• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2015

Атыраудың Индер ауданында «бір терезе» орталығы ашылды

352 рет
көрсетілді

АТЫРАУ. 24 ақпан. Атырау облысының Индер ауданында «бір терезе» әдісімен кәсіпкерлерді қолдау орталығы ашылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Индер ауданында кәсіпкерлікке бет бұрушылар, олардың арасында жастардың үлесі молая түсуде. Аудан әкімі Серік Арыстанның айтуынша, өткен жылы ауданның 70 тұрғыны кәсіпкерлікті бастауға 212 миллион теңгенің несиесін алыпты. Мұнда тұрғындардың экономикалық белсенді үлесі 17 мың адамды құраса, олардың 10,2 пайызы шағын және орта бизнесте еңбек етеді. Өткен жылы кәсіпкерлік нысандарынан жергілікті бюджетке 172 миллион теңге көлемінде салық түсіпті. Енді мұнда кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ашылған «бір терезе» әдісімен кәсіпкерлерді қолдау орталығы жұмыс жасай бастады. Бұл орталықтың көмегіне алғашқылардың қатарында жас кәсіпкер Ренат Мырзағалиев жүгінді. Оның былтыр мал өсіру бағытында ашқан шаруашылығында 80-нен астам қой бар. Ендігі жоспары – жылқы өсіру. Осыған байланысты жер алуды көздепті. «Бұрын қандай да бір құжатты ресімдеу үшін түрлі мекемелердің есігін қағушы едік. Тіпті облыс орталығына баруымызға да тура келетін. Енді міне, сондай шаруаларымыздың бәрі бір орталықта шешілетіндігі қуантады», дейді жас кәсіпкер Ренат Мырзағалиев. Кәсіпкерлерді қолдау орталығында шағын және орта бизнесті бастауға, дамытуға байланысты және бизнес-жоспар құру, заң, қаржы, бухгалтерлік есеп-қисап, кәсіпкерлер құқығын қорғау мәселелері жөнінде кәсіпкерлер палатасының, «Даму» кәсіпкерлікті қорының, аудандық әкіміктің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің, Халық банкі мен халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары мен кеңесшілері тегін кеңестер береді. Сонымен бірге, мұнда өз ісін бастағысы келетіндерді кәсіпкерліктің негіздеріне оқытатын «Бизнес мектебі» ашылмақ. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек, сурет: Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы.