Елімізді мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі цифрлық форматқа көшіп келеді. eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы ел азаматтары 54 миллионнан астам мемлекеттік қызмет алған. Бұл халықтың цифрлық сервистерге сенімі мен сұранысының артқанын көрсетеді, деп жазады Egemen.kz.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің дерегіне сәйкес, отандық IT-қызметтердің экспорты шамамен 1 млрд АҚШ долларына жетті.
eGov пен Aitu қызметтеріне нөлдік тарифтеу енгізіледі
Соңғы жылдары ірі цифрлық жобалар жүзеге асырылып, саланың құқықтық негізі қалыптасты. Қазір елде «ALEM.AI» ұлттық жасанды интеллект орталығы жұмыс істейді.
2025 жылы Алматы мен Астанада қуаты шамамен 7,5 мегаватт болатын екі деректерді өңдеу орталығы іске қосылды. Алдағы уақытта тағы үш дата-орталық ашу жоспарланып отыр, олардың жиынтық қуаты 13 мегаваттқа жуықтайды. Бұл Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын нығайтуға мүмкіндік береді.
Интернетке қолжетімділік те кеңейіп келеді. Қазірдің өзінде 2,5 мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған. Биыл тағы екі мыңға жуық елді мекен ғаламторға қосылмақ. Бұл ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты азайтып, электронды қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Айтпақшы, өткен айда Премьер-Министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев электронды үкімет порталының жаңа нұсқасы дайын екенін мәлімдеген болатын.
Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин eGov сервисінде азаматтардың парламенттік жүйені жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын жинау ұйымдастырылғанын хабарлаған.