Құрдымға кеткен «Валют-Транзит Банк» акционерлік қоғамының салымшылары бес миллион теңгеге дейінгі сомадағы ақшаларын қайтарып алатын болды. Бұл соманы төлеуді «Депозиттерді кепілдендірудің қазақстандық қоры» АҚ өз міндетіне алып отыр. Өтінімдер ағымдағы жылдың 10 тамызынан қабылдана бастады.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» РММ Қарағанды филиалының баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, тамыз айынан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, шарттық міндеттемелерді қорғауды кепілдендіру және оларды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы күшіне енген. Осыған сәйкес, кепілдік өтеулерін алу үшін салымшылар жарты жыл ішінде төлемші банк-агент болып табылатын «БанкЦентрКредит» акционерлік қоғамының кез келген бөлімшесіне хабарласа алады.
Ал бес миллион теңгеден асатын салым сомасының қалдығы мен оған тиесілі сыйақыны «Валют-Транзит Банк» АҚ тарату комиссиясы төлейтін болады.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.