Академик Төрегелді Шармановтың 12 наурыз күні «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Құндылықтардың құлдырауы» атты мақаласы шыққаннан бері осы тақырып төңірегінде қаншама ойлы үнқатулар жарық көрді десеңізші. Бұл қоғамда ұлт, ел-жұрт мүддесіне деген жауапкершіліктің бар екендігін көрсетеді. Көпті көрген зиялы, ғалым ағамыз адамға тән құндылықтардың құлдырауын ашына жеткізсе, оған үн қосып жатқан белгілі азаматтардың шынайы толғаныстары көтеріліп отырған мәселенің маңыздылығының дәлелі. Оқыр көз, түсінер сана болса, аз айтылып жатқан жоқ. Осылардың ішінде менің айтайын дегенім мына мәселе еді.
Еліміз егемендігін алып, одан бергі ес жию кезеңінен өткеннен бері жергілікті жерлерде азаматтарға мәслихаттардың шешімімен ауданның, облыстың «құрметті азаматы» деген атақ берілуде. Өзінің мәні бойынша ол туып-өскен өлкесіне, еліміздің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз еңбегі сіңген, мемлекеттік орден, медальдары бар, ең бастысы – халық өте құрметтейтін тұлғаларға берілуі керек.
Басқа жерді қайдам бізде осы атақтың абыройы әбден түсіп болды. Оның құнын кетіріп жатқан ешкім емес, өзіміз. Осыдан 5-6 жыл бұрын бір мезетте 30-ға жуық адамға «ауданның құрметті азаматы» атағы беріліп кетіп, арты үлкен дау-дамайға ұласты. Сол «құрметтілердің» ішінде жұмыс істеп жүрген мектеп директорлары, ауданның полиция бастығы секілді шенділер де болған. Өкінішке қарай, әлгі атақты иеленген жекелеген азаматтар кейіннен істі болып сотталып, алған атақтарынан айырылып жатты. Осы жағдай сабақ болса, кәнекей.
Бұдан бір-екі жыл бұрын тағы да өзіміз танитын жап-жас кәсіпкер жігіттер жанталасып осы атаққа таласқанда көп адам жағасын ұстады. Міне, бұл жағымсыз жағдайдың өзі де ар-ұятты сақтау, қоғам, халық алдындағы орнымызды білу, қарапайымдылық деген қасиеттердің құлдырағанын көрсетеді. Алдағы уақытта ауданның, облыстың «құрметті азаматтары» атағын беруде жасқа, қызметке байланысты шектеулер қою қажет. Ерен, жанқиярлық ерлігі болмаса, 30-40-тағы даңққұмарларға оны алуға мүлдем тыйым салу керек деген пікір көп айтылуда. Сонымен қатар, жергілікті жерлердегі бас ауруға айналған оны бекітуді қоғамдық ұйымдар мүшелерімен кеңейтілген бір ғана органның, не әкімдіктің, не мәслихаттың құзыретіне беру қажет деп ойлаймын. Сонда ғана бұрынғысынан да көбейгелі тұрған атаққұмарлық деген дерттің алдын ала аламыз. Мақтаншақтық дертін Абай бабамыз әжуалағаннан бері қанша уақыт өтсе де осы бір жағымсыз қасиеттің қазақтан әлі де болса қалмай келе жатқандығы бәрімізді ойландыруы тиіс.
Мұратбек ДӘКЕНҰЛЫ,
ұстаз, Қазақстан Республикасы
білім беру ісінің үздігі.
Жамбыл облысы,
Т.Рысқұлов ауданы,
Құлан ауылы.