ҚОСТАНАЙ. 24 ақпан. Қостанайда «Мен денсаулықты қалаймын» атты желаяқтар жарысы Жеңістің 70 жылдығы мен Кеңестер Одағының батыры Сұлтан Баймағанбетовтың туғанына 95 жыл толуына арналды. Бұл туралы ng.kz хабарлады.
Жарыс соңында ұйымдастырушылар қатысушылардың барлығының жүгірген жолын есептегенде, Сұлтан батыр туған Әулиекөлден ол қаза болған Ленинград облысындағы Синявино поселкесіне дейінгі аралықпен бірдей, яғни 2 878 шақырым болады екен. 2 шақырым, 5 және 10 шақырымдық жарысқа барлығы мың қаралы адам қатысты. Оны «АгромашХолдинг» зауыты, Қостанай қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі мен облыстық бокс федерациясы қолдады. Екі шақырымға негізінен мектеп оқушылары, бес шақырымға студенттер, ал он шақырымға спорт ардагерлері мен кәнігі желаяқтар жүгірді. Олардың арасында «АгромашХодинг» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алексей Сидоренко да бар.
Алексей Сидоренко: «Мен екі жылдан бері триатлонмен айналысамын. Бұл спорт түрі жүгіру, суда жүзу және велосипед тебуді қамтиды. Қазір триатлон құлашын кең жайып келе жатқан спорт. Тарихи оқиғаны спортпен байланыстырғанымыз қандай ғанибет. Батырларға тағзым, әрі денсаулық» деді.
Аппақ қардың үстінде жүгіріп келгендерге «Комильфо» шатханасының қызметкерлері ыстық шай мен жұмсақ нан ұсынды. Далаға дастархан жайды. Онда «Қазақстанда жасалған», «Шоколадница» өндірген» деген жазулар мен мұндалап тұрды.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: ng.kz.