• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2010

АЛМАТЫНЫҢ ЕҢ СҰЛУ СУБҰРҚАҒЫ

843 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябақта орын тепті Аталмыш саябақ – оңтүстік астанадағы табиғаттың барлық ғажабы мен ХХІ ғасырдың ғылым жетістіктерін жинаған тамаша дендропарк. Алатаудың етегін ендеп жатқан дендропарк осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасының бастамасымен бой көтерген бола­тын. Елбасы сол кезде Алматының ең әсем бөлігі ұстағанның қо­лында, тістегеннің аузында кетпей, қала тұрғындарының ортақ игілігіне беру үшін осы саябақта өз қолымен алғашқы көшеттерді отырғызған еді. Енді, міне, бүгінде бұл саябақ күн сайын көркейіп, әлемнің әр түкпірінен әкелінген тамаша көшеттер жапырағын жай­ып, алматылықтардың ең сүйікті дем­алыс орнына айналған. Дендропаркті өзге саябақ­тар­дан даралайтын тұстары көп-ақ. Мұнда у-шу аттракциондар, басқа да ойын-сауық думан жоқ. Тау бөктеріндегі мүлгіген тыныштық пен табиғаттың тосын сұлулығын сүйетіндер осы арада серуендейді. Сан алуан гүлдер мен әсем да­рақ­тардың өзіндік көрмесі секілді ден­дропаркте жуырда жеті субұр­қақ­тың ең бастысы салтанатты жағдайда көкке шапшыды. Яғни, Алматыдағы ең үлкен саябақ ең сұлу субұрқақпен толықты. 19,5 метрге атқылайтын су тамшылары шам жарқылымен түнгі мезгілде тіпті әсем. Субұрқақтың диаметрі – 52 метр. Егер бүгінде қалада 120 шақты субұрқақ болса, оның 18-і қайта жөнделген. Ал Тұңғыш Президент атындағы саябақтағы ең басты субұрқақ музыка әуенімен, түрлі-түсті шамдармен  көмкерілген. Субұрқақтың салтанатты іске қо­сылуына келген қала әкімі Ах­мет­жан Есімов аталмыш паркті за­ма­наға сай абаттандыру үшін жұ­мыс жалғаса беретіндігін, оны жұ­мақ­тың бір пұшпағындай етуде сая­бақтың оңтүстік бөлігінде жа­сан­ды тоған, айналасында биіктігі 24 метр болатын кішігірім қырат жа­сау жобаланғанын атады. Келе­шек­те 73 гектарды алып жатқан сая­бақтың ортаңғы бөлігінде та­нымдық сипаттағы нысандар бой көтеруі тиіс. Оның ішіндегі кли­ма­трондарда – жабық  орындарда Жер шары­ның оңтүстік және сол­түстік бөлі­гіндегі табиғи флора келушілердің назарына ұсынылатын болады. Айнаш ЕСАЛИ, АЛМАТЫ. Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.