• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Тамыз, 2015

Футбол. «Барселона» УЕФА Суперкубогын бесінші рет иемденді (видео)

373 рет
көрсетілді

АСТАНА. 12 тамыз. Өткен түнде Грузияның астанасы – Тбилиси қаласында футболдан УЕФА Суперкубогы үшін ойын ойналды. Бұл сында Испанияның екі бірдей командасы «Барселона» мен «Севилья» сынға түсті. Аса тартысты өткен кездесуде каталониялықтар 5:4 есебімен жеңіп, клуб тарихында бесінші мәрте УЕФА Суперкубогын иемденді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Матчтағы алғашқы гол бар болғаны 3-минутта тіркелді. Оның авторы «Севилья» ойыншысы Эвер Банега. Бірақ севильялықтардың бұл басымдықты 4-ақ минут ұстап тұруға шамалары жетті. Яғни, 7-минутта «Барселона» шабуылшысы Лионель Месси мергендігімен көзге түсті. Ал 16-минута ол дубльдің авторы атанды. Үзіліске бір минут уақыт қалған кезде Каталониядан келген команда есепті өз пайдаларына 3:1-ге жеткізді. Бұл жолы доп Рафиньяның атына жазылды. Екінші тайм «Барселонаның» есепті еселеуімен басталды. 52-минутта Луис Суарестің тепкен добы қарсыластарының қақпасынан табылды. Осыдан кейін ғана «Севилья» жүйелі ойын өрнегін көрсетіп, жинақылық танытты. Нәтижесінде 81-минутқа дейін үш гол соғып, таразы басын теңестірді. Атап айтқанда, Антонио Рейес (57-минут), Кевин Гамейро (72-минут, пенальти) және Евгений Коноплянка (81-минут) командасына үміт сыйлап, жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Осылайша, негізгі уақыт 4:4 есебімен тең аяқталды. 15 минуттан тұратын қосымша екі таймның алғашқысында есеп өзгерген жоқ. Ал кездесудің аяқталуына 5 минут қалған кезде, яғни 115-минутта барселоналық Педро нәтижелі соққы жасап, жеңіс голының авторы атанды. Соған сәйкес, Тбилисидегі ойын 5:4 есебімен «Барселонаның» пайдасына шешілді. Аталған команда үшін бұл – бесінші УЕФА Суперкубогы. Мұндай көрсеткіш бойынша «Барселона» осы сайыста ең көп жеңіске жеткен Италияның «Милан» командасымен теңесті. Алғаш рет бұл кубокты 1992 жылы иемденген каталониялықтардың 1997, 2009 және 2011 жылдары да мерейлері үстем болды. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: uefa.com.