• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
12 Тамыз, 2015

Ізгі іске ұмтылған ұландар

340 рет
көрсетілді

Әр тасына ұлттық рухтың исі сіңген Ұлытауда алғадай жастардың «Отаншыл-2015» білім беру лагері осымен бесінші рет қазық қағып, жалау көтерді. Соңғы жылдары ауқымды жобаға айналған бұл шараға облыстың Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев, Теміртау, Шахтинск, Саран, Приозерск қалалары мен Ұлытау, Абай, Шет, Осакаров, Бұқар жырау, Жаңаарқа аудандарынан делегат жастар келіп бас қосты. Жалпы, «Отаншыл» жоба­сының аясында жастар қоғамдық қызметтің тәжірибесін зерттеп, бұқаралық шараларды ұйым­дастыру мен өткізуді, сонымен қатар, әр саладағы өзіндік жобаларын қорғап және оларды ұсына білуді оқып-үйренеді. Бұдан бөлек, елдің ертеңі санатындағы ұрпақтың өкілдері лагерь негі­зіндегі алаңқайда өздерінің дарыны мен қабілеттерін көрсетіп қана қоймай, пікірлес жаңа достармен танысып, соны бастамаларына қажетті қолдау табуға мол мүмкіндік алады. «Отаншыл-2015» жастар лаге­рінің салтанатты ашылуын­да Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар, Л.Н.Гумилев атын­да­ғы ЕҰУ жанындағы «Жастар» ғылы­ми-зерттеу орталығының директоры Жанар Буканова және Қарағанды облыстық жастар бастамашылдығы орталығының директоры Ақжол Құрмансейітов сөз сөйлеп, қоғам­дық өмірдің жуан ортасында жүрген жалынды жастарға сәттілік тіледі. Делегаттар атынан сөз алған Теміртау қаласындағы жастармен жұмыс жөніндегі орталықтың директоры Айнагүл Әбдірахманова жастарға көрсетілген қолдау – елдің болашақ дамуына салынған инвестиция екенін атап өтті. «Отан­шыл-2015» лагерінің ашылуы­на келген қонақтар «Сәтбаев-2020: жастарға жақын қала» деп аталған ғылыми-практикалық конфе­рен­цияға қатысты. Жиын қорытын­дысы бойынша Сәтбаев қала­лық әкімдігі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Жастар» ғы­лы­ми-зерттеу орталығы, Қазақ­­стан Жастар конгресі және Қара­ғанды облыстық жастар бастама­шыл­дығы орталығы арасында төрт­­жақты меморандумға қол қойылды. «Отаншыл-2015» лагерінің екінші жұмыс күнінде «Өңірдегі мемлекеттік жастар саясатының дамуы» тақырыбында сынақ алаң­қайының отырысы өтті. Бұл шараға Сәтбаев әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлері қа­тысты. Өз кезегінде «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері форум делегаттары үшін әр тақырыпты қаузаған шеберлік сыныптарын ұйымдастырды. Лагерьдің үшінші күні жас делегаттар қасиетті Ұлытау тауларына экскурсия жасап, киелі мекеннің тамылжыған табиғатымен танысты. Сонымен қатар, білім беру лагері қызметінің аясында ғылым, техника, білім, мәдениет және өнерге қатысты көрмелер мен жәрмеңкелер, жобалар тұсау­кесерлері ұйымдастырылды. Бұл басқосуға қатысқан жас­тардың бәрі де бірауыздан мұндай жүздесулердің тәжіри­бе алмасуға, өзекті мәселе­лер төңірегіндегі алуан түрлі пікір­лерді тыңдауға, көкейкесті тақы­рыптарды талқылап, ой-пікір жарыстыруға тамаша мүм­кіндіктер беретінін ерекше атады. Ұлытауда ұйымдастырылған «Отаншыл-2015» жастар лаге­рінің балауса буынды келешектегі өнімді жұмыстарға ынталандырып қана қоймай, облыстағы жас­тар ұйымдарының арасындағы байланыстың нығаюына да игі ықпалын тигізері анық. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». Қарағанды облысы.