• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өнер 07 Қаңтар, 2026

Әзизаның дебюті

20 рет
көрсетілді

Алдағы 16 қаңтарда «Астана Опера» театрында италиялық композитор Джоаккино Россинидің «Жібек саты» комедиялық спектаклі қойылады. Осындағы бас кейіпкер Джулияның партиясын – қойылымға шақырылған халықаралық байқаулардың лауреаты Әзиза Омарова орындайды. Бұл бейне оның дебюті болмақ.

Бір жағынан, талантты жас өнерпазға елордалық бірегей театрдың сахнасы бөтен емес. Ол осындағы балалар студия­сында оқыған. Сондай-ақ «Тоска», «Богема», «Турандот» сынды бірқатар операларда өнер көрсеткен.

– Музыка мектебінің вокал сыныбын бітірдім. Содан кейін анам мені «Астана Операның» хор студиясына берді. Осын­да алғаш рет опера әлемімен жақын таныс­тым. Ұстазым Алтынғаным Ахме­тованың жетекшілігімен бірнеше қойылымға қа­тыс­тым. Театр примасы Жұпар Ғабдуллинаның орындауындағы Турандоттың «In questa reggia» ариясын алғаш рет онымен бір сахнада тұрып естідім. Бұл – мен үшін жарқын естелік болып қалды. Шынымды айтсам, Пуччини музыкасының әсемдігі, ор­кестрдің ауқымдылығы мен режиссерлік қойылымның керемет үйлесімі мені ерекше сезімге бөледі. Көзіме жас алдым. Осы сәттен опера театрына деген махаббатым ояна бастады, – деді опера әншісі.

Әзиза Омарова – Ита­лияның Новара қала­сындағы Гвидо Кантелли атындағы мемлекеттік музыкалық консерваториясын тәмамдаған. Қазір ол Дж.Верди атындағы консерваторияның магис­тратурасында білім алып жатыр. Сонымен бірге дарынды өнерпаз Италияның Чивитанова-Марке қала­сын­дағы Дж.Россини театрында В.А.Моцарттың «Бәрі осылай жасайды» операсында Деспинаның, Комо қала­сын­дағы қоғамдық театр сах­на­сында А.Баццинидің «Ту­ранда» операсындағы Адель­­маның партиясын сом­даған.

Айта кетейік. «Piccolo» театры танымал жобасы ая­сында «Жібек саты» операсы елордалық өнер ордасында 2019 жылдан бері табысты қойылып келеді.

Соңғы жаңалықтар