Үстіне бір шелек су құйсаң да құрғақ шығатын атақты Остап Бендердің ағайындары Шымкентте бой көрсете бастады. Олар әлдебір тұтынушылар одағының атын жамылған қоғамдық бірлестіктердің куәлігін жан қалталарына салып алған. Аңдитындары – шағын кәсібі бар кәсіпкерлер. Баспалап келеді. Өктем сөйлейді. Келісімшартқа тұрып ақша төлеуді талап етеді.
Басынан бастайықшы. Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасына Шымкенттің тұрғыны, шағын кәсіпкер Айнұр Бесбаева өз басынан өткен ахуалды айтып шағынады. Шағын дүкені бар. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп, тағдырына шүкіршілік айтып жүрген.
Бір күні дүкеніне сып етіп алты бірдей әйел, еркегі аралас топ кіріп келеді. Тұтынушылардың құқығын қорғау орнынанбыз деп сендіреді. Куәліктерін көрсетеді. «Құқығыңды қорғаймыз, мемлекеттік органдар арасындағы туындаған проблемаларды ың-шыңсыз шешіп береміз», дейді. Былай айтқанда, төбесінен су өтпейтін берік шатыр.
Айнұр сенеді. Келісімшартқа отырады. Сұраған ақшасының жартысын сол жерде қолма-қол санап береді. Кейінірек тексерушілер келе бастағанда әлгі «крышаларына» телефон шалмай ма?! Телефондары өшірулі, жұмыс орнының телефоны да үнсіз.
Арада біраз уақыт өткен соң ерлі-зайыпты құқық қорғаушылар келген. Келісімшартқа отырып, ақшасын төлесе санитарлық-эпидемиологиялық станса, салық органдары сияқты қазыналық органдарда туындаған мәселені шешіп береді екен. Алғашқыдан аузы күйген Айнұр Бесбаева үміттендірмей шығарып салады.
Үшіншісі бұл жоқта дүкенге келіпті. Сатушы қыздар абыржып әлгіні телефонға қосады. Шаңқылдап тұрып ұрысыпты Айнұрға. «Егер менімен жұмыс жасамайтын болсаң, тұқымыңды тұздай құртамын, мемлекеттік органдардан тексеру ұйымдастырып, дүкеніңді жаптырамын».
Айнұр қулыққа басып: «Тұра тұрыңыз, қазір сізбен сөйлесетін жауапты органның адамы барады», деген екен, әлгі жер тепсініп тұрған дереу тайып тұрыпты.
Облыстың кәсіпкерлер палатасында өткізілген баспасөз мәслихатында департаменттің әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің жетекшісі Тимур Нақыпбеков Айнұр айтқан проблеманың жалғыз оқиға еместігін жеткізді. Мысықтабандаған құқық қорғаушылар заңгерлері бар үлкен бизнес орталықтарына бармайды екен. Олардың аңдығаны бейнекамерасы жоқ шағын дүкен, шағын дәріхана, жол бойындағы будка-дүкен. Суыт кіреді, бұйырғанын алып тайып тұрады.
Кәсіпкерлер палатасына Кентау қаласынан оншақты шағын кәсіпкерлер қол қойған арыз түскен. Тұтынушылар одағынанбыз деп күшеніп келгендер дүкен сөрелерін аралап, тауарлардың сақтау мерзімін тексерген. Соңы: «Біз тұрғанда ешкім бетіңе жел болып тимейді, келісімшартқа отырып ақша төлеп тұрсаң болғаны», деген уәж.
Осындай оқиғалар Сайрам, Бәйдібек аудандарының шағын кәсіпкерлерінде де кездесіпті. Тимур Нақыпбеков журналист ағайындардан көмек сұрады. Әр аудан, қалада прокуратураның жанында кәсіпкерлік палатасымен бірлескен жедел топ бар. Қоңырау түскен мезетте алаяқтарды тұяқ серпуге мұршасын келтірмей ұстайды. Әзірге олар аман жүр. Оңтүстікте біреудің бизнесі үстінен жонып жеу оқиғалары осылайша көбейіп тұр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
ШЫМКЕНТ.