АСТАНА. 12 тамыз. Қызылорда облысындағы Арал ауданы «Аралтұз» акционерлік қоғамына Парламент Мәжілісінің депутаттары жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Депутаттар ас тұзын шығаратын зауыттың жұмыс барысымен танысты. Онда атқарылып жатқан ауқымды шаруаларға қанығып, жұмысшылармен кездесті.
Акционерлік қоғам республикадағы тұз қазу мен оны өңдеу бойынша ең ірі кәсіпорын болып табылады. Зауыт жыл бойы, үздіксіз жұмыс істейді. Мұндағы тұз қазу, оны өңдеу, қалталау, тасымалдау жұмыстарын кәсіпорын қызметкерлері жұмыла атқарады. Депутаттар тұз шығаратын өндіріс орнының барлық бөлімін аралап, жұмысшылармен өзара әңгімелесті.
«Аралтұз» компаниясының президенті Айдынбек Тауасаров меймандарды зауыттың тыныс-тіршілігімен таныстыра отырып, алдағы уақытта комбинат жанынан бір цех ашуды жоспарлап отырғанын айтты. Ол үшін арнайы құрылғылар да әкелініп қойған. Осы жылы лентасын қиюды межелеген жаңа цехтың жұмысы өрге басса, 200 қызметкерге арналған жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Парламент Мәжілісінің депутаттары Құттықожа Ыдырысов пен Бақытбек Смағұл осыдан бірнеше жыл бұрынғы өндіріс ошағында қазірмен салыстырғанда үлкен өзгеріс бар екендігін, қайта жаңғыртылғаннан кейiн тұздың сапасы айтарлықтай артқандығын айтып, өндіріс жұмысына оң бағаларын берді.
Талғат Райымбек.
Дерек, сурет: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.