Қызылордада шетелдермен тауар қатынасы жыл сайын артып келеді. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы жобалар сыртпен байланыстың жаңа көздерін ашуда. Бір ғана “Батыс Европа-Батыс Қытай” автожолының 800-ден аса шақырымын құрайтын бөлігі облыстың барлық аудандарынан дерлік өтеді. Ал бұл жол құрылысы қажетті тауардың да, арнайы техниканың да тасқынын молайтуда. Мұнан басқа, жергілікті шикізат өнімдерін өңдеу мен ұсынуға арналған бизнес жобалар да жеткілікті. Міне, осындай ірі шаралардың салмақты жүгін жеңілдетуге елеулі үлес қосатын жаңалық – Арал және Шиелі аудандарының орталығындағы кеден бекеттерінің автоматтандырылуы. Бұған дейін бұл бекет қызметкерлері жергілікті кәсіпкерлерге кедендік ресімдеу және бақылау амалдары бойынша кеңес беріп қана келсе, енді олардың тауарын облыс орталығына тасымай, осы жерде ресімдейтін болады. Жаңақорған, Шиелі аудандарының кәсіпкерлері Шиелінің орталығындағы, ал Қазалы мен Арал ауданының сыртқы елмен тауар қатынататын тұлғалары Аралдың орталығындағы кеден бекеттерінен тауарын ресімдеп, келген жүкті бірден өз өндірісіне орналастыратын мүмкіндік алды. Кедендік ресімдеу мен бақылау амалдарын жетік меңгерген қызметкерлер осы бекеттерде алғашқы ресімдеу амалдарын жасап та үлгерді. Шиеліліктер кен орнынан алынатын сұйық натрды экспорттаса, қазалылықтар импортталатын құрылыс материалдарын өткізіп жатыр.
Кеденшілердің алдында және бір міндет – ресімдеудің тиімді амалдары мен әдістерін пайдалану туралы оларға кеңес беру, насихат жүргізу тұр. Көп ұзамай, елдегі кәсіпкерлер елеулі жеңілдікті сезінетін болады.
Ең бастысы, жергілікті кәсіпкердің уақыты мен қаржысы үнемделетін болды.
Еркін ӘБІЛ, ҚЫЗЫЛОРДА.