандықтан, оған сол күні құран бағышталмай, еске алынбай, тағзым етілмей келді. Енді бәрі анықталды. С.Сейфуллинді 1938 жылы 25 ақпанда атқан. Сол күні 39 адам атылған. Олардың қатарында Т.Жүргенов, Ұ.Құлымбетов те болған. Рақышевтің айтуынша, С.Сейфуллиннің атылғаны туралы актінің табылуына ақынның ұрпақтарының септігі тиіпті. Себебі, ФСБ өтінішті тек ақынның жақын туыстарының сұрауы бойынша ғана қарайды екен. Е.Рақышев бұған дейін «Тұрар Рысқұлов», «Ашар­шылық», «Темірбек Жүргенов» деректі фильмдерін түсіргенде белгісіз болып келген көптеген тың деректерді тапқаны мәлім. Т.Рысқұловпен қатар С.Қожанов пен Н.Төреқұловтың жерленген жерін де анықтаған. Енді ақиық ақынымыз С.Сейфуллин жайлы тапқан деректері, ел ішінде жүр­ген түрлі алып-қашпа әнгі­мелерге тоқтау салатыны анық. Жұрттың «Сәкенмен, Мағ­жанмен түрмеде бірге болдым» деген адамдардың сөзіне сеніп жүрген себебі мынада көрінеді. Сол кезде Кеңес өкіметі атылған адамдардың туысқандарына жалған мәлімет беру жайлы құпия қаулы шығарған. Түрлі адамдар арқылы өсек-аяң таратқан. Атылған адамдар жайлы олармен «10 жылға дейін хат жазысуға болмайды» деген өтірік үкім шығарған. Кеңес өкіметі «халық жауларын» атып өлтіргеннен кейін, қылмысын жасыру үшін, өздерін судан таза, сүттен ақ қылып көрсету үшін осындай қитұрқы әрекеттерге барған. Режиссер Рақышев оның бір дәлелімен Т.Рысқұлов туралы деректі фильмін түсіру барысында ұшырасыпты. Үкімет Т.Рысқұловтың туыстарына ол 1943 жылы Қостанайда түрмеде ауырып өлді деген анықтама берген. Бұған дейін Рысқұлов 1938 жылы 8 ақпанда атылсын деген соттың үкімі болған. «Соттың үкімі неге орындалмаған? Т.Рысқұлов Қостанайда қайдан жүр? Соттың үкімі өзгертілсе, ол құжат қайда?» деп табанды сұрағаннан кейін ғана ФСБ қызметкерлері шындықты айтыпты. Сөйтіп, Рысқұловтың үкім шыққан соң екі күннен кейін, 10 ақпанда атылғаны жайлы құжатты көрсетіпті. Бір айтарлығы, Сәкеннің 1938 жылғы 25 ақпанда атыл­ға­нын көрсететін жалпы тізім бұрыннан да белгілі. Ол тізімді 1991 жылы белгілі демограф ға­лым Мақаш Тәтімов тауып әкеліп, біз оны «Зиялға – зау­ал» деген атпен «Ауыл» газе­тінде жариялаған болатынбыз. Бірақ тізім – анық атылғанын нақты бұлтартпай растайтын құжат емес. Ал режиссер Еркін Рақышев тапқан ату туралы акт Сәкеннің атыл­ғанын бұл­тартпай дәлелдейді. Бұл құжат­тың құндылығы аруақты күңі­рен­тетін алып-қаш­ты әңгімелерге нүкте қоюында дер едік. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.